Анадолы жұртында Алаш тақырыбын зерттеу ісі көш басында…

15 Маусым 2022, 17:12 2328

Бүгін Анкарада Қазақ елшілігінің ұйымдастыруымен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған «Ғасыр ағартушысы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті,- деп хабарлайды El.kz.

Мәдени шара туралы белгілі жазушы, алаштанушы-ғалым Елдос Тоқтарбай өзінің телеграм каналына жариялады.

– Анадолы жұртындағы ғылыми-шығармашылық сала өкілдері Алаш тақырыбына сұмдық ден қойған. Алашты тану, зерттеуге деген сұраныс жоғары. Қазіргі Түркияның әр тарабындағы университетте Алаш тақырыбын зерттеп жүрген мықты профессорлар мен доценттер бар. Докторлық, магистрлік диссертацияларына Алаш тақырыбын бекіткен жас зерттеушілер қаншама!,- деді Елдос Тоқтарбай.

Алаштанушының айтуынша, Алаш қозғалысының жетекшілерінің бірі, үлкен қайраткер ақын, жалынды публицист, түркі поэзиясына «Оян» мотивін енгізген Міржақып Дулатұлының түрмеде (1932-1934 жылдары Сосновецтегі түрме) жазған қос тілді сөздігі басылып шықты және оның барлық шығармалары түрікше «сөйлепті».

Тарихшы Қазақстанда қазір Міржақып ағаның шығармашылығын, ғұмырнамасын зерттеп жүрген ешкім жоқ екенін айтады. «Әйтпесе Міржақып көкеміз қазына емес пе!»,- дейді ол.

Алаштанушы 2025 жылы Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойы болатынын сөз етті. «Сол той жақындағанда небір «міржақыптанушылар» шығады-ау мінберге таласып… Өкініштісі сол — ойлағаны Алаш емес, ақша алып қалу, немесе тойда ретін тауып, тұлғаның кітабын шығарып қалуды көздейтін жолбикелер көп-ақ… сөздің шыны — осы. Ал Міржақып туралы осы күнге дейін жан-жақты талданып жазылған бірде-бір іліп аларлық монография жоқ! Бұл ретте Міржақып әкені Анадолы жұртына танытқан ғылым докторлары, Сивас университетінің оқытушылары Гүлмира Оспанова ханым мен Onur Balci мырзаға Тәңір жарылқасын айтқымыз келеді»,- дейді алаштанушы.

Алаш мұрасы Анадолы аспанында қалықтай берсін!

Бақытгүл Абайқызы
Бөлісу: