9 Мамыр 2016, 12:05
... Бұған ауыл жөнді мән бере қойған жоқ. Өйткені соғыс дегеннің не екенін, қалай болатынын ешкім де білмейді. Ойыншық сияқты көреді.
– Соғыс дегеніміз Ниғап екеуміздің мас болып төбелесетініміз тәрізді ғой, – деп күледі менің Ниғап ағайымның құрдасы Төлегетай қолын бір сермеп. – Мастығымыз тарқағаннан кейін қайта татуласамыз.
– Төлегетайдың бұл сөзіне жиналған жрт ду күлісіп алды.
– Жоқ, олай емес, – деп Ниғап ағай бас шайқады. – Екеуміз төбелессек, ешкімнің ештеңесі кетпейді. Ал соғыста қаншама адам қырылады!..
– Жаңа ғана қарқылдап күлген кісілер езулерін жинап, теп-тез үнсіз қалды.
22 июнь 1941 жыл.
***
Адамнан қан ағады, тер шығады. Оқ тисе – қан, еңбектен – тер. Адам осы екеуінің ортасында өмір сүреді. Бүгін огневая подготовка сабағында отырып, осыны ойладым. Осындай тақырыппен не өлең, не поэма жазар ма едім дедім. «Қан мен тер» деген аты да тартымды, әрі философиялық мәні бар сөздер ғой. Тіліме мынадай бір өлең шумақтары оралды осыдан кейін:
Қан өлімнен шығады, тер еңбектен,
Өлімге ерік бермейді еңбек еткен.
Өзінің жұрт сүйсінер қайратымен
Еңбек шіркін жүректі елжіреткен...
Взвод командирі шақырып жатыр. Өлең аяқталмай қалды.
10.07.1942 жыл.
***
Түнде 2-де взводтың қызыләскері Ербақанов Сейітқазы асылып өлді... Оны бүгін тағы да нарядқа қойыпты. Ол бұрын да осындай нарядтан көз ашпайтын еді.
5.11.1942 жыл.
***
Өткен түн аяз болып, күн бүгін ашық еді. Самолет дегеніңіз аспанға сыймай кетті. Сағат 9-дан бастап жерде де, көкте де атыс. Гүрс-гүрс.
28.12.1942 жыл.
***
17 январь 1945 жыл. Өлген немістер жол жағасында жиі кездеседі. Біздің солдаттар жалаңаштап кетіпті кейбіреулерін.
***
Менің көзіме екі қартаң қазақ шалынды. Шамалы тілдесіп қалдым. Олар 1941 жылы тұтқынға түсіп қалған екен. Оларды Гитлер совет әскерлеріне қарсы соғысуға мәжбүр етіпті. Әдікен Сейсенбеков қазақтардың біріне: «Сендер қазақпын деп айтпаңдар, халқыңның атына кір келтіресіңдер!», – деп өнеге үйретіп жатты. Ол сорлы кінәлі қалып танытып, тез-тез басын изеді.
30 шілде, 1944 жыл.
***
6 декабрь 1942 жыл. Бұрын бізде артиллерия мастері болып, кейіннен дивизияға ауысқан үлкен сержант Сперанский Борис келді. Борис айтады: Кеше біздің штабқа 4 неміс ұстап келді. Екеуі офицер. Оларды алдымен дивизионның штабына әкелген. Онда кіші лейтенант Біләлов нан жеп отырса керек. Сонда немістің бірі тұрып:
– Мынау артиллерист пе, минометчик пе? – деп сұрады Біләловті.
– Артиллерист, – деп жауап беріпті біздің жігіттер.
– Ендеше артиллеристеріңді ақ нан, колбаса беріп тамақтандыруларың керек. Сонда артиллерияларың дәл ұрады, – деп айтты дейді неміс.
– Ал минометшіні ше? – деп сұрайды Біләлов.
– Соломмен тамақтандыру керек. Минометчиктерің өте жаман ұрады, – депті.
Жолда әкеле жатқан часовойларға: «Сендердің киімдерің жылы, жүз жыл соғысуларыңа да болады ғой» деп айтады дейді немістер.
***
Күнге қарап оқ атпан,
Күншығыста елім бар!
29 сәуір, 1943 жыл.
***
19 апрель. 1943 жыл. Бүгін зеңбірек аттарының жал-құйрығын тарап, жуып жатырмыз. Бәйгеге қосатындай етіп, кекілін сәндеп, кежімдеп жатырмыз... Егер осы аттар болмаса, үш тонналық зеңбіректерді біз қалай сүйреп жүрер едік? Адам сияқты емес, ат байғұстар сол сіңірген еңбектеріне сыйлық сұрап, награда дәметпейді... Биыл 9 январьда 6 ат пен 6 жауынгерім оққа ұшты. Аттарым менің, асылдарым менің!
***
13 сентябрь 1943 жыл. Айнала тұман болып кетті. Артиллерия даусынан есі шыққан 9 торғай ағаштан-ағашқа ұшып, пана таппай жүр.
***
13 февраль 1945 жыл. Біз атып бола бере, бізге қарай бір елік қашып келе жатты. Алдынан біреулер оқ атып еді, кейін қарай қашты. Байғұс, жаралы киік жанын қайда қоярын білмей сасуда.
***
25 январь 1945 жыл. Алды-артына снаряд жарылып, төбесінен оқ жауып тұрған адамның басында үш түрлі ой болады: әлде жараланармын, әлде сау қалармын, ең ақырында амалсыздан мүмкін өлермін деген.
***
6 қаңтар 1943 жыл. Сұмдық болды. Сұмдық емей немене, кеше кешке бізді немістер позициямыздан кері шегіндірді.
***
17 қаңтар 1945 жыл. Күндіз өзіміздің самолеттер шатасып, өз үстімізге бомба тастап кетті. Ұятсыз шіркіндер!
***
29 июль. 1944 жыл. Жұрт ол жерден (Брест маңы) консерві, шоколад, арақ сияқты азық-түлік олжа жинап, қарқ болып қалды. Біздің расчеттан ешкім еңкейіп, жерден ештеңе көтерген жоқ. «Бүлінген елден бүлдіргі алма» деген қазақ мәтелін біз берік ұстандық. Коми жігіті Жижев те «қазақтың осы мәтелі маған қатты ұнайды» дейтін.
***
13 февраль 1945 жыл. Таңертең бір қазаққа кездестім. Ол күйші Дина Нұрпейісованың туған баласы екен. Бұрын Алматы филармониясында хорға қатысушы болған. Қазір 412-ші атқыштар полкінің 3-ші батальонында санитар екен. Аты – Мұрат Шапеков.
***
10 май, бейсенбі, 1945 жыл. Соғыс біткеннен кейінгі бірінші күн. Бұл – тыныштық дәуірдің бірінші күні, тыныштық дәуірдің басы!
(ҚР Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың «Әскери күнделігінен»)
Әзірлеген – Жансая Төлеген