Қамшының өзге қызметтері

22 Тамыз 2014, 08:32

ҚАМШЫ ҚАЛДЫРУ – құда түсу салтында қыз көруге келген адамдардың құда болуға ниеті бар екенін білдірудің тілдік емес (бейвербалды) белгісі.

ҚАМШЫ ҚАЛДЫРУ – құда түсу салтында қыз көруге келген адамдардың құда болуға ниеті бар екенін білдірудің тілдік емес (бейвербалды) белгісі. Құдаларының текті аталардан болғандығын қалайтын ата-ана ұлына қалыңдық іздейді. Ұлдың әкесі ауыл ақсақалы мен азаматтарына және өзінің туған-туысқандарына жолығып, ұлына қалыңдық іздеп жүргендігі туралы ойын білдіреді. Оған жақын- жанашыр адамдар ақыл қосып, пәлен жерде бір текті кісі және оның бойжеткен қызы барын айтады. Сөйтіп, жігіт әкесі ауылдағы беделді адамдардың бірін қыз көруге әкесінің үйіне жібереді. Олар жолаушылап жүрген болып қыз әкесінің үйіне келеді.

Қыз әкесі келген қонаққа қонақжайлылық танытып, қонақасысын береді. Қызды көріп, жібі түзу екен десе, жолға аттанар алдында өзінің қамшысын кереге басына іліп қалдырып кетеді. Мұны көрген қыз әкесі келген кісілердің аты – жөнін, кімдер екенін, қандай ниетпен келгендерін білгеннен кейін оларға жауабын беруі тиіс. Егер келгендердің ниетін мақұлдаса, қалдырған қамшы қайтарылмайды, өйткені керегенің басында тұрған қамшыны байқаған келесі бір қыз көрушілер қыздың басы бос емес екенін біледі.

Қамшы қалдыру. Суретші Е.Оспанұлы

Қамшы қайтару - құда түсу салтында құда болуға ниет етіп келгендерге «қыздың басы бос емес» немесе

«құда болудың жөні келмейді» деген мағынаны білдірудің тілдік емес жолы. Егер қыздың басы бос болмаса (біреуге айттырылып қойылса) немесе қызын әлдеқандай себеппен бергісі келмесе, иесіне қамшы қайтарылады. Бұған, яғни құдаласу ниеті қабылданбағанға жігіт әкесі түсіністікпен қарап ренжімейді.

Әдеб.: Кенжеахметұлы С. Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет- ғұрыптары. Алматы: Атамұра, 2010; Уәли Н. Бұрынғыдан қалған сөз (Қолжазба).; ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.

ҚАМШЫ ТАСТАУ – белгілі бір даулы мәселеде билердің төрелігіне жығылуға келген талапкердің немесе жауапкердің сөзін ұстаушы бидің төбе биден тілдік емес (бейвербалды) жолмен сөз кезегін сұрауы. Ортаға қамшысын тастаған адамға өз кезегінде сөз беріп, айтар уәжін тыңдайды.

Қамшы тастау. ХІХ ғ. соңы, ОГҚ мұрағатынан (разряд 112, опись 3, №164)

Билер отырысындағы қамшы тастап «сөз сұрау» жосынын жазушы І.Есенберлин «Көшпенділер» атты романында этнографиялық дәлдікпен сипаттаған: Сөз астарын түсінетін қызба мінезділеу Темір би сөз таластырғысы келіп кетіп, ежелгі дәстүр бойынша айыр түсті, алтын сыммен оралған тобылғы сапты қамшысын алдына тастай салды (Есенберлин І. Көшпенділер. 169 б.). Әдеб.: Уәли Н. Бұрынғыдан қалған сөз (Қолжазба).; ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.

ҚАМШЫ ӨРУ қайыстан тілінген таспаларды әртүрлі мәнерде өре отырып, соңына жеткен соң таспалардың ұшын түю арқылы қамшы өрімін даярлау. Қ. ө-ге серке, торпақтың терісін, шала иленген жас тері (керғайза немесе көксоқта тері) және май сіңген қайыс қолданылады. Қ. ө-ге сондай-ақ шикі теріден, кеппеген шылғи теріден, жаңа иленген теріден тілінген таспалар алынады. Қамшы өрімнің ортасына иленген қайыстан жұмыр өзек салып, сыртын шылғи теріден тілінген таспамен өреді. Мұны қамшының өзегі деп атайды. Таспаның саны 8; 10 кейде 32-ге дейін болады. Тіпті одан да көп болып 48-ге дейін жетуі мүмкін. Таспаның саны үнемі жұп болып отырады. Оның саны көбейген сайын өрімнің мәнері күрделене түседі. Қамшы өрімі қатқыл әрі солқылдақ болғандықтан тиген жерін осып өтеді.

Қайысты бір ұшын таспаның қажет санына қарай, жыра тіліп, бір адамға ұстатып қояды да, өрімші адам таспаны қыса ұстап, ұшы сүйір, жүзі жұқа, өткір пышақпен жүзін өзіне қарата жүргізіп тіледі. Осылайша тілінген таспаны біркелкі етіп өңдейді және оны сыдыру деп атайды. Ол үшін таспаны сыдырғыштың керітілген тұсына салып, пышақтың жүзін сыдырғыштың сыртқы қапталына қажет мөлшерде сүйей ұстап өзіне қарай тарта сыдырады. Таспаның оң жақ қапталын сыдырып болған соң, қайысты аудырып, сол жақ қапталын да осы әдіспен сыдырып шығуға болады.

Сыдыруды таспаның қырларын пышақтың жетесіне қапсыра қысып ыспалау немесе “тескімүйіз” деп аталатын аспаптың әртүрлі көлемдегі тесігінен өткізіп кедір-бұдырынан арылтып, жылмағай етеді.Өрімші таспа тілгенде, сыдырғанда пышақты оқтын-оқтын жануышқа салып, жанып отырады. 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi»

Бөлісу: