Ана құрсағындағы шарана қай кезден бастап қозғала бастайды?

21 Мамыр 2015, 11:59

«Ана – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен бүкіл әлемді тербейді», «Ақ шашты ана: «жастығым - балам» дейді. Ақылды бала: «ай-күнім – анам» дейді».

«Ана - бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен бүкіл әлемді тербейді»,  «Ақ шашты ана: «жастығым - балам» дейді. Ақылды бала: «ай-күнім – анам» дейді» демекші, бала құрсаққа біткеннен бастап-ақ аналық мейірім, сабырлық іспеттес қасиеттер одан әрмен дари түседі. Алғашқы жүректің айнуы, бастың айналуы, ұйқының қысуы, тәбеттің артуы немесе керісінше кемуі, шаршаңқылықтың басым болуы, көңілшек келуі болашақ аналар үшін «жағымды жайсыздық» болып саналады. Өйткені әрбір қазақ аруы үшін «ана атану, ана болу - бақыт» екені айтпаса да түсінікті.

Ана мен құрсақтағы баланың арасындағы алғашқы байланыс «қозғалу үрдісі» арқылы жүзеге асады. Қозғалысты бірінші рет «ана» атанғалы отырған әйел 18-20 апта аралығында, ал бірнеше балалы әйел одан ерте кезде сезіне алады. Сезіну түйсігі осы кезеңде басталғанымен, эмбрионалды кезеңнің соңында, яғни 8 аптадан бастап нәрестенің қозғалыс әрекетіне жауап беретін жүйке-жүйесі қалыптаса бастайды. Шарананың тым кішкентай әрі әлсіз болуына байланысты және оның құрсақ ішінде емін-еркін «жүзіп», жатыр қабырғаларына өте сирек жанасуына байланысты оны анасы да ерте сезіне алмайды.

Шарананың басты мақсаты – құрсақ ішінде даму. Оның дұрыс дамуы үшін дұрыс тамақтану мен қолайлы жағдай тудыру шарт. Егер іштегі балаға оттегі мен тамақ жетіспесе, ол белсенді қозғала бастайды. Болашақ ана арқасымен жатқан кезде, шараналы жатыр ағзадағы ең ірі тамырларды жаншиды, соның әсерінен де бала қозғалысы аса белсенділікке ие бола бастайды. Бұл жағдайда анаға бірден бір қырымен жатуға көшу керек.

Ана сезімі

20-22 апта аралығында жұлын мен бас миы қалыптасқан кезде шарананың қозғалысы жиілей түседі. Дәл осы кезеңде анасы баласының қозғалысын жиі әрі дәлірек сезінеді. Алғашқы қозғалысты әр ана әртүрлі сипаттайды. Мәселен, бірі ішінде балықтың жүзіп жүргеніндей , ал бірі ішінің қайта-қайта құрылдағанындай сезімде болғанын айтады. Қозғалыс – болашақ анаға баланың іште аман-есен дамып жатқандығын білдіретін құрал іспеттес. Жарты сағаттың ішінде іштегі 5 айлық бала шамамен 20-дан 60-қа жуық қозғалыс әрекетін жасай алады екен. Жалпы, шарананың қозғалыс күші және оның ырғағы мен шапшаңдық қарқыны уақытқа байланысты өзгеріп отырады.   24 аптадан бастап шарананың қозғалысы жаңа туған сәбидікіне ұқсас келеді. Осы кезеңнен бастап шарана  қозғалыс арқылы анасымен «сөйлесе» бастайды. Мысалы, анасы қуанғанда немесе ашуланғанда іштегі бала белсенді қозғалып немесе мүлдем үнсіз қалуы мүмкін. 

Тым қатты әрі ауыртатын қозғалыс – баланың жағдайының нашарлағанын білдіреді. Егер бірнеше сағат бойы шарананың қозғалысынан ауыртпалық сезімі айықпаса немесе 12 сағат бойы қозғалысы мүлдем тоқтап қалса, жүкті әйел міндетті түрде дәрігерді хабардар етуі тиіс.  24 аптадан бастап бала сағатына кем дегенде 10-15 рет әрекетте болып, 3 сағат бойы қозғалмастан ұйықтауы мүмкін.

Шарананың алғашқы қозғалысы оның денсаулығының қандай дәрежеде екенін білдіріп қана қоймай, сол сезімді бастан өткерген әрбір әйел затына бақыт, тылсым сезім сыйлайды, аналық махаббатының артуына септігін тигізеді, ерекше қуаныш береді. Қазақтың аруларына өмірдің мәнін де, сәнін де кіргізетін «ана бақытына» ие болуына тілектеспіз. 

Мақаланы дайындаған:

Құлжанбай тегі Арайлым 

Бөлісу: