Андрон мəдениеті

16 Қазан 2014, 05:11

Андрон мəдениетінің (б. з. б. 17-9 ғасырлар) үш кезеңі бар: А. Ерте қола (б.з.б. 18-16 ғғ). Ə. Орта қола (б. з. б. 15-12 ғғ). Б. Кейінгі қола (б.з.б. 12-8 ғғ).

Андрон мəдениетінің (б. з. б. 17-9 ғасырлар) үш кезеңі бар: А. Ерте қола (б.з.б. 18-16 ғғ). Ə. Орта қола (б. з. б. 15-12 ғғ). Б. Кейінгі қола (б.з.б. 12-8 ғғ).

Орталық Қазақстандағы Андрон мəдениеті (көптеген мекендер, қорымдар, көне кендіктер, құрбандық орындары, петроглифтер, күрделі мазарлар, тас өңдеумен байланысты құрылыс техникасының жетіле түскендігі), ертедегі Нұра кезеңіне тəн Андрон мəдениеті (жерлеу салтындағы кремация - мəйітті өртеу- аластау мен мəйітті табытқа салып қою рəсімі, керамика ыдыстардың жоғары жағын ғана əсемдеу, қабір ішіне мəйітпен қоса үй жануарларының сүйектерін де қою), Атасу кезеңіндегі Андрон мəдениеті(жерді, тіпті шөлейт жерлерді игеру, тау-кен жұмыстарының күрт кеңеюі, мəйіттерді бір жамбасына бүк түсіріп жерлеу), Бегазы-Дəндібай кезеңіне сай Андрон мəдениеті (мəйіттерді шалқасынан жатқызып қою, жер бетіне тастан, ағаштан қалап қабырғалы тұрғын үйлер салу), - осы кезеңдердің мысалы. Бұдан басқа да мысалдар (Солтүстік жəне Батыс Қазақстандағы Алексеев пен Тастыбұлақтағы топырағы төбешік болып үйілген, дөңгелек жəне тік бұрышты қоршаулары бар қорымдар мен ежелгі қалаларға мысал боларлық Қостанай облысының шекарасындағы Арқайым қонысы, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудағы петроглифтер мен қорымдар, Арал алқабынан табылған Тегіскен кесенесі сықылдылар) толып жатыр.

Андрон мəдениетіне тəн (əсіресе ерте жəне орта қола кезеңдеріндегі, яғни б. з. б. 1 мыңжылдық басындағы) адамдар отырықшы болды. Аралас шаруашылықпен айналысты. Атап айтқанда:

А. Мал өсіру маңызды роль атқарды. Негізгі мал қой, сиыр, жылқы. Жылқының үш тұқымын (қазіргі моңғол жылқысына ұқсас жылқылар;шоқтығы орташа не биік жылқылар; соғыс арбасына жегілетін, асылтұқымды, биік, жіңішке аяқты, сымбатты, қой мойынды жылқыларды) ұстады. Олар қос өркешті бактриан түйелерін де бақты. Қыста төлді жылы жерде (тұрғын үйге жалғаса салынған мал қораларда) ұстады. Үйсіндердің байларында неше мыңдаған жылқы болды.

Ə. Негізгі тамағы сүт жəне сүт өнімдері (сүзбе, ірімшік) болды. Етті тек мейрамдарда ғана, құдай жолына құрбандық жасағанда ғана пайдаланды. Бұл туралы Хəн əулетінің қағанкесі Лю Шижюннің əулет ордасына жазған хатында да айтылған.

Б. Бұл кезең адамдарының қоныстары дала өзендері мен оның жағалауларында болды. Егін, бау-бақша салуды білді. Бұған қоныстардың бəрінен табылған ортақ олжалар (тары ботқасы күйген құмыралар, дəнүккіштер, келсаптар, орақтар, тас кетпендер) дəлел. Үйсіндердің Іле дариясы бойын мекендеуі мен ол өңірге жүргізілген археологиялық зерттеулер мұны да дəлелдеп отыр.

В. Шаруашылық деңгейінде ілгерілеу (табиғаттан неғұрлым ұтымды пайдалануға ұмтылу) пайда болды. Отырықтылық салдарынан үй маңы жайылымы тұяқ кесті болып тез тозғасын, жайлауға шығуды (жігіттер малды көктем, жаз айларында алыс жайылымға əкетіп, үйде қалғандар екпешілікпен айналысуды) ойлап тапты. Үйсін күнбиі байлар меншігіндегі шұрайлы жайлауларды қору туралы бұйрық та шығарды.

Г. Кен өндіру б. з. дан 3000 жыл бұрын пайда болған-ды. Мысалы, Жезқазғанда, Іленің Қас тармағының бойында осы кезден-ақ кен өндіріле бастапты. Олар “кенді тотықтандыру, қайлалау, отпен өндіру əдістерін меңгерген екен. Сондай-ақ əрбір отбасы өз ыдыс-аяқтарын өздері жасапты. Əйелдер саз балшықты əзірлеп, одан ыдыс-аяқ істеп, оларды ошақтағы отқа, кейде таспен қоршалған шұңқырға алаулатып күйдірген. Ыдыстар əртүрлі сызықтармен, геометриялық ою-өрнектермен əсемделген. Ерлері қоладан үшкірлеп жасалған садақтармен қаруланыпты”. Іле дариясының басындағы Қас тармағы өңірінен шыққан мыс кені де, табылған ыды - аяқтар да, масақтар да - бұған айғақ.

Ғ. Ол кездің адамдары үлкен отбасылық қауым болып, ұжымдық өмір сүрді. Ағайын-туыстар шаруаны бірге атқарды. Мал жүнінен ұршықпен жіп иіретін, тоқитын, теріні өңдеитін, киімді түрлі-түсті жіппен əдіптейтін болған. Олар өкшесіз аяқкиім киген, жүннен тоқыған, теріден тіккен құлақшын киген екен. Шошақ төбелі бас киім - тұмақ бүгінгі шығыстағы қазақтарға шейін жалғасын тапқан. Əйелдер көбіне ұзын жеңді етегі жер сызған жүн көйлек киіп жүріпті. Əшекейлік бұйымдар сырға, салпыншақтар, моншақтар бопты.

Д. Оларда əлеуметтік жік болды. Патшалар (тəңірқұттар, қағандар, күнбилер, хандар), байлар, текті адамдар, батырлар, абыздар, бақсылар өлгенде олар ерекше құлпытас орнатылған мазарларға жерленді. “Өліктер қабырда бастары батысқа немесе оңтүстік-батысқа қаратылып қойылды. Бұл о дүниемен байланыс жасайтын құдайға қарату деген мағынаны білдірді. Мəйіт бүктей жатқызылды. Сондай-ақ мəйітті өртеп жіберу де болды. Ол отқа табынудан шықса керек. Үй құрылысы да құрбандық шалудан басталған. Оған сүт толы ыдыстар істетілген, бұқа не бағлан шалынған. Тіпті балаларды да құрбандыққа шалған, оны үй едені астына көмген. Үйдің ошағы отбасының ең қасиетті жері болған” .

Е. Олардың қола дəуіріндегі дүниетанымын білдіретін, жартастар бетіне салынған суреттер - петроглифтер (жануарлар, күн, əр бейнелі адамдар, соғыс арбалары, шайқас көріністері) Ұлы Даланың көп жерінен кезігеді.

 

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Бөлісу: