"Анамның жүріп өткен жолы - кино". Әли Оқапов Роза Рымбаева жайлы кино түсірмек

5 Сәуір 2023, 20:50 1401

Әнші Әли Оқапов өзінің анасы, Қазақстанның Халық әртісі Роза Қуанышқызы жайлы кино түсіру туралы айтып берді, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

“Бұл 2020 жылы пандемия кезінде басталған жоба. Барлығымыз үйде отырғаннан кейін іш пысады, сөйтіп Мәди екеуіміз күн сайын анамызға ең үздік киноларды көрсеттік. Өздеріңіз білетіндей, үлкен кісілер көбіне киноға бармайды. Соның орнын толтыру үшін таңдаулыларын көрсеттік. Оның ішінде спортшылардың, ғарышкерлердің, өнер адамдарының өмірі туралы биографиялық фильмдер де болды.  Содан “Неге өзіміздің тұлғаларымыз жайлы кино түсірмеске?” деген ой келді. Алдағы уақытта хан, батырларымыз туралы кинолар шығады, олар бізге керек. Біз заманауи қаһармандарымыздан бастадық. Ол – үйіміздегі анамыз. Кинода заманауи тарих, Тәуелсіздік алған кезіміз пен Кеңестік кезең көрініс табады. Анамның жүріп өткен жолының өзі – кино.  Сол кезден-ақ кино түсіруге дайындықты бастап кеттік. Сценарийін жаздық, анаммен, оның сол кездері бірген жүрген әріптестерімен ақылдасып, кездесіп, рұқсатын алдым. Олардың айтқан әңгімелерін сценарийге сыйғызып, “Ұлттық кино қолдау қорына” ұсындық. Бұл мекеме Мәдениет министрлігіне бағынады”, – дейді Әли Оқапов "Qazaqstan" телеарнасындағы бағдарламада.

Әншінің айтуынша, жобаны жарыққа шығару барысында сәтсіздіктің де болғанын жасырмады.

Біз жобаны “Ұлттық кино қолдау қорына” ұсындық, бірақ өкінішке орай, екі жыл қатарынан іріктеуден өтпедік. Оған не себеп болғанын білмеймін. Естеріңізде болса, өткен жылы “Дос-Мұқасан” жайлы кино шығып, жалпақ тілмен айтқанда “жарды". Фильм аталмыш қордағы кинолардың арасында касса бойынша да, рейтинг бойынша да  бірінші орында тұр. Өте сәтті жоба болды. Сол киноны түсіріп, сценарийін жазған менің жақын достарым. Сөйтіп оларға хабарласып: “Анам жайлы фильмім іріктеуден өтпей жатқанына екі жыл болды. Бәлкім, сендермен біріксек, өтетін шығар” деп ұсыныс тастадым. Олар да бірден келісе қойған жоқ, себебі үлкен жауапкершілікті сезінді, - дейді әнші.

Әншінің ұсынысын достары бірден қабылдамаған. 

“Мен де қорқамын. Өйткені ертең кино сәтсіз шықса, кінәлі мен боламын. Себебі, бұл менің идеям, мен бастадым және жауапкершіліктің жүгі менде болады. Бірақ мотивация жағынан біздің деңгейіміз жоғары. Себебі бұл – біздің отбасымыздың тарихы. Өткен аптада "Ұлттық кино қолдау қорына” біз үшінші рет құжаттарымызды тапсырдық, – дейді Әли Оқапов.

EL.KZ
Бөлісу: