Анна Сегал: "Менің музыкам ішкі сезімімнің айнасы"

10 Қараша 2014, 05:14

Атасы қазақ, өзі Украинада туып-өскен, қазіргі таңда Израильдің азматшасы саналатын Анна Сегал Астана қаласында өтіп жатырған «Шабыт» фестивалінде шеберлік сыныбын берді.

Атасы қазақ, өзі Украинада туып-өскен, қазіргі таңда Израильдің азматшасы саналатын Анна Сегал Астана қаласында өтіп жатырған «Шабыт» фестивалінде шеберлік сыныбын берді. 1974 жылы Днепропетровск қаласында дүниеге келген кішкентай Анна жастайынан музыкаға құштар болып өседі. Оқуын Киев консерваториясынан бастап, Иерусалимдегі Музыка және би академиясының «композиторлік» факультетінде жалғастырады. 2003 жылы Израиль Композиторларының Ассоциациясына мүше болады.

Сегал – скрипка, виолончель, хор, симфониялық музыкаға және театрға арналған жеке шығармалардың авторы. Оның музыкасын Израильдегі, Кореядағы және Америкадағы белгілі музыканттар мен ұжымдар орындайды. Ол музыка әлемінде израильдік талантты композитор ретінде танымал. Осыншама жасында біраз жетістікке қол жеткізген Анна өз тәжірибесімен бөлісті.

Анна Сегал, композитор:

- Кеше Юрий (Каспаров) камералық музыка жазатынын айтты. Мен үшін камералық музыка бұл саз әлемінің шыңы. Ол композитордың интимді күнделігі. Әзірге мен оған жеткен жоқпын. Қазіргі таңда мені симфониялық музыка қатты қызықтырады. Оркестрмен жұмыс істегенді ұнатамын. Егер композитор теориямен шектеліп қалмауды көздесе, ол оркестрден қорықпауы керек. Өз тәжірибеммен бөлісейін, мен оркестрдегі кернейшіге келіп: «Сіздің ең төменгі нотаңыз қандай, ал ең жоғарғысы ше?» - деп сұрайтынмын да, ал келіп жазатынмын. Бұл әрине, ойға қонымсыз нәрсе. Осындай бір тәжірибеден кейін, менің досым, Иерусалим симфониялық оркестрінің бірінші кернейшісі басынан өткен бір оқиғасымен бөлісті. Бір концертте ол композитор жазған ноталардың бірде-біреуін қолданбапты. «Қалайша?» деген сұраққа: «Ол мүмкін емес. Мен «престо» темпінде ойнай алмаймын. Мен екі еселенген секірулер жасай алмаймын». –деді. Ол мен үшін үлкен сабақ болды. Әрине оқып жүрген кезімізде үндеспейтін музыкалар жазатынбыз. Осы оқиғадан кейін менің стилім өзгерді. Жалпы, менің стилім өмірдегі белгілі бір кезеңге байланысты өзгеріп отырады.

Бұдан кейін Анна өз шығармаларынан үзінділер тыңдатып, олардың шығу тарихы туралы баяндады. Композитордың айтуынша, музыка оның өміріндегі белгілі бір оқиғаларға деген ішкі жан-дүниесінің жауабы. Кейде ол белгілі бір халықтың басынан кешкен айтулы оқиғалары, кейде жаралы жанның жақын адамына сағыныш сезімі. Жаны сезімтал әрі нәзік Анна осы сапарынан алған әсерден жаңа шығарма жазатынын айтты.

Айта кету керек, «Шабыт» фестивалі өнерлі жастардың ғана емес, тәжірибесі мол, айтары бар өнер адамдарының да басын қосатын іс-шара.

Бөлісу: