22 Тамыз 2014, 08:35
ҚАМШЫГЕР – ұрыста қамшымен қорғана білетін және жауын соққыға жығатын қамшыны қару ретінде жұмсауға әбден машықтанған адам.
Бұл жерде қамшыгер мен олардың қамшыгерлік машығын, өнерін арнайы қарастырып, қамшыгерлер жайында мақала жазған, тың әрі маңызды деректертер қалдырған белгілі этнограф Ж.Бабалықұлының айтқандарын, жазғандарын негізге алғанымызды атап айтамыз.
Қазақ халқы шаруашылық, тіршілік салтына байланысты ат жалын ұстаған жасөспірімнен бастап, еңкейген кәріге дейін ат-көлік мініп, ер-әйел демей түгелімен қамшы ұстаған. Әркімнің өзіне лайық, өзіне тән қамшылары болған. Ат-көлікке мінгенде қолында, қонышында, білегінде, белінде, тақымында, ерінің алды-артында, үстінде қамшы ілулі тұрады. Кейде ауызға да көлденең тістеледі. Ал үйде отырған кезде керегенің басында, көгінде, уық қарында, сыртқы дөдеге мен белдеуде немесе ашада қыстырулы тұрады. Қарбалас кезде жабық, киіз-сырмақ астында, тіпті тізесі астында жатады. Өмір талабына орай әркімнің қамшысы өзі қойған жерінде тұруға тиісті. Қамшы әркімнің қолында жүретін құрал және елеусіз көрінетін суық қару. Бірақ қолында қамшы жүргенімен, оны қорғаныс немесе соққы қаруы ретінде пайдалану кез келген адамның қолынан келе бермейді. Қамшылы адам - сырттай қарағанда қарулы адам. Қамшы арқылы жауынан қорғана алатын не қайтарып салатын адамдар ғана қамшыгерлер аталады.
Ж.Бабалықұлы қамшыгерліктің Қытайдағы және Моңғолиядағы қазақтарда әлі де бар екенін айта келіп, олар жайында төмендегідей маңызды, әрі нақтылы деректер келтіреді:
«Жоңғар қалмақтарының оймауыт руынан шыққан Жондын атты адамды қазақтар Қаймолла атап кеткен 1954 жылдары 60 жас шамасында еді. Өзі қамшыгер, өзі кәсіби шебер, өрімші болған. Жондын қолынан шыққан қамшыны ат-түйедей қалап, сұрағанын беріп алатын. Одан басқа Еренқабырғаның Манас өзені өңірін мекендеген керей елінен шыққан атақты батыр Хамза Шөмшібайұлы (бала Хамза, 1981 жылы Түркияда қайтыс болды) сияқты қамшыгерлер болған. Тарбағатайдың оң тұсында Жайыр тауын мекендеген керей ішінде атақты қамшыгер Лақ деген адам әрі найзагер болған екен. Жаугершілік заманда Лақ пен Саржан деген адамдардың батырлық даңқы бірге шыққан. Әрі найзагер, әрі қамшыгер Лақтың туған баласы Бәлел де атақты қамшыгер еді (1945 жылдары 50 жаста болған). Қыс күндері Бүркіт салып жүргенде өрістес жатқан қалмақтың жараған бурасы тұра ұмтылады. Оң қолында қондырған бүркіті болады да, ауыз сала берген бураны қасқа маңдайдан қамшымен сол қолына ұстаған күйі тартып жібереді. Түйе етпетімен түседі. Бураның иесі дау көріп: “Сен басқа қарумен ұрдың, түйемді төле” дегенде, Бәлел сонадайға барып, қайта оралады да, шауып өте беріп, оң қолымен өлген түйенің басына қамшымен ұрып, сүйегін тесіп жібереді. Қамшыгерлігі арқылы даудан құтылады. Жайыр тауын мекендеген ел ішінде атақты батыр Қалидың үлкен әкесі Жұмағұл атқа қарғыған итті қамшымен тартып жібергенде иттің қаңқ етуге шамасы келмей сұлап түскен. Ал Төлебай қамшыгер мен Найман ішінде қаракерей, оның ішінде мәмбет, тоғалақ атасынан Әріп атты жас жігіт, 1940-жылы жазда жоқ қарап ел аралайды. Кездейсоқ, тойда тартылған лаққа араласады да, лақты алып додадан ұзай шыға жөнеледі. Соңына түскен үш жігіт қуып жетіп, Әріпті сабай жөнеледі. Үш бірдей дойыр қамшы жанына батқан Әріп ызаға булығады да, үштің бір жауырын ортадан қамшымен тартып жібереді. Қамшы тиген жігіт аттан ұшып түсіп, тіл тартпай өледі. Қамшы – қабырғаны сындырып, өкпеге тиген. Кісі өлімі болса да, ел-жұрт
«Әріпті сабағандар кінәлі» деп тауып, ел салты негізінде құнды тындырады. 1952 жылы өкімет өзгергенде өлген жігіттің туыстары қайтадан дау қозғайды. Жергілікті Қытай өкіметі істі байыптай келіп, Әріпті тағы да ақтайды. Бірақ, қытайлар «қамшыгерлік» деген ұғымға көңіл аударады да, Әріптің өнерін байқаудан өткізеді. Әріптің қамшысымен бәрі де ұрып көріп, болдыра алмайды. Әріптен қамшыгерлік сырын сұрағанда, «Мен сол сәтте ұратын затты ғана көрдім. Ал қамшыны қалай жұмсағанымды білмеймін» депті. Соған қарағанда, қамшыгерлік - әрі ішкі дарындылық, әрі машық болуы да мүмкін. Немесе зерделі азамат Әріп, қазақ халқының ұлттық өнер сырын қытайларға айтқысы келмеуі де ықтимал (бұл уақиға - Қытайдағы Іле қазақ автономиялы облысы, Шағынтоғай ауданында болған). Ыбырай Мазақбайұлы Төлебай қамшыгермен бәстесіп, «Егер сен менің балуаным «Қаратөбелді» қамшымен бір ұрып жықсаң, астымдағы атымды мінгізем. Бір ұрып жыға алмасаң, мына көптің алдында қамшыгер атағынан құладым деп мойында» депті. Сонда Төлебай «жоқ ол жазықсыз адам ғой, обал болады, құнға жығыларым жоқ. Өгіз әкел» дейді. Егес-бәске қатынасқан жұрт қамшыгердің де, Ыбырайдың да шашбауларын көтеріп, атан өгізді айдап өткізеді. Төлебай өгізді белден тартып жібергенде, өгіз өкіріп барып, жата кетеді де, пышаққа ілінеді. Өгіздің осылған жері тесіліп, бел омыртқаның басы кеткен деседі. Ыбырай зәңгі өзі мініп жүрген таңдаулы қаркер атын бәске атағаны үшін мойын бұрмастан қамшыгерге жетектетеді. Уақиға 1939 жылы Тарбағатай мен Сауыр тауы арасындағы Қотанашы-қожырдың Көкмойнақ деген жайлауында өткен. Аты шулы қамшыгер Сарқожақ деген адам су таласы жан жалында төрт адамды өлмейтін жерінен қамшымен ұрып, аттан түсіріп кеткен. Бұл уақиға 1940 жылдары болған. Соңғы кездегі кейбір бәсекеде сиырдың шылғы терісін төрт пұшпағынан төрт қазаққа керіп ұстағанда, қамшыгерлер тіліп түседі деседі. Төртке бүктелген сиырдың жас терісін жерге тастап қойып ұрғанда терінің бір қабатын, не екі қабатын тесіп немесе жыртып, тіліп кететін көрінеді».
Қарт этнографтың бұл келтірген деректерінен бір кездері қамшыгерлердің ел ішінде аз болмағаны және олардың өзара бәсекелесіп, өнер сынасқаны, өнері асқандарының сыйлық алғаны сияқты жайттардың кездесу қамшыгердің ерекше өнер иесі болғанын, сонымен қатар, қазіргі заманда ұмытылып, жоғалып бара жатқан қамшыгерліктің кәсіби деңгейге жеткенін байқатады. Автордың дерегінде тілге қатысты айырықша құнды төмендегідей мәліметтер кездеседі: қасқайта тартып (салып) жіберу; қасқайта періп жіберу; кесе тарту; оса тарту; тіле тарту; осып жіберу, тіліп түсу; кесіп түсу; көсіп-көсіп жіберу; орай тарту; жондата тарту; шекеден, самайдан тарту; қызыл тобықтан тарту; жауырын ортадан тарту; аяқтың үстінен тарту; қамшыны ішке тарта ұру; қамшыны сыртқа тептіре ұру; сыйпай қамшылау; жанай қамшылау, бауырлай қамшылау; бауырлап-бауырлап жіберу; жасқау т.б. Демек, Қ. өзіндік терминдік жүйесі қалыптасқан ұлттық спорт өнерінің саласы болды.
Көрнекті жазушы Оралхан Бөкей «Қамшыгер» әңгімесінде атақты Садақбай қамшыгердің жан тапсырар алдындағы ақтық рет пәрменмен тартқан қамшысы қабаттаулы жатқан өгіздің терісін балтамен шапқандай кесіп түседі. Қарысып қалған қолындағы қамшыны ешкім босатып ала алмай, қамшыгердің қамшысы ақырында ақыретімен бірге оралады. Бұл сюжет әсірелеу тәсілімен жасалса да, суреткер ел жадынан шығып, ұмыт болуға айналған қамшыгердің көркем тұлғасын шыншылдықпен сомдайды.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi»