Андорра алдырмады

12 Қыркүйек 2018, 09:08 3996

Ұлттар лигасындағы сәтсіздік жалғасып жатыр

Андорра – Қазақстан – 1:1 (0:0)

Гол салғандар: 0:1 Логвиненко, 68, 1:1 Алаес, 86

Андорра: Х.Гомес, Хус Рубио (С.Гомес, 80), Льовера, Лима, М.Сан-Николас (Хор.Рубио, 83), Ребес, Валес, Клементе (Алаес, 69), Виейра, Сервос, Мартинес.

Қазақстан: Эрич, Бейсебеков (Сейдахмет, 90), Постников, Логвиненко, Шомко, Қуат, Тұңғышбаев (Зайнутдинов, 65), Исламхан, Мұжықов, Муртазаев (Тұрысбек, 59), Щеткин.

Алаң иелерінің бас бапкері Кольдо Альварес Латвияға қарсы шығарған сарбаздарына өзгеріс енгізуді жөн деп таппапты. 2-нөмірлі Мартинес өткір шабуыл өтіне шықса, одан берірек хавбектер Клементе-Виейре-Сервос үштігі өнер көрсетті. Ребес пен Валес қос қапталға жайғасты. Ал Хус Рубио, Макс Льовера, капитан Ильдефонсо Лима мен Мойсес Сан-Николас төрттігі қорғанысқа жауап берді. Хосеп Гомеске қақпа кілті сеніп тапсырылды. Алаң иелері 4-2-3-1 ойын тактикасын таңдап алған секілді. Десе де, олардың барлығы да қорғанысқа аса жауапкершілікпен қарайтындары белгілі. Осы 11 сарбаз Андорраға Рига қаласында сәтті ойнап, қоржынға бір ұпай салған. Бүгінгі ойында қандай нәтиже күтіп тұр екен? Сол сияқты Қазақстан құрамасының бас бапкері Станимир Стоилов та аса өзгеріс жасауды құп көрмегендей. Грузияға қарсы ойнаған Жуковтың орнын Тұңғышбаев басқан, орталық қорғаныста Малыйды Логвиненко алмастырған. Ал қалғандары өз орнында. Эрич қақпада, Бейсебеков пен Шомкоға қос қапталдан келген қарсыластың шабуылына тосқауыл болуы міндеті жүктелсе, Постников ортада, Қуат тіреуіш орталық қорғаушы, Исламхан мен Мұжықов орталық хавбек рөлінде, Муртазаев сол қапталдан шабуылдаушы, ал Щеткин нағыз форвард міндетін атқарады. Бірінші ойындағыдай «Астананың» 8 ойыншысы негізгі құрамнан орын алған.

Алғашқы минуттан ойын кімнің басымдығымен өтетіні белгілі болды. Қазақстандықтар алаң иелерінің қорғанысын бұзып өтуді мақсат тұтты. Қос қапталдан Щеткинге доп жеткізілсе, Алексей қарсыластардың қорғаушылармен таласа жүріп, спорттық снарядты командасына қалдыру керек. Алғашқы 15 минуттықта андорралық кипер Хосеп Гомес бір-ақ рет ойынға араласты. Ал қалған уақыттары қонақтар қақпаның қайда екенін ұмытып қалғандай көрінді. Бейсебекотың пасын пайдаланған Мұжықов сызық бойынан соққы жасады. Бірақ, оның жолына қос андорралық бөгет болды. Бұған дейін болгарлық бапкер алаң иелерінің өте жинақы ойын көрсететін баса айтқан. Алғашқы минуттардан-ақ, соны анық аңғаруға болады. Тағы бір ұнамаған жайт, андорралықтардың жай ғана жанасқан ойын сәтінде аттан ауғандай аунап түсетіні. Олардың кем дегенде тоғыз, кейде он ойыншысы қорғаныста жүрді. Сол сияқты біздің футболшыларға жақын ойнап, допқа таласа шабуылдардың бетін қайтаруды көздеді. Тұңғышбаевтың өз қапталынан алға ұмтылысы бірнеше рет сәтсіздікке ұшырады. Қуат орта дистанциядан бір соққы жасап көрген. Допты қабылдаған Лима доп емес, ауыр салмақты боксшыдан соққы алғандай жерге құлай кетті. Оның да бұл қылығы миға сыймады. Келесі Шомконың кроссына Щеткин де, Тұңғышбаев та үлгерген жоқ. Ал Муртазаевтың баспен көтерген пасына Алексейдің физикалық әлсіздігі кедергі келтірді. Осылайша, матчтың жарты сағаты өте шықты. Андорра өз қақпасынан 30 метр ары шыққан жоқ. Тек қорғаныста жүрсе де, өз жұмыстарын қателіксіз атқарып жатты. 35-минутта қонақтар тамаша қарымта шабуылға шыққан. Исламхан алға қарай жүгірген Муртазаевқа доп жеткізді, Роман Щеткинді жарылқағысы келген. Ал оған Алексей жетпеді ме, әлде Лиманың киперлік шеберлігі Буффоннан асып түсті ме, қауіптің бетін қайтарып тастады. Одан кейін Мұжықов алыстан соққы жасап көрген, бірақ Серікжанға қақпаның қайда екенін айтатын адам табылмағандай. Тағы да андорралық қақпашы Щеткиннің мүмкіндігінің алдын орап кетті. Үзіліске дейін Мұжықов тәртіп бұзып, «сары қағазбен» жазаланып үлгерді. Сонымен, алғашқы 45-минуттық осылай голсыз өтті. Өз командамыздан көп күтіп қойған екенбіз. Станимир Стоиловтың да ойынға көңілі толмағаны анық. Шәкірттері ол берген тапсырманы қаншалықты орындағанын өзі ғана біледі (немесе мүлде орындамаған да болар).

Екінші таймның 3-минутында тағы да Мұжықов қиыс тепті. Содан соң, Щеткин әуедегі допқа таласта жеңіске жеткенмен, өте әлсіз соққы жасады. Лима еш қиналмастан допты қаршып алды. Исламханның Тұңғышбаевқа шығарған пасы да киперге сондай қатты қиындық туғызған жоқ. Бауыржанның Қуатқа шығарған келесі кроссы да киперден әріге аспады. Исламбек пен Валестің қақтығысын бас қазы назарға ілмеді. Тағы да шабуыл, тағы да кипердің араласуы, тағы да бұрыштама, тағы да нәтижесіз соққы... Қуат қанша тырысса да тура тебе алмай, жерді ұрды. Көзден бұлбұл ұшқан қаншама мүмкіндіктер....

Позициялық шабуылдан доп корнерге кеткен, оны алаң иелері оңай алып шықты. Сосын Исламхан сол аяғымен соққы жасады. Лима тағы да өз орнында. Кездесудің бір сағаты өткен соң, қапталды күшейту мақсатында Тұрысбек ойынға кірді. 5-минуттан соң, Тұңғышбаевты Зайнутдинов алмастырды. Ол орталыққа бет алды. Ал Исламхан солға қарай ығысты. Стандарттар да көмекке келмей, қазақстандықтарды әбден тығырыққа тіреген. Ойынның 69-минутында Исламхан бұрыштама көтерді, доп Логвиненконы тапты. Ол маңдайшадан төменірек ұрып, алғашқы голдың авторы атанды.  Кольдо Альварес есеп ашылған соң, өз шәкірттеріне нұсқаулықтар бере бастады. Ойынға Алаес кірді. Латвиямен өткен ойында бар шеберлігін ортаға салған ойыншының бұл кездесуде де маңызды футболшылардың біріне айналатынын алдын ала болжау қиын емес еді. Дәл осы Алаес Мұжықовтың алаңнан қуылуына септігін тигізді. Орталық алаңда доптан айырылған Серікжан өз қатесін жуып-шаю үшін Алаестің қолынан тартып құлатты да, лайықты қызыл қағазын алып, командасына кесірін тигізді. Мұжықов басқа-басқа емес, Андорраға қарсы ойында екі рет тәртіп бұзады деп кім ойлаған? Оған қосымша, андорралық та әртістік қабілетін тамаша көрсетті. Алайда, бұл біздің ойыншының іс-әрекетін ақтамайтыны белгілі.

Футболшылардың басымдығына ие болған алаң иелері ойынды өз қолдарына алуға ниетті екендерін көрсетті. Стандарттан Эрич қорғаған қақпаны нысанаға алған. Доп қиыс ұшты. Андорралықтар бұл ойында үш ұпайды қонақтарға бере салмайтындықтарын аңғартты. Ойынға тағы бір форвард кірді. Неге қонақтардың жүйкесі сыр бере бастағанын түсіну қиын. Дәл қақпа маңында осылай да қателесуге болады екен-ау? Миға сыймайды. Капитан Дмитрий Шомко допқа таласып өзінде қалдырған. Бір қарағанға, «Астана» қорғаушысы қауіптің бетін қайтарғандай көрінген. Алайда, оның басқа ойлағаны бар екен. Дәл қақпа алдына қарамай тебе салды. Барлық андорралықтар өз айып алаңында жүр деп ойлады ма екен, кім білсін?! Орталық қорғаныстағы Логвиненко да, Постников те қайда жүргені белгісіз, теңбіл доп Алаестің аяғынан табылды. Ол Эричпен бетпе-бет шығып, есепті теңестіріп кетті. Ал сосын алаң иелері жеңісті тойлағандай қуансын. Әрине бар болғаны 20-25% допқа иелік етіп, бір ғана мүмкіндікті голға айналдыру қандай ерлік десеңші. Сонымен, есеп 1:1. Станимир Стойлов ойын соңында қорғаушы Бейсебековті алаңнан алып, орнына жас Сейдахметті қосты. Ойы жеңісті жұлып әкету. Бірақ, оған шәкірттерінің шамасы жетер ме екен? Мүмкіндік болды. Қақпаға 24 метр қашықтықтан Исламхан Роналду ерлігін қайталап берсе игі. Алайда, Бауыржан допты тосқауылдан әріге асыра алмады. Төреші қосымша қосқан уақыттың соңғы секундтарында алаң иелерінде жақсы бір сәт туындады. Бірақ, Мартинеске дәлді жетіскен жоқ. Егер ол қақпа торын тулатқанда, елестетіп көрейікші... Андорра біздің топтағы негізгі фовариттің біріне айналып шыға келер еді. Ойын басқаша өрбісе де, жасыл алаңдағы нәтижесіз әрекеттер, капитанның керемет «сыйлығы», андорралықтардың екінші ұпайына қол жеткізуіне кедергі келтірген жоқ.

«Астана» ойыншыларынан көп нәрсе күткеніміз рас. Оның ішінде негізгі құрамнан шет қалған Логкиненконы ғана ерекше атап өтуге болар. Ойын тәжірибесінен қысқарып жүрсе де, гол салып, бір қуантқанына алғыс. Мұжықов пен Шомконың осындай маңызды матчта баланың қателіктерін жасап, құраманы ұятқа қалдырғаны қалай? Еурокубоктық ойындардан ешқандай сабақ алмағаны ма? Муртазаев пен Щеткиннен күткеніміз көп еді. Тұңғышбаев та сенімнен шықпады. Қуат пен Исламхан бар шеберліктерін көрсетуге тырысты. Иә, Андорра-ла-Вельедегі стадионның сапасы сын көтермейді. Бірақ, ондай алаңдар біздің ҚПЛ-да жоқ емес. Футболшылар жүріп өткен жасыл алаң. Бірінші рет шығып тұрған жоқ. Шомко мен Мұжықовтың да жарқын мачтар өткізгенін ұмытқанымыз жоқ. Десе де, олар бүгін ең сәтсіз ойындарын көрсетті. Стоилов сары қағазбен жазаланған Мұжықовты ертерек ойыннан шеттеткенде, мүмкін басқаша болар ма еді бәрі... Немесе Серікжан ондай сәттерде тәртіп бұзбай басқаша шешім шығаруға шамасы болмады ма? Бас төреші исландық та кей эпизодтарды назардан тыс қалдырып жатты. Қазыға бәрін тірей салатын ойымыз жоқ. Қазақстан футболшыларында қандай баасымдық болғанын статистика да айтып тұр. Десе де Андорра Латвиядағы ойынмен салыстырмалы түрде жақсы ойнады. Өз «үйінде» ешкімді оңай «жібере» салмайтындарын көрсетіп бақты. Осымен, екінші ойында Станимир Стоилов шәкріттері өз өмірлерін өздері қиындатып кеткенін түсіну қиын. Алғашқы ойында автогол, ал бүгін сол автоголға жақын сұмдық қателік. Ойын біткен соң, «бәрі басқаша болар ма еді» деп кез келген жанкүйердің ойланары анық. Амал жоқ, тағы да келесі матчқа үмітпен қараймыз. Еуро-2020 да көзден бұлбұл ұшпақ. Қазақстан үшін  қол жетпейтін арман сияқты. Ұлттар лигасы үміт отын жаққан еді, десе де футболшылардың алаңдағы есті шығарған ерсі қимылдары сол үмітті үрлеп өшіруде. Біздің құраманың күші өзімен қатарлас, тіпті төмендеу деген елдің ойыншыларына де келмей жатқан көңілімізді түсіреді.

Ойын соңындағы баспасөз отырысында Станимир Стоилов:

– Бүгін, өкінішке қарай, мен күткен нәтиже орын алған жоқ. 90 минут бойы допты өз иелегімізде ұстадық, алайда... Бізде шабуылдауды түйндеуде үлкен мәселелер туындап тұр. Екі кездесуде ойыннан гол сала алмадық, тек стандартты қана пайдаландық. Жақсы нәтижеге жеткізбеген жеңіл қателік, Андорра ойын барысында бір ғана қақпаға тура соққы жасады және содан гол салды. Екінші назар аударатын нәрсе, біздің шабуылдағы проблемалар, – деді.

Андорра бас бапкері Кольдо Альварес те өз пікірін білдірді:

– Жеңіс туралы сөз болмайды, бірақ бүгінгі қоржынға түскен ұпай үшін шын қуанып тұрмын. Қос тайм да біз үшін көп қиындық туғызды. Андорра қорғаныста болды. Бізге қарсыластың қызыл қағазы көмекке келді. Команда алға ұмтылып, керек нәтижеге қол жеткіздік. Мен өз ойыншыларымды туымыз үшін осылай жан беріп жасыл алаңда тер төккендері үшін құттықтаймын. Бүгін командам жақсы ойнап, тең есепке әбден лайықты болды. Ойынымыз ілгерілеп келеді. Олар кез келгенмен тең дәрежеде ойнай алатындықтарын көрсетті. Атқарылған жұмыс нәтижесін берсе, неге қуанбасқа? Шынында, өз командам көңілім толып отыр. Әрі қарай да қызу жұмыс жүргізе бермекпіз.

(Фотосуреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Сандуғаш Мамышқызы
Бөлісу: