Ант ішу

26 Тамыз 2014, 12:36

Ант – қоғамдық қатынастар жүйесін реттейтін ілкімді институттардың бірі. Осыған орай анттың құқықтық байланыстар саласындағы атқаратын өзіндік императивтік сипаттағы функциясы болады.

Ант – қоғамдық қатынастар жүйесін реттейтін ілкімді институттардың бірі. Осыған орай анттың құқықтық байланыстар саласындағы атқаратын өзіндік императивтік сипаттағы функциясы болады. Анттың құқықтық принципі ретіндегі ерекшелігі де осында. Сонымен бірге анттың әлеуметтік қатынастар саласындағы реттеушілік орны мен маңызы ерекше болады. Көбінесе тұлғааралық байланыстарды реттейтіндіктен бұл әлеуметтік деңгейдегі анттың функциясы моральдық-этикалық сипатта болды. Бірақ А.-тың тұлғааралық қатынастағы реттеуші функциясы белгілі бір ахуалға байланысты құқықтық мәнге ие болуы мүмкін. Дәстүрлі этномәдени орта болып табылатын көшпелі социумда анттың ғұрыптық және әлеуметтік функциялары синкреттік сипатта болды. Дегенмен, тұлғааралық қатынас ушыққан жағдайда әдеттік ғұрыптың нормалары мен принциптері қолданылады. Бұл жерде негізгі ілік болатын жайт: тұлғалардың арасындағы қабылданған А.-тың қандай жағдайға байланысты бұзылуы және оның салдары ескеріледі. Этнографиялық деректерге қарағанда, А., анттасу рәсімі көшпелі қоғамның тіршілігінде өзіндік рөл атқарған. А. берудің, анттасудың көшпелі этномәдени ортаға тән атқарылу реті болды. Сонымен бірге анттасу тәртібінің әртүрлі ахуалға және әрбір әлеуметтік саланың сипатына байланысты түрлері болды. Осыған орай, көшпелі ортада көп қолданылған құқықтық, магиялық, діни, «таза» этикалық, тұлғааралық сипаттағы анттасуды айтуға болады. Ескере кетер нәрсе – көп жағдайда аталмыш анттасудың түрлері бірін бірі өзара толықтырып отыратын синкреттік сипатта болды. Көшпелі ортада ең көп тараған анттасудың түрі ғұрыптық болды. Мысалы, ел өміріндегі қандай бір қысылтаяң елеулі оқиға кезінде екі адам бір-бірі үшін немесе жеке адам (кейде бір топ мүдделес жандармен одақтасып) қауымның игілігі үшін өз басын шын ниетпен құрбандыққа шалуға бел буып, магиялық стереотип сөздер айтып, егер А.-ты бұзса, осындағы шартқа сай қатаң жазалануды қалап, ар- найы ғұрыптық рәсімді атқарады. Осы ретте «айтылған сөз – атылған оқ» принципін ұстанған.

 

Ант беру. Билер сотында Құранға бас қойып ант беру.

ХIХ ғ.-дың 1870-80 жылдары. Жетісу өлкесі.

Ант берудің ең қасиеттісі де үлкені әрине, жеке тұлғалардың ел-жұрт, ру-қауым, хандар мен билердің алдындағы анты болды. А.-тың осы түрі этикалық прин- цип пен нормаларға негізделіп қана қойған жоқ, ғұрыптық сипат та алды. Бұл А. беру жосынының әлеуметтік пәрменін қамтамасыз етті. Мысалы, бағзы заманда батырлар жауға аттанарда бармағынан қан ағызып, соны ішіп Құран оқып, қара қой сойып, соның қанына найзаларының ұшын, бас бармақтарын батырып, оны маңдайына жағып: «Серттен таятын болсақ, қара қойдың қаны ұрсын» деп ант ететін болған. А. беру салты заман өткен сайын төлтума қалпынан алшақтап, қоғам талабына икемделді. Яғни батырлар бұрынғыдай бармағынан қан ағызу немесе қара қой сойып, қанына найзаның ұшын батыру рәсімін емес, енді семсерін немесе садағының адырнасын сүйіп А. берді, тіпті, кейбір адамдар моланың тасын бастарына көтеріп, қабірді айналып: «Антымыздан қайтсақ, қара тас бассын!» деп серттескендігі жөнінде дерек бар. Анттасқан адамдардың өзара астарына қара тас қойып А. бергені жөнінде де деректер мол кездеседі. Мұнысы егер антты бұзсам қара тастай қатып қалайын дегенді білдіргені. Осыған орай ХІХ ғ.-дың екінші жартысында Семей уезінде болған анттасуға байланысты бір жайтты мысал ретінде айтуға болады. Абайдың інісі Оспан мен оның қарсыласы Жиреншенің арасының ушығуына бай- ланысты соңғысының адамдары өз ортасынан Күнтуды болыстыққа сайлауға әрекет жасайды. Абайдың халықтың арасындағы орасан зор беделінен қорыққан бұл топ өзара ұйымдасады. Ұйымдастырушылардың бірі – Ербол. Болысқа сайлау науқанын өз пайдасына шешу үшін Ербол бастаған Жиреншенің адамдары өзара жасырын анттасады. Топтың атынан сөйлеген Ербол: «– Оның байлауын мен айтайын, тегіс қолымызға тас алайық. Осы уәдеден бұзылмауға, ешадамғаауызымызданшығармауғасертіміз осы болсын. Кім опасыздық қылса, қара тастай қатайық. Құдай аруаққа шек болайық деп төбемізге қолдағы тасты қояйық. Мен соған тоқтаймын, – дейді».

Көшпелілердің қоғамдық қатынастар жүйесінің ілкімді институттарының бірі – анда болу міндетті түрде екі жақтың анттасу рәсімі негізінде атқарылды (толығырақ қ. Анда).

Жоғарыда айтылғандай, қазақы ортадағы А. беру жосынының құқықтық қырынан басқа моральдық- этикалық пәрмені де үлкен болды. Тіпті, А.-тың сертке ұласуы да болып тұрды (толығырақ қ. Серт). Мұндайда А.-су ішу жосыны атқарылатын болған (қ. Ант-су ішу). Мәселен, бүгінгі қазақ бір жағдайға куәлік етерде сөзіне жұртты нандыру үшін «Көрсем көзім шықсын, естісем құлағым керең болсын!» деп күнделікті тұрмыста А. берісіп жатады. Бұл да белгілі дәрежеде А.-тың қарабайыр бір түрі және бұнда айтылған сөз де қарғыспен қабысып жатыр. Уәдеде тұрмайтын пәтуасыз жандарды халық антұрған деп атайды, ондайларды «Ант ұрсын!» деп қарғайды. Фольклорлық зерттеулерде А.-тың мәтіні қарғыс жанрымен ұқсас делінеді.

Әдеб.: Баллюзек Л.Ф. Народные обычаи имеющие, а отчасти и ныне имеющие, в малой киргизской орда силу закона // ТС. Т.76. СПб., 1873; Загряжский Г. Юридические обычаи киргизов. О народном судье у кочевого населения Туркестанского края по обычному праву (зань) // Материалы для статистики Туркестанского края. Ежегодник. Вып.ІV. СПб., 1876; Готовицкий М. Значение и обряд присяги у киргиз // ЮВ. Т.ХІХ. М., 1885; Вл. фон-Герн. Характер и нравы киргизов-казахов // ПКСемипО. Семипалатинск, 1899; Эрхэ-мэргэнь // Потанин Г.Н. Мон- гольские сказки и предания. Семипалатинск. 1919; Хазанов А.М. Обычай побратимства у скифов // СА. М., 1972. №3; Традиционное мировоззрение тюрков Южной Сибири. Новосибирск, 1989; Монгол ес заншлын их тайлбар толь. Уланбатар, 1992; Қазақтың мифтік әңгімелері. Алматы: Ғылым, 2001; Қазақ әдебиетінің тарихы. 1-том. Фольклор тарихы. Алма- ты: Қазақпарат, 2008; Ысқақов Ә.К. Абайдың өмір жолы // Абай туралы естеліктер. 1-кітап. Семей, 2010.

Ант ұрған  – ежелгі түсінік бойынша қасиетті антты бұзып, жазаға ұшырап, халық алдында масқараға душар болған опасыз жан. Дәстүрлі қоғамда қандай бір жағдайда ант бермеуге тырысқан. Егер, азамат ант берген жағдайда оны бұлжытпай орындауға тиісті болған. Ал, антын орындамаған адам ауыр жазаға ұшыраған, сол жазаның бір түрі – опасыз, пәтуасыз адам ретінде елден аластатылған. Кейде ондай адамдар антын бұзғаннан кейін бір жамандыққа кез болса, жұрт оны «ант ұрды», «ант атты» дейтін. Кейіннен, тілімізде антұрған ұғымы залым, жаман адам деген мағынаға ие болды.

Әдеб.: Вл. фон-Герн. Характер и нравы киргизов-казахов // ПКСеми- пО. Семипалатинск, 1899.

Ант мезгілі – Адам өмір сапарының ақырында болатын бұл түйінді кезді А. м. деп атаған. Дүниеден озар алдындағы науқас адамның жақын туысқандарымен қоштасу кезі, басқаша атаумен бақұлдасу, арыздасуы. Дәстүрлі түсінікте адам жанын Жаратушыдан аманатқа алады деп ұғынған. Ажал келгенде пенде Алладан ант беріп аманатқа алған жанды адал ұстап, түпкі иесіне таза қалпында тапсыру қажет деп ұғынған (қ. Бақұлдасу; Арыздасу).

Әдеб.: Ісләмжанұлы К. Қазақтың отбасылық фольклоры. Алматы: Арыс, 2007.

 

Анттасу. Суретші Е.Оспанұлы

Ант-су ішу – қандай бір уәдені, сертті, жауапкер- шілікті адам өз мойынына алу үшін жасалатын рәсім. Байырғы кезде ант берушілер айғақ ретінде адамның, одан кейінірек қара қойдың қанын, ислам діні күшейген соң Құран оқылған суды ішетін болған. Бастапқыда орыс отаршылардарына қарсы күресте қандай бір іс-қимылды ұйымдастыру мақсатында ақсақалдар ел азаматтарының бірлігін бекемдеу үшін ант салтын пайдаланып, тиісті тұлғаларға Құран оқып, ант-су ішкізетін болған. Мұны баталасу деп те атаған. Ежелгі қазақтар сөздің қасиетіне сенетіндіктен антты бұзу – өліммен тең деп есептеген.

«Ісім қара болса, құдай алдында көрмей, пайғамбардың шапағатынан марқұм болайын, қараңғы түнмен кетейін, дүниенің жарығын көрмеймін», – деген сөздерді дауыстап, көпке естіртіп айтқан. Кейін дәстүрлі қазақ қоғамының қожырауының салдары – қоғамда адамдар жалған ант берушілік пайда болды.

Дәстүрлі ант беру ғұрпының өзінің бастапқы мәні мен маңызын жоғалтқаны соншама, қазақы ортада осыған байланысты «Ант ішкеннің үйіне барма, айрандай жұғады», «Ант ішкен – мың өледі, у ішкен – бір өледі», – деген сияқты сан алуан фразеологизмдер қалыптасты. Дәстүрлі қазақы ортаға жат осы анайы құбылысты орыс отаршылдығының салдары ретінде түсіндіруге болады.

Әдеб.:Вл.фон-Герн.Характеринравыкиргизов-казахов//ПКСемипО. Семипалатинск, 1899; Абай. Екі томдық шығармалар жинағы. Алматы: Жазушы, 1986; Бәби Т. Абақ керейдің заң ережесі жөнінде // Қазақтың ата заңдары. Х том. Алматы: Жеті жарғы, 2009.

 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу: