Андрес Иньеста маусымның соңында «Виссел Кобеден» кетеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Осыған орай клуб баспасөз жиынын өткізді. Футболшы жанкүйерлеріне алғыс айтып, көзіне жас алды.
Аты аңызға айналған испаниялық футболшы 1 шілдеде Жапония клубында соңғы матчын өткізеді. Ал 6 маусым күні «Барселонамен» жолдастық кездесу ұйымдастырылады.
Мен әлі де футбол ойнап, жарыстарға қатысқым келеді. Зейнетке осы клубтан кетемін деп ойлайтынмын, дегенмен менеджердің басқа жоспары бар екен. Клубтан кету туралы шешімім – ортақ шешім, - деді 39 жастағы футболшы.
Иньеста «Барселонаға» оралу туралы да пікір білдірді.
Бұған дейін айтқанымдай, өмірімнің бір бөлігінде «Барселонаға» оралғым келеді, бірақ бұл әлі алыс деп ойлаймын, - деп қосты Иньеста.
Иньеста 2018 жылы «Барсадан» кеткеннен кейін «Виссел Кобе» сапын толықтырды. Жапон клубы сапында ол 133 матчта 26 гол соғып, 25 нәтижелі пас берді.