Антикор Ақтөбе облысы әкімдігінің былығын ашты

22 Тамыз 2023, 16:30 1202

18 тамызда Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Халық үнінің хабарлауынша, жиын барысында өңірлік Антикор жергілікті атқарушы органдарды бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланғаны үшін қатаң сынға алды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері бойынша экология, жолаушылар тасымалы және құрылыс салалары сыналды.

Атап айтқанда, экология мәселесінде: қала тұрғындары үнемі сезінетін сасық иіс көздерінің бірі, қала шегіндегі бұрынғы ет комбинатының аумағында жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен заңсыз ұйымдастырылған «Ақтөбе» БН компаниясының алкоголь қалдықтары екені анықталған. Бұл ретте 2019 жылы осы қалдықтарды микробиологиялық зерттеуге облыс бюджетінен 23,5 млн теңге бөлініп, игерілген. Бірақ бұл мәселені шешу үшін ешқандай пайда әкелмеген.

Алкоголь қалдықтары уақыт өте келе өздігінен ыдырайтын органикалық қосылыстар екендігін ескере отырып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әкімдікке осы бассейндерді жер топырағымен қарапайым көміп тастау мәселесін қарауды ұсынды. Бұл қала тұрғындарын желдің әсерінен болатын жағымсыз иістен арылтады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің сын аймағында қалған келесі сала – әлеуметтік маңызы бар ауданаралық жолаушылар тасымалын субсидиялау.

Мониторинг барысында ауданаралық автобус рейстерінің жартысына жуығы нақты кестені ұстанбайтыны және рейске салонды жолаушылармен толтырған кезде ғана шығатыны анықталды. Мысалы, Ақтөбе қаласы мен Байғанин ауылы арасында күн сайын екі бағытқа екі рейс қарастырылған. Бірақ, шын мәнінде, тек бір рейс орындалады, ол да күн сайын емес. Бұл ретте ауданаралық маршруттардың кейбір автобустарының тозу деңгейі жолаушылар қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретін рұқсат етілген нормалардан асып түседі.

Осыған байланысты кейбір ауданаралық жолаушылар тасымалын субсидиялаудың негізділігі мен тиімділігі туралы мәселе туындайды. Мысалы, Ақтөбе – Хромтау бағыты бойынша биыл субсидиялаудың көлемі 2 есе негізсіз асырылған. Осылайша, қатаң кестелері жоқ, физикалық және моральдық тұрғыдан тозған автобустар адамдар үшін қолайсыздық туындатып, такси қызметін пайдалануға мәжбүр етеді.

Осыған байланысты, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына күнтізбелік жылдың соңына дейін осы бұзушылықтарды жою ұсынылды.

Сондай-ақ құрылыс саласы да Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ерекше сынына ұшырады.

Мониторинг нәтижесінде облыста салынып жатқан 75 нысанның тапсырыс берушісі Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы екендігі, олардың қазір 23 нысаны немесе 30%-ы сот істерінде, қаржыландырудың болмауы немесе үзілуі, ЖСҚ-ға сәйкес келмеуі және т.б. салдарынан проблемалы болып табылатынын анықтады.

Мысалы, өңірдің әлеуметтік маңызды нысандарының бірі – Шалқар қаласында салынып жатқан мектеп. Оның құрылысы 2018 жылы басталған және 2019 жылдың соңында аяқталады деп жоспарланған. Алайда жобалау қателіктерінің жиынтығы, мердігердің жұмыстарды адал атқармауы және тапсырыс берушінің келіспеушілігі құрылыс мерзімдерінің 5 жылдан астам уақытқа созылуына және жобаның 900 млн теңгеден 1,3 млрд теңгеге дейін қымбаттауына алып келген.

Осы мектептің құрылысын аяқтау үшін тапсырыс беруші 2022 жылы жаңа мердігермен шарт жасасқан. Алайда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жаңа мердігердің республиканың бірқатар облыстарында аяқталмаған құрылыс нысандарының арқасында күмәнді беделге ие екенін анықтады.

Сондай-ақ, облыстың 12 ауылында медициналық пункттер салуға бөлінген қаражат тиімді жұмсалмай отыр. Бұл ретте кейбір медициналық пункттердің бюджеті жергілікті жылжымайтын мүлік объектілерінің нарықтық құнынан едәуір асып түседі. Атап айтқанда, Мәртөк ауданы Байтұрасай ауылында медициналық пункт салу құны (272 млн теңге) аталған ауылдағы барлық 110 үйдің нарықтық құнынан асып түседі.

Сонымен қатар, Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған үстел теннисі орталығы мен оңалту орталығын салу кезінде бақылау функцияларын үшінші тұлғаларға негізсіз тапсырған. Аталған қызметтерге 2022 жылы бюджеттен 68,4 млн теңге бөлінген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияда Ақтөбе облысының Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тиімділігі мен ысырапшылдығын көрсететін басқа да фактілер айтылды.

Отырыс нәтижелері бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ақтөбе облысының әкімдігіне көрсетілген барлық фактілер бойынша қызметтік тексеру жүргізуді және барлық кінәлі лауазымды адамдарды атқаратын лауазымдарынан босатуға дейін қатаң тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы мәселені қарауды ұсынды.

Равиль Ашығали
Бөлісу: