20 Қазан 2015, 08:46
Ертеде қалмақтар тоқалдыққа күң етіп, Сатқан деген сұлуды алты айлық іште қалған баласы аяғы ауыр күйінде бірге алып кететін көрінеді. Тобықты ішінде Көтібар батырдың тоқалы қалмақ еліне күң болып Сатқан сұлу барғаннан кейін ханның бәйбішесі қазақтың сұлу келіншегі ноқталаған тайлақтай тұрса басқа, отырса орыннан тұрғызбай, от жағып, қазан асып, ас-судың соңына салып қояды. Сөйтіп жүргенде әйтеуір аман-есен босанып, бір ұл бала туады. Анасы: «Қапылыста туған нәрестем едің, арғынның әруағына сиындым, егер аман болып өсірсем, туған елін, ағасын және тобықты руын іздеп табар», – деп баланың атын Қапал қояды. Баланы да шешесімен бірге от жаққызып, су әкелгізіп, жеті-сегіз жасына дейін шешесінің тәрбиесін көрген бала күнде анасының алдында отырып, «Елім- ай» деген өлең тыңдап, қазақша тілі шығады. Анасының сүтімен қоректенген бала үлкен болып, дембелше батыр келбетті өседі. Баланы бұзау баққызады. Он үш-он беске келгенде жылқы бағуға жібертеді. Шешесі Сатқанның сұрауы бойынша бай тоқалының айтқанын екі қылмай Қапалды батырлар арасына жылқы бағуға жібереді. Міне, осылай Қапал өсіп, ер жете келе шешесіне келіп ақылдасады. Сонда екеуі таудың етегінде отырып: «Осы Алатаудың ар жағында сенің елің жетпіс үй тобықты бар. Онда туған ағаң бар, сол ағаңды барып тауып ал», – деп Қапалдың құлағына салып, есіне түсіре береді.
Бір күні шешесі Сатқан отырып Қапалға: «Жылқыдағы буаз кер биені көрдің бе?» – дейді. Қапал: «Апа, мен ол биені күтіп, құлындатсам екен», – деп, шешесіне айтатын көрінеді. Сол кер биеден кер құлын туады. «Сол құлын өскесін өзің ат қылып мініп, мына таудың ар жағындағы еліңді табасың, құлыным, құлыншағым Қапалым», – деп елін, жерін, жұртын сағынып, анасы ботадай боздап жылай береді. «Апа, апатайым, жыламашы. Мен өскеннен кейін сені тастамаймын, бірге алып кетемін. Ел, жұртыма кетем», – дейді Қапал.
Қапал да өседі, жігіт болады. Анасы күннен-күнге қуанады. Анасына кер биеден туған кер құлынды ат қылып мініп келеді. Жетекке алған байдың жүйрік атын шешесі Сатқанға әкеледі. Бірақ шешесі: «Мен бармаймын, егер мен кетсем, мына қалмақтар бұзық шығарады. Сен өзің мына асудан асып, білгізбей өзің осы түріңмен еліңе аттанып бар. Қару-жарағыңды мен дайындап қойдым. Қылыш, мылтық сайманың, садағың дайын. Әкеңнің әруағына сиын. Алла жар болса, еліңді табарсың. Сары батыр ағаңа жетерсің».
Сары батырды тобықты руы Сары мырза деп атайды екен. Бұл кезде жетпіс үй тобықты мен матай руы жауласып, Қисық бидің тұсында еліне Қисық хан атанған матай руы тобықтыны Қапал тауынан қуып, Аягөз өзенінің бойымен жарма Шыңғыстау, Қарауыл, Жидебай, Ақ келін, Қамбар батырдың жері Абыралы жерінде жетпіс үй тобықты бір ата қарауыл атанады екен. Қапалдың туған ағасы Сары батыр сонда болады. Қапал батыр іздеп келсе, елі орнында жоқ, орнын сипалап, матай руларының кәрия ақсақалдарынан ағасының жөнін сұрап, ағасын іздеп Шыңғыстауға, Аягөз, Жарма, Ертіс өзеніне қарай шаба жөнеледі. Біраздан кейін жолаушылар Сары ағасының үйін табады. Келсе ағасы ұйықтап жатыр екен. Атын ат байлауына байлап, қару-жарағын, садағын кереге басына іліп, Қапал да ағасының жанына ұйықтайды. Жеңгесі Қапалды көрісімен таниды. Екеуі қатар ұйықтап жатыр. Сарыдан Қапал аумайды. Сары ояна келіп, інісін танып «ой, бауырымдап» екеуі бірін- бірі құшақтап көріседі. Шешесі Сатқанның хал-жайын айтып, тірі екенін білдіреді. Сөйтіп ағалы-інілі екеуі Сары батыр мен Қапал батыр қалмаққа қайтадан шауып, соғыс ашып, қалмақты жеңіп, қазаққа жеңіс әпереді. Шешесі Сатқанды күңдіктен босатып, еліне әкеледі. Дерегес тауының бір шоқысы сол кезден бастап Қапал батырдың атына қойылып, Қапал тауы атанады.
Әзірлеген: Досжан Мейірім