29 Маусым 2015, 08:53
Түркі тіліне «қанжар – атауы араб тілінен ауысқан. Жауынгерлік құрал ретінде кесу қаруының бұл түрі көшпелі халықтарда б.з. дейінгі І мыңжылдықтан қолданыла бастады. Сақтар қолданған басы түзу, екі жүзді, қысқа, кесу-сұғу арқылы зақым салатын қару түрі «акинак» деп аталған. Кейін бұл қарудан ұзын басты, екі жүзді семсерлер дамып шықты да, бастары қысқа кесу қарулары – қанжар мен пышақ көшпелі жауынгер үшін соғыста көмекші қаруларға, ал тұрмыста күнделікті қолданатын қару түріне айналды. Сондықтан орта ғасырлардағы түркілердің қанжарлары сол кездегі ұзын семсерлердің формасын кішкене түрде қайталады. Қанжарды қазақтар XX ғасырға дейін қолданып келді. Қазақ қанжарының басы жетесімен бірге болаттан соғылып, сабы сүйектен, мүйізден, ағаштан жасалды. Өткен ғасырларда қазақтарда сабының, басының және жүзінің формасымен айырықшаланатын қанжарлардың бірнеше типтері мен нұсқалары болды. Қазақ қанжарларының бастары ұзындығы жағынан әртүрлі болып келеді және қанжарлардың ішінде басы екі жүзді де, бір жүзді де түрлері кездеседі. Қазақ қанжарының кейбір типтеріндегі сабының, жүзінің формасында сармат, түркі заманындағы қанжарлар саптарына ұқсас кейбір көне формаларды және көрші халықтардың қанжарларының (мысалы Кавказ қанжарларының) ықпалын да көруге болады. Қанжарды арнаулы қынына салып, белге іліп жүрді. Қанжар қындары ағаштан жасалып, терімен қапталды, кейбірінің, теріден немесе металдан жасалып, түрлі әдіспен (бедерлеу, қырнау, баспалау) өрнектелген мойнағы және түбегі болды, түп жағы тері алақанмен бітіп, мойнағына белге ілуге арналған жалпақ қайыс ілгек тағылды. Жауынгерлік қаруды киелеу барысында көшпелі халықтарда қанжармен байланысты түрлі магиялық түсініктер мен сенімдер пайда болды. Жауынгердің жанында, белдікте тұрақты ілініп жүретіндіктен қазақтар ертеде қысқа кесу қарулары – қанжар, пышақтарда батырдың жаны орналасады деп сенген. Ертегілерде зұлым күштер батырды өлтіру үшін оның қанжарын ұрлап алып, сындырып, суға тастайды, ал қорғаушылар қанжарды судан алып, тоттан тазартып, отқа қыздыру арқылы батырды тірілтіп алады, яғни батырды қайта тірілту үшін оның жаны орналасатын қаруды қайта соғу ырымын қайталайды. Ертегілерде дос немесе бауырлас батырлар айырылысқанда бір-біріне қанжарларын беріп кететіні, қанжарда болған өзгеріске сәйкес батырлар бір-бірінің сау екенін, әлде бір қатерге ұрынғанын немесе өлгенін болжап біліп отыратыны да айтылады. Ер адамның тұрақты қажеттілігін қанағаттандыратын, күнделікті қолданысында болатын қару ретінде қанжар дәстүрлі мәдениетте түрлі символдық мәнге де ие болды. Қазақтардың халық мәдениетінде қанжар жеті қазынаның біріне жатады да, қанжар жігіттің батырлығын, қайсарлығын символдады. Қазақтар қанжарда жігіттің күші болады деп санайды.
Әзірлеген: Досжан Мейірім.