Қазақстандық ауыр атлет Анна Нұрмұхамедоваға Лондон Олимпиадасының күміс жүлдесі салтанатты түрде табысталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Салтанатты марапаттау шарасы Перуде жасөспірімдер арасында өткен әлем чемнионатында тапсырылды.
Отандасымыз 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада Ойындарында 69 келіде сынға түсіп, жүлдеден тыс қалған еді. Сол додада қазақстандық атлет 5-ші орынға табан тіреді. Кейін жүлдегер атанған спортшылардың допинг сынамасын қайта тексергенде олардан тыйым салынған препараттар анықталып отыр. Соның нәтижесінде Марина Шкерманкова мен Дина Сазановец иеленген жүлделері кері қайтарып берді. Бұл ретте Қазақстан ауыр атлетіне әуелі қола жүлде берілген болатын.
Алайда 2020 жылы Румыния спортшысы күміс жүлдегер Роксаны Кокоштың сынамасынан допинг анықталды. Осылайша оның күміс жүлдесі Анна Нұрмұхамедоваға берілсе, қола жүлде Колумбиялық Убальдина Вальеске бұйырды.
Бұған дейін Лондон Олимпиадасында 5-ші орынға тұрақтаған еркін күрес балуаны Дәулет Шабанбайға ресми түрде қола жүлде табысталған болатын. Аса ауыр салмақта белдескен отанадсымыз араға 10 жыл салып, төртжылдықтың басты ойындарының жүлдегері деп танылды.