«Ән дария» республикалық әншілер байқауының жеңімпаздары анықталды

3 Желтоқсан 2023, 01:30 1646

Ақтауда Достық үйінде дәстүрлі әншілер арасында өткен үшінші республикалық «Ән дария» байқауының жеңімпаздарына марапатталды. Іс-шараға Қазақстанның әр өңірінен 30 орындаушы қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлде алматылық Мерлан Жамбыловқа бұйырды. Бірінші орынды Адай Әзімхан жеңіп алды. Екінші орынға Атыраудан келген Алида Қуанова мен Жасұлан Базарбаев ие болды. Ал үшінші орынды БҚО-нан келген Нұралы Айтуған, маңғыстаулық Әбдіғали Ибраев және астаналық Асқар Мұқият өзара бөлісті.

Сондай-ақ қатысушыларға Қайып Қорабайұлының құрметіне арналған және ынталандыру сыйлықтары табысталды. Кеште құрметті қонақтар қатарында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Ерлан Рысқали, «Ән дария» ІІ бас жүлдесінің иегері Біржан Есжанов, ҚР «Мәдениет саласының үздігі», танымал орындаушы Қайрат Кәкімов, сондай-ақ ҚР мәдениет қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің «Дәстүрлі ән» кафедрасының доценті Толғанбай Сембаев болды.

Екі күнге созылған республикалық конкурстың соңғы күнінде ел мәдениетінің ажырамас бөлігі, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан танымал дәстүрлі қазақ әндері, атап айтқанда «Сары бидай», «Ғалия», «Бозторғай», «Ағайша» шырқалды. Нұрлан Ноғаев қазақтың дәстүрлі ән өнері сан ғасыр бойы қалыптасқан халқымыздың қазынасы екенін атап өтті.

Мақсатымыз - дәстүрлі әндерді орындауда жастардың шеберлігін дамытуға ықпал ете отырып, осы қасиетті мұраны ұрпақтан-ұрпаққа насихаттау және жеткізу. Бұл іс-шараға еліміздің Батыс, Сыр және Жетісу, Алтай-Тарбағатай мектептерінен ән өнерінің дәстүрін сақтаған әншілер қатысты. Барлық жеңімпазды құттықтаймын, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.

 

Берік Арманов
Бөлісу: