Антикор денсаулық сақтау саласындағы мекемелерді тексеруді бастады

4 Қазан 2023, 16:53 929

Денсаулық сақтау саласында жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі денсаулық сақтау саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдауды бастады. Талдау шеңберінде медициналық бұйымдарды сатып алу, ауруханалар мен емханаларды салу және жөндеу, сондай-ақ медициналық мекемелер қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу қоры және «СҚ-Фармация» ЖШС қызметі мәселелері зерделенетін болады.

Талдау Агенттіктің, Денсаулық сақтау министрлігінің, мүдделі мемлекеттік органдардың қызметкерлерімен және азаматтық қоғам өкілдерімен жүргізілетін болады.

Сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет азаматтарды талдауға қатысуға шақырады.

Егер Сізде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы ақпарат болса немесе денсаулық сақтау саласын жетілдіру бойынша ұсыныстар болса оларды электрондық поштаға жіберуіңізге болады abdrakhmanov.n@antikor.gov.kz.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: