«Антына адал – Ұлттық ұлан» ансамблінің гала-концерті өтті

Кеше, 20:12 194

10 қаңтар – Қазақстанның Ұлттық ұланының құрылған күні. Ұлттық ұлан – мемлекетіміздің қорғаныс күштерінің ажырамас бөлігі, оның құрамында қызмет ететін әскери қызметшілер еліміздің тыныштығын сақтап, қоғамдық тәртіпті қорғауда маңызды рөл атқарады. Осыған орай «Антына адал – Ұлттық ұлан» ансамблінің гала-концерті өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Биыл – әскери құрылымның жасақталғанына 33 жыл. Қазір Ұлттық ұланда 13 мың 500-ге жуық әскер мерзімді қызмет атқарады. Оларға қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, мемлекеттік нысандардың қауіпсіздігі және қарулы қақтығыстарды болдырмау сынды маңызды міндеттер жүктелген.

ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Ниязтай Әлкешев Ұлттық ұланның құрылу тарихына және еліміздегі ішкі әскердің әлеуетіне тоқталды.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алғаннан кейін жиырма алты күннен кейін осы ішкі әскер 1992 жылы 10 қаңтарда құрылды. Содан осы әскерімізде біраз өзгерістер болып, сол өзгерістердің арқасында 2014 жылдың 21 сәуірінде Ішкі әскерлер Ұлттық ұлан болып қайта құрылды. Ал 2015 жылы «Ұлттық ұлан туралы» заң күшіне енді. Ұлттық ұланның тарихы 1992 жылдан бастау алады. Бүгін Ұлттық ұланға 33 жыл толып отыр, - деді полковник Ниязтай Әлкешев.

Полковниктің сөзінше, қазіргі таңда Ұлттық ұланда көп өзгерістер болып жатыр. Жаңа техникалармен толығып, жаңа қару-жарақтармен жаңартылуда.

Қазіргі Ұлттық ұланның атқарып жатқан жауынгерлік қызметі өте күрделі. Еліміздің әрбір қаласындағы қоғамдық тәртіпті сақтаудағы Ұлттық ұланның қосып жатқан үлесі өте мол деп есептеймін. Бүгінгі күні Ұлттық ұланның сарбаздары күнде қоғамдық тәртіпті, басқада аса маңызды мемлекеттік нысандарды күзетуде. Бұдан өзге де нысандарды күзетуде қарумен шығады. Күнде жауынгерлік қызметті орындауда жауынгерлер өздерінің ерліктерімен, қырағылықтарын осы күнге дейін көрсетіп келе жатыр. Қаншама біздің сарбаздарымыз, офицерлеріміз және шартты қызметші әскери қызметшілер орденімен марапатталды, - дейді ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Ниязтай Әлкешев. 

№6636 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Нұрлан Башенов Ұлттық ұланның құрылғанына 33 жыл екенін тілге тиек етіп, барлық әскери қызметшілердің осы күні салтанатты іс-шарасы өтетінін айтты.

Үздік әскери қызметшілерді біз марапаттаймыз. Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығымен және әскери бөлімдерде бөлім командирі өзі үздік әскери қызметшілерді марапаттайды. Күн сайын бізде екі мыңнан астам сарбаздар жауынгерлік қызметке түседі. Өздерінің қызметтерін абыроймен атқарады. Сол абыроймен атқарған кезінде көп жағымды мысалдар да бар. Сол жағымды мысалдарды ай сайын қорытындылап, осы үлкен мерекелерде біз оларды марапаттаймыз, - деді подполковник Нұрлан Башенов.

Сондай-ақ ол Ұлттық ұланға мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдай барын тілге тиек етті.

Әскери қызметшілер жақсарып келе жатыр. Осы жылдан бастап әскери қызметшілер мен офицерлердің, келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің жалақысын 23 және 32 пайызға көтеріп жатыр, - дейді №6636 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Нұрлан Башенов.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: