Анкарада Қазақстандағы реформалар талқыланды

18 Мамыр 2022, 11:35 2790

Түркия астанасында түрік сараптама орталығы сарапшыларының қатысуымен «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Қазақстанның Анкарадағы Елшілігі Түркияның қоғам және саяси қайраткерлері, белгілі сарапшылары мен жергілікті журналистердің қатысуымен Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел ұйымдастырды.


Іс-шараның негізгі спикерлері Қазақстанның Елшісі Е.Сәпиев, Түркия Парламетінің депутаттары И.Картал, Ф.Шахин, «ANKASAM» Анкара саяси және дағдарысты зерттеу орталығының басшысы М.Ерол, «Сахипкиран» стратегиялық зерттеулер орталығының басшысы М.Қаракөсе және Түркия-Қазақстан достығы қорының төрағасы Ж.Таш.

Сөз сөйлеген Е.Сәпиев бүгінге дейін Қазақстанның Түркиямен дипломатиялық қарым-қатынасында саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда қол жеткізілген нәтижелерге тоқталды.

Түркияның сауда-экономикалық қарым-қатынастар бойынша Қазақстанның ең ірі экономикалық серіктестерінің бірі екендігі және Түркия Қазақстанның алғашқы бес сауда серіктесінің қатарына кіреді, екі ел арасындағы тауар айналымы 4 миллиард АҚШ долларынан асады аталып өтілді.


«2022 жылдың алғашқы үш айында тауар айналымы 1,5 млрд долларды құрады. Алдағы уақытта мұндай динамика жалғаса берсе, биылғы жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 5 миллиард АҚШ долларына жетеді. Бұл өз кезегінде тауар айналымын 10 миллиард долларға дейін ұлғайту жөніндегі бұрын қойылған мақсаттардың әбден орындалатынын көрсетеді», - деп қосты Елші.

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың Түркияға жақында жасаған мемлекеттік сапары барысында 15 маңызды құжатқа қол қойылғаны хабарланды. Бұл келісімдер екі ел арасындағы жүк тасымалының артуына септігін тигізеді, ал білім саласындағы қол қойылған келісім тәжірибе алмасу мен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруды көздейді.

Сондай-ақ іс-шарада ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауы аясындағы ауқымды бастамалар мен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі Республикалық референдум талқыланды.

Түрік сарапшылары Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жүргізіп отырған саяси реформалар бүгінгі таңда қазақстандық қоғамның әл-ауқатын арттыру үшін дер кезінде және қажет екенін атап өтті. Дөңгелек үстелдің тақырыбы қатысушылар арасында үлкен қызығушылық тудырды, бұл қызықты сұрақтар пен көзқарастармен расталды.

Бөлісу: