31 Шілде 2014, 09:14
– Əл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факуль-тетiн басқарып келе жатқаныңызға үш жылдың жүзi болды. Мұның алдында Абай атындағы педагогикалық университетте дəрiс оқып, осы орданың оқу-əдiстемелiк жұмыстары жөнiндегi проректоры болып қызмет атқар-дыңыз. Сондықтан Сiзге бiлiм жүйесi етене таныс. Соңғы уақытта елiмiзде жүрiп жатқан бiлiм реформалары туралы ойыңызды ортаға салсаңыз?
– Мен бүкiл саналы ғұмырымның 30 жылын бiлiм саласына арнадым. Осы орайдағы түйгенiм – елiмiздегi бiлiм беру сала-сына түбегейлi өзгерiстер енгiзу қажет. Неге? Себебi соңғы 5 – 6 жылда жазылған, əлемдiк бiлiм мен ғылымның үлкен жетiстiктерi ескерiлген, жаңа қоғамның талаптары назарға алынған жаңа бiлiм стандарттары ой тоғыстырып отыр. Бүкiл Қазақстан қазақ тiлi мен əдебиетi, орыс тiлi мен əдебиетi, аударма iсi, шетел фи-лологиясы мамандықтарын қамтитын факультеттердiң барлығы министрлiк бекiтiп берген жаңа бiлiм стандарттары негiзiнде оқып жатыр. Жаңа айтып өткен мамандықтар бойынша ең соңғы бiлiм стандарттарының авторы – ҚазҰУ-дың жəне бiздiң факультеттiң профессорлары. Бұл бiлiм стандарты бiзге не үшiн қажет? Бiз əлемдiк бiлiм беру кеңiстiгiне ендiк. Елбасымыздың қойып отырған талабы – ҚазҰУ сияқты элиталық жоғары оқу орындарына қадам басқан, əлемдiк талаптарға жауап бере алатын оқытушы-профессорлар құрамын дайындап, жастарға əлемдiк дəрежеде бiлiм беру болып отыр. Яғни, бiздiң дипломдарымыз əлемдiк деңгейде мойындалып, қолданысқа енуi қажет. Мiне, осы бағытта ҚазҰУ-дың, оның iшiнде филология факультетiнiң ұжымы үлкен iс-шаралар атқарып отыр. Оның бiр айқын дəлелi ретiнде осыдан үш жыл бұрын бiздiң университетiмiздiң ректо-ры Төлеген Қожамқұлов тек Қазақстан емес, бүкiл Орта Азия көлемiндегi ЖОО-лардан бiрiншi болып «Болония» келiсiмiне қол қойды. Бұл келiсiмге қол қою дегенiмiз – бүкiл Еуропаның ең үздiк 500 университетiнiң қатарында тұрып, көптеген мəсе-лелер сол деңгейде шешiледi деген сөз. Сонымен бiрге, бiзде тек Еуропа емес, сондай-ақ АҚШ, Азия, Таяу Шығыс, Қиыр Шығыс елдерiндегi жоғары оқу орындарының бағдарламалары енгiзiлген. Дей тұрсақ та, егер нақты айтсам, филология факуль-тетiнде оқытылып жатқан бiлiм стандарттарының барлығында бiрiншi кезекте ұлттық құндылықтарымызды жоғары қоямыз. Ұлттық құндылық дегенiмiз не? Ол – бiздiң тiлiмiз, дiлiмiз, тарихымыз, тағы басқа мəдени-рухани мұраларымыз. Əрине, бұлардың бəрi студенттердiң бойына əдебиет арқылы сiңiрiледi. Сондықтан бiздiң факультетте əдебиет пəндерi мен дəрiстерiне ерекше мəн берiледi.
– ҚазҰУ былтырдан бастап кредиттiк технология жүйесi бойынша оқытуға көштi. Бұл жүйеге көшудiң қандай ма-ңызы бар? Жалпы, кредиттiк технология жүйесi туралы түсiнiк бере кетсеңiз?
– Бiлiм жəне ғылым министрлiгi Қазақстан бiлiм кеңiстiгiн əлемдiк бiлiм кеңiстiгiне сабақтастыру мақсатында үлкен жұ-мыстар жасап жатыр. Бiздiң ҚазҰУ бiрiншi болып кредиттiк технология жүйесiн енгiздi. Бiз студенттердi үш сатылы бiлiм жүйесiмен оқытып отырмыз: бакалавр, магистр жəне аспиранту-ра. Осыдан екi жыл бұрын университетте бiрiншi болып эконо-мика жəне заң факультетi кредиттiк технология жүйесiне көшкен болатын. Ал кредиттiк технология дегенiмiз – еуропалық, америкалық үлгiдегi оқу жүйесi. Мұның артық тұстары əлемде мойындалған. Былтырдан бастап барлық факультет кредиттiк технология жүйесi бойынша оқуға көштi. Осы жүйе бойын-ша бiздiң ҚазҰУ Қазақстандағы бiрден-бiр оқу-əдiстемелiк орталық болып отыр. Яғни, осы жүйенi енгiзудiң реформалары, заңдылықтары, талаптары, кезең-кезеңдерi – осының бəрiн ғылыми негiзде жүйелеп жазып, ереже ретiнде басып шығарып жатқан да бiздiң университет. Бұл жағынан бiзге министрлiк үлкен қолдау көрсетiп отыр. Ал ендi бүгiнгi бiлiм жүйесi мен бiлiм реформасы, ондағы жаңалықтар мен iлгерiлеу дегенде, əрине, көш басында Қазақ Ұлттық университетi келе жатыр. Бұл заңды да. Өйткенi ҚазҰУ-де бүгiнгi күнi 300-ден аса профессор-лар мен ғылым докторлары, 800-ге жуық ғылым кандидаттары мен доценттер дəрiс бередi. Бұл бiздiң университеттiң ғылыми əлеуетiн, кадрлық деңгейiн көрсетедi. Қазақстанда оқытушы-профессорлардың кадрлық жүйесi, дəстүрi қалыптасқан мұндай бiрде-бiр оқу орнын таба алмайсыз.
– Ал ендi болашақ мамандарды даярлау iсiне қаншалықты көңiл бөлiп отырсыздар?
– Университеттерге маман даярлауда мамандықтар классифи-каторы деген бар. Сол жүйеде бiраз өзгерiстер болды. Əрине, осы классификаторды қайта қарап, тап бүгiнгi нарыққа, өндiрiске, рухани-əлеуметтiк салаға аса қажет мамандарды даярласақ, бұл үлкен жетiстiк болар едi.
– Оған қазiр не қолбайлау болып отыр?
– Ол классификатор осыдан екi жыл бұрын бекiтiлiп кеттi. Оның үстiне, ол жүйе ықшамдау, қысқарту мақсатында өте асы-ғыс жүргiзiлдi де дəл бүгiнге керек көп мамандықтар ескерiлмей қалды. Сондықтан классификатор дегенiмiз де тiрi ағза секiлдi. Қоғам, заман қалай өзгерсе, ол да соған бейiмделiп отыруы қажет.
– Осы ұсыныспен министрлiкке шықтыңыздар ма?
– Əрине, ұсыныс жасап жатырмыз. Егер Бiлiм жəне ғылым министрлiгi бiздi дұрыс түсiнiп, бекiтiп берсе, онда көптеген зəру мамандықтарға жол ашылар едi.
– Оған қанша уақыт қажет?
– Егер министрлiк бұл шаруаны тез арада бастап кететiн бол-са, онда оны Қазақстанның iрi-iрi жоғары оқу орындары қуана қолдар едi. Ол мəселенi университет тарапынан тез арада қарап, талқылап, өз ұсыныстарымызды жасар едiк. Мысалы, гума-нитарлық, фундаменталдық, табиғаттану жəне жаратылыстану ғылымдарының бəрi ҚазҰУ-де шоғырланған. Сондықтан да республикалық оқу-əдiстемелiк бiрлестiк бiздiң университетте орналасқан. Осы бiрлестiкке классификатор тартылатын болса, онда, əрине, көптеген университеттерге пайдалы болар едi.
– ҚазҰУ элиталық жоғары оқу орны болғалы отыр. Оның қазiргi бiлiм беру əдiс-тəсiлдерiнен қандай айырмашы-лықтары мен басымдылықтары бар?
– Элиталық жоғары оқу орындары деген сөз көптен берi қо-ғамдық пiкiрлерде қалыптаса бастады. Таяуда ғана «Ана тiлi» газетi «Жас талапкер – 2005» деген айдармен болашақта элита-лық жоғары оқу орны болатын университеттердiң тiзiмiн жария-лап жiбердi. Сол тiзiмнiң iшiнде көп салалы мамандарды даяр-лайтын университеттердiң көшбасына бiздiң ҚазҰУ қойылып-ты. Екiншi орында Гумилев атындағы Еуразиялық универси-тет, ал үшiншi орында Евней Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттiк университетi тұр. Бұл, мүмкiн, соңғы нүкте болмас. Дегенмен, елдiң көңiлiндегi, жүрегiндегi ойды қозғаған сияқты. Əрине, элиталық деген мəртебе – мемлекет ресми түрде беретiн мəртебе. Бiз соған ұмтылып келе жатырмыз. Ол оңай жүк емес. Ондай мəртебе алу үшiн ол оқу орнының тарихи тамыры, үлкен дəстүрi, материалдық-техникалық базасы, рухани потенциалы болуы керек. Ол əзiрге келер уақыттың еншiсiнде.
– Егер бiлiм сапасы оқу ордаларының санымен есептел-се, онда тасымыз өрге домалап тұр. Оларды санауға саусақ жетпейдi. Аттары да дардай. Институт дегендерi бiрен-саран. Кiлең университет, академия. Осындай оқу ордаларына деген көзқарастарыңызды да бiлдiре кетсеңiз?
– Елiмiз егемен ел болғалы берi жеке меншiк оқу орындары қаптап кеттi. Əрине, олардың бəрiне топырақ шашуға болмайды. Бiрақ солардың 80 пайызының ешқандай материалдық-тех-никалық базасы жоқ. Қажет болатын болса, кейбiрiнен бiрде-бiр ғылым кандидатын емге таба алмайсың. Осындай халде отырған оқу ордаларынан қандай бiлiм сапасы туралы əңгiме сұрайсың?
Қазiр олардың саны 300-ге жуық. Осыдан кейiн оның саны-на қарағанша, одан да бес-алты элиталық ЖОО-ның болғанын қалайсың.
– Ғылымның шет-шегiне жеткен ғалым жоқ. Оған бүкiл ғұмырын арнаған əл-Фараби де, басқа да даналар жете алмаған. Дей тұрсақ та əрбiр ғалымның дiттеген мақсат-мұ-раты, жетер межесi болады. Сiз сол меже деңгейiне жеттiм деп ойлайсыз ба?
– Жоғарыда айтқанымдай, осы бiлiм саласында 30 жылдай уақыт бойы қызмет атқарып келе жатыр екенмiн. Соның таза 20 жылын əдебиеттану ғылымына арнадым. Менiң түбегейлi зерттеп жүрген тақырыбым: қазақтың суреткер қаламгерi, кезiнде Мұхтар Əуезовтiң өзi жоғары баға берген Тəкен Əлiмқұловтың шығармашылығы. Сол Мұқаң Мəскеуде ажал аузында жа-тып: «Менiң қаламымды алып, iзiмдi жалғастыратын үш-төрт iзбасарым бар. Олар – Зейнолла Қабдолов, Тəкен Əлiмқұлов, Сафуан Шаймерденов, Тахауи Ахтанов» деп атаған екен. Мiне, сол ғұлама ғалымның iзiн жалғастырған, сол Мұхаңа ұқсас жазатын, ойлау жүйесi, тiлi, суреттерi, көркемдiк бояуы Мұхаңа жақын тұратын Тəкен Əлiмқұловтың шығармашылығын зерттеп жүргенiме он бес жылдай уақыт болды. Оның шығармашылығына бес кiтап арнадым. Ең соңғы жинағым «Та-рих жəне тағдыр» деп аталады. Оның сыртындағы тақырыбым: 1960 – 1980 жылдардағы қазақ прозасы. Бұл – қазақ əдебиетiнiң өркендеген, шарықтаған, жарқыраған тұсы. Барлық тақырыпты толық қамтыған кезi. Ол кезде бiр жылымық заман келдi де, əдебиетшiлерге жол ашылды. Тарихымызды, мəдениетiмiздi, əдебиетiмiздi, тарихи тұлғаларымызды айтуға мүмкiндiк туды. Мысалы, «Көшпендiлер», «Махамбеттiң бейнесi», «Отырар ойраны» секiлдi тарихи тақырыпқа жазылған шығармалар дүниеге келдi. Əсiресе, тарихи тұлғалардың тағдыры. Солардың қазақ руханиятындағы, қазақ тарихындағы орнын қаламгерлер қалай көрсете алды, қалай суреттедi, əдiл бағалай алды ма? Мiне, осы мəселелер туралы үш кiтап шығардым. Яғни, бұлардың бəрi – ғылым саласында айналысып жүрген, зерттеп жүрген дүниелерiм. Сосын тағы бiр жете жазып, белсене араласқан тақырыбым: ол – қазақ тiлiнiң тағдыры. Бұл тақырыпқа бай-ланысты қазақ басылымдары мен телерадиоларында үнемi үн қосып келемiн. Себебi бойында қазақтың қаны бар əрбiр азамат тiлдiң тағдырын ойлауы керек. Қазақ тiлi мыңдаған жылдар бойы бiздiң ата-бабаларымыз сөйлеген тiл. Ал ендi егемен ел болған кезде қалай ана тiлiмiзден айырыламыз?! Оның мəртебесiн неге асқақтатпаймыз?! Түптiң түбiнде қазiргi əдебиетiмiз осы ана тiлiмiз үшiн қызмет жасауы керек. Қазiр осы тiлге, əдебиетке, тарихқа жəне тарихи тұлғаларымызға байланысты көп дүние-лер жазып жүрмiн. Əсiресе, тарихи тұлғаларды көбiрек көтер-гiм келiп жүр. Себебi бiздiң руханиятымыздың тiректерi, дiңгектерi – сол тарихи тұлғалар. Сосын Алаш азаматтары ту-ралы əңгiме əлi толық айтылған жоқ.
– Қазақ əдебиетiнiң сын жанрында белсендi еңбек етiп, кенже дамып келе жатқан салаға сүбелi үлес қосып келесiз. Бүгiнгi сын жанры туралы айтылар əңгiме көп тəрiздi...
– Тəуелсiздiк тұсындағы қазақ əдебиетi мен əдебиеттану ғылымы өте сəттi сабақтасып, соңғы онжылдықта көптеген тұщымды дүниелер жарыққа шықты. «Қазақ əдебиетiнде сын жоқ» деген пiкiрге қосыла алмаймын. Қазақтың əдеби сыны бар. Соңғы уақытта əдеби сынға жазушылар да, ғалымдар да, журна-листер де белсене араласып жүр. Əрине, бұрынғыдай жыл сайын шығып тұратын «Уақыт жəне қаламгер», «Сөзстан», «Жастар жастар туралы» деген сыни кiтаптар жоқ болғанымен, əдеби сыншыларымыз өздерiнiң том-том жинақтарын шығарып жа-тыр. Олардың iшiнде бұрынғы əдебиетiмiздiң тарихы ғана емес, сонымен қатар бүгiнгi шығармалар да талдау өзегiне айналған. Дей тұрсақ та, мемлекет тарапынан арнайы бағдарлама бекiтiлiп, қаржы бөлiнiп, ең таңдаулы деген сыни туындыларды жоғарыда айтқанымдай, «Уақыт жəне қаламгер» деген сияқты жинақтарға енгiзiп, жариялап тұрса, нұр үстiне нұр болар едi.
– Таяуда ғана өзiңiздiң туған бауырыңыз, қазақтың маңдайына бiткен бiртуар дарын иесi Бексейiт туралы «Қос өнердiң жұлдызы» атты жинақ шығардыңыз. Бұл айтылар əңгiменiң басы да, соңы да болмасы анық. Əрине, ол шаруалардың басы-қасында өзiңiз жүрсiз. Бексейiттi мəңгi есте қалдыру мақсатында тағы да қандай шаралар атқарылуда?
– Жаңа өзiң айтып өткен естелiктер жинағының сүйiншi данасы жарық көрiсiмен, «Айқын» газетi дүйiм халық, мұқым елден сүйiншi сұрап, мыңдаған оқырмандарына құлағдар еттi. Ол үшiн газет ұжымына əулетiмiздiң атынан алғысымды бiлдiремiн. Бексейiт өзiнiң жан досы Мұстафа Өзтүрiк сияқты құйрықты жұлдыздай ағып өттi. Екеуiнiң де ғұмыры қамшының сабындай қысқа болды. Бiрақ сол қысқа өмiрiнiң iшiнде көп iс тындырып кеттi. Əсiресе, сурет саласында. Ол 28 жасында Қазақстан Ле-нин комсомолы сыйлығының иегерi болды. Қырыққа толмай жатып бiрнеше рет республикалық жəне халықаралық деңгейде көрмелерi өттi. Ал оның Тараз қаласында екi жыл жүрiп салған «Ұлы көш» атты полотносы қазiр қазақтың əрбiр үйiнiң төрiнде iлiнiп тұр десем қателеспеймiн. Өйткенi 1987 жылы 50 мың дана-мен плакат болып шыққан сол туынды тез арада таратылып кеттi. Оның түпнұсқасы Елбасының Алматыдағы резиденциясында тұр. Ол шығармада қазақтың тəуелсiздiгi үшiн күрескен 89 та-рихи тұлғаның бет-бейнесi бедерленген. Ол тарихи тұлғалардың iшiнде қазақтың батырлары мен билерi, шешендерi, көсемдерi, алыптары, арыстары, ақындары, спорт саңлақтары, суретшiлер мен мемлекет жəне қоғам қайраткерлерi бар. Бiрде Бексейiттiң: «Менiң арманым – қазақтың бүкiл батырларын жеке-жеке жəне бəрiн жинастырып салып шығу» дегенi бар едi маған. Оларды бөлек-бөлек портрет етiп салуға тағдыр мұрша бермедi. Ал бəрiн жинап салғаны – осы «Ұлы көш» болды. Оның сыртында Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы кезiнде Бексейiттiң көрмесi Лондон қаласында өттi. Сондай-ақ, мұндай көрмелер Чехия, Франция, тағы басқа Еуропа елдерiнде ұйымдастырылды. Ал соңғы рет оның көрмесi өзiнiң досы, мемлекет жəне қоғам қайраткерi, өнер жанашыры Иманғали Тасмағамбетовтың тiкелей қолдауымен Орталық сурет галереясында өттi. Ол көрмеге Бексейiттiң жүзге жуық туындылары қойылды. Бүкiл қазақстандық өнерсүйер қауым сол көрменi екi жарым ай бойы тамашалады. Ал спорттағы еңбегiне тоқталсам, 1991 жылы Мұстафа екеуi Қазақстан топырағына таэквондо спортын сiңiрдi. Оны өзi басқарды. Осы өнердi меңгерген қазақтың жастарын əлемдiк чемпионаттардың барлығына алып барды. Егер тiрi болса, Олимпиада ойындарына да қатысар едi. Амал нешiк, 1998 жылы дүниеден озды. Дəтке қуат етерiм, оның артында мыңдаған шəкiрттерi мен iзбасарлары қалды. Олар Бексейiт тiгiп кеткен туды жықпай, одан əрi биiкке көтерiп келедi. Осы сөзiмнiң жарқын мысалы – Алматы қаласындағы «Достық» спорт кешенiнде шiлде айында таэквондодан өткелi отырған халықаралық жарыс. Бексейiт Түлкиевтiң жүлдесi үшiн болатын сайысты өткiзуге қазақтың белгiлi азаматтары Иманғали Тасмағамбетов, Серiк Қонақбаев жəне Бексейiттiң шəкiрттерi мұрындық болып отыр. Бұл сайысқа ТМД мемлекеттерiнiң ғана емес, сонымен бiрге Түркия, Иран, Оңтүстiк Кореяның спорт саңлақтары қатысады. Сондай-ақ, жоғарыда айтып өткенiмдей, «Қос өнердiң жұлдызы» атты кiтаптың тұсаукесерiн Бексейiт-тiң туған жерi – Оңтүстiк Қазақстан облысы, Төле би ауданы, Қасқасу ауылындағы өзiнiң атымен аталатын мектепте өткiзiп қайттым. Кiтаптың жүз данасын мектептiң кiтапханасына, бес жүз данасын мектеп ұжымы мен оқушыларына сыйға тарттым. Биыл Бексейiттiң туғанына – 50 жыл. Осыған орай туған жерiнде ас берiп, оның рухына құран бағыштадық. Аталған кiтаптың бiр ерекшелiгi – 1985 жылдан бастап 2005 жылға дейiн қазақ жəне орыс басылымдарында шыққан Бексейiт туралы ең таңдаулы мақалалардың жиынтығы деуге болады.
– Əңгiмеңiзге рақмет.