ХХІ ғасырдың түрлі сынақтары мен өткелектері адамзатты түрлі қиыншылықтармен бетпе-бет келтірмек. Әлеуметтанушылар мен саясаткерлердің кезінде талассыз саналған кейбір тұжырымдары уақыттың сынынан өте алмағанын көріп отырмыз. ХХ ғасырдағы асқынған ұлтшылдық пен империялық амбиция салдарынан туындаған екі ғаламдық соғыстан, түрлі төңкерістерден әбден қалжыраған Еуропа бірігу идеясына беттегенін білеміз. Бұл бірте-бірте күллі әлемнің жаһандануы үдерісіне ұласты.
Желдей ескен осы саяси термин жарты ғасыр адамзаттың ауызынан түспеді. Оның белгілі элементтері жүзеге асып жатқаны да ақиқат. Адамзаттың ғылыми және технологиялық табыстары ұлғая келе, жер шарын кішірейтіп жібергендей әсер қалдырады. Сондықтан да әзілге бейім «жер шары қыстағы» ұғымы пайда болды. Бұл мемлекеттердің технологиялық төңкерістердің әсерімен өлшеусіз жақындасқанын білдірсе керек.
Бірақ соңғы жылдардағы ғаламдық процес бұл идеяға күмән тудыратын жағдайға жеткізді. Англияның Еуропалық одақтан шығуы – Еуропалық бірегейлену үдерісінің жасанды екенін аңғартқандай. Оның үстіне әлемді өрттей жалмаған пандемия кезіндегі мемлекеттердің өз шекараларын тұтастай жауып, алдымен өз ұлты мен өз азаматтарының амандығы мен жағдайын ойлауы да бізді ойға салмай қоймайды. Біз жаһандануды қанша дәріптегенімізбен, нақты мәселелермен бетпе-бет келгенімізде алдымен «мен» принцибіне көбірек иек артатынымызды аңғарғандаймыз. «ХХІ ғасырдың басында еуропалықтардың 90%-ы өздерін, ең алдымен өз ұлтының өкілі екенін алға тартқан. Шындығында Еуропа бүгін терең этникалық жікке бөлінді. Сырттан келген қоныс аударушылар көбейді. Мұсылмандардың саны 25 миллионға жетті. Олар өз дініне, дәстүріне берік, бөтенге сіңіп кетпейді» деген Амангелді Айталы тұжырымының жаны бар. Бұл жіктеліс байырғы Еуропалықтардың бұғып жатқан нәсілшілдігін қоздрып, келімсектерге деген қарсылығын ұлғайтуда.
Дегенмен жаһандануды әр халық өзінше қарастырады. Бұл мемлекеттік мүдденің ауанына да байланысты өрбуі мүмкін. Жаһандық үдерістің осы бір формасын біреулер экономиканың жаһандануы, енді біреулер мәдениеттердің кірігуі тұрғысынан да қарауы мүмкін. Бұл халықтың мүддесі мен қажеттіліктері айқындайтын дүниелер.
ХХ ғасырдағы алпауыт отарлаушы империялар үздіксіз ыдырап, жер бетіндегі колониялар бірінен соң бірі тәуелсіздік алып, картада жаңа мемлекеттер көптеп пайда болды. Тәуелсіздік жаңа, жас мемлекеттердің алдына сан тарау жол ұсынды. Үздіксіз өзгерістер заманында дамудың жаңа мемлекеттердің жағдайына лайықты формасын таңдау да жаңадан тарих сахнасына шыққан елдердің қалыптасып келе жатқан саяси және рухани элитасының басындағы ең басты міндетке айналды. Бұл өмірлік міндет болашақты айқындайтын басты фактор екені түсінікті. Әлем ғалымдарының ғылыми тұжырымдарына сенсек, орта ғасырларда карта бетіндегі шекаралардың саясат зерттеушілері үшін маңызы шамалы болғаны аңғарылады. Себебін Жүсіп Баласағұн былай түсіндіреді: «Әлемнің саяси картасының көзге түсер басты ерекшелігі – бүкіл жер бетінің 200-ге жуық нақты аумақтық бөліктері, яғни егемен мемлекеттері. Орта ғасырда саясат зерттеушілері үшін шекаралар мен шектеулердің аса маңызы бола қойған жоқ. Үйткені дәл сол мемлекеттер егемен болғандықтан, өзін-өзі басқарады әрі аумағы белгіленген саяси қауымдастықтан тұрады». Ал, қазіргі адамзат үшін шекара ең принципті мәселе болып есептелетіні көзіқарақты оқырманға белгілі жәйт.
Қазақтың соңғы ханы Кенесарының қасіретті өлімімен бірге құлаған қазақ мемлекетінің тарихынан қарасақ, жүз қырық төрт жылдан кейін қалпына келтірілген қазақ мемлекетінің алдынан да осы сұрақтар шықты. Тарихымыздың ең шешуші кезеңдерінің бірі саналатын осы түйінді біз шартты түрде «Әмірсана синдромы» деп атадық.
ХІХ ғасырдың өн бойындағы ұлт азаттық күрестері ел басындағы элитаның алауыздығынан сәтсіздікке ұшырап отырды. Бұл ұлт зиялыларының бір бөлігі күрес жолын таңдаса, енді бір бөлігі бодандықты қабылдап, заманның білімі мен ғылымын игеріп, теңдік дағуасына жетуді көздеген ұстанымдарынан байқалады. Біз бүгінгі ұстанымдар мен көзқарастар тұрғысынан қарап, бұл әр алуандықты сынаудан аулақпыз. Бірақ, бодандық қамыты батқан сайын, ұлт зиялыларының өзіне, ұлтының потенциялына деген сенімі азайғанын тарихи уақыт желісінен аңғаруға болады. Кенесары ханның патшалық Ресеймен соғысының жеңілу себептері туралы алаш арысы Қошке Кемеңгерұлы «1. Ұлы жүз бен қырғыздың Ресейді тәуір көргедігі, ол кезде Ресей Қытайдан қорқып, екеуін де әлдилеп ұстап отырды. Өмір бойы Ресей бізді жарылқайды деп, екеуі де Ресейді жақтады. 2. Кіші жүздің мойынына құлдық құрығының ерте түсіп, тыпырлауға шамасы келмегендігі. 3. Орта жүздің ала болғандығы һәм шаруасының күйзелгендігі. Кенесарының бас ақылдас адамдарының ішінен тыңшы шығып, Кенесарының жайынан үкімет төрелеріне хабар жеткізіп тұрған. 4. Орыстың соғыс жөніндегі қару-жарағының һәм әскерлік ұйымының үстем болғандығы», - деп тұжырымдайды.
Ал, «Әмірсана синдромы» ұғымына келер болсақ, ХVІІІ ғасырға қайта барлау жасауға тура келеді. Әмірсана – Қалдан Церен қазасынан кейін тарих сахнасына жиі шыққан, тақ иесі болуға толық құқы бар Жоңғар билеуші әулетінің өкілі. Бірақ, тарих тегершегі басқаша айналған. Қалдан Церен өлген соң оның күңнен туған ұлы Ламадоржы қонтайшының тағын алады. Күресте жеңілген екі ноян Әмірсана мен Дауашы қазақ ханы Абылайды паналап, одан әскери көмек алып, қалмақ тағына жайғасады. Ежелгі жора бойынша жасы үлкен Дауашы таққа отырған. Бұл турасында сол заманның құпия құжаттарында «Дауашы мен Әмірсана нояндар өз елінде өте беделді. Дауашы бұрынғы Жоңғар билеушісінің ең жақын мұрагері болатын», – деп куәлік береді. («Абылай хан өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар мен материалдар» кітабынан).
Енді күрес Әмірсана мен Дауашы арасына ауысады. Өз халқына сырттан жарылқаушы іздеген Әмірсана енді Қытай еліне қашады. Қытайдың әскерін бастап келіп, Дауашыны аударып, тақты алмақ болады. Бірақ, қалмақ әскерін қирата жеңген Қытай тарапы басқаша шешім қабылдайды. Әмірсананы таққа жолатпай, Жоңғарды бірнеше ұсақ бөлікке бөліп жібереді.
Әмірсана қайта көтеріледі. Тағы да қирай жеңіледі. Ойрат жұртына Қытай әскері жантүршігерлік қырғын жасайды. Аз ғана әскерімен Әмірсана қазақ ішіне қайта қашады. Бірақ, қуып келген Қытай әскері қазақтан жеңіліп кері шегінеді. Сол Қытаймен соңғы шешуші ұрыс болған жерлер Сарыарқада Шүршітқырылған, Қандыадыр, Қарауылтөбе атауларымен әлі де аталады. 1757 жылғы 10 қазанда шыққан Қытай патшасы Циянлунның жарлығында «Былтыр бүлікші Әмірсананы ұстау үшін, қазақ жеріне ішкерілеп барған батыс бағыттағы қосынға Дардана, терістік бағыттағы қосынға Хадаха қолбасы болып тағайындалған еді. Олар қазақ жеріне баруын барса да, Әмірсананы ұстай алмады. Сол үшін екеуі ауыр жазаға тартылсын» деп қатаң үкім шығарған. Бұл Қытай әміршісінің қазақтан жеңілген қос қолбасыға төккен қаһары еді.
Біздің айтпағымыз басқа мәселе. Мемлекеттің иесі саналатын саяси элита мен зиялылардың өз халқының мүмкіндігіне сенбеуі, өз ұлтының потенциялын жеткілікті деңгейде бағаламауы түптің түбінде ұлт пен мемлекетті апатқа ұрындыруы мүмкін. Бүгінгі заман туындатқан маңызды сұрақтардың түп тамыры өткен тарихпен де байланысты. Ұлы даладағы қазақпен қашаннан күш-қуаты тең, әскери дәстүрлері ұқсас, далалық көшпенді мемлекет Жоңғар хандығының түптің түбінде тарих сахнасынан жойылып кетуіне ханзада Әмірсананың өз халқының күш-қуатына сенбей, өз жұртының сенімін тауып, рухын көтерудің орнына сырттан жарылқаушы іздеп, қайта-қайта көрші елдердің әскерін бастап келуі себеп болды.
Ал, Әмірсананы соңынан қуып келген Қытай әскерін қазақ сарбаздары қанға бөктіріп кері қуды. Бұл белгілі деңгейде Абылай ханның және одан бұрынғы ел билеушілерінің ұлттық идеология мен ішкі саясатты жүйелі һәм дұрыс жүргізгенінің жемісі деп тұжырымдауға толық негіз бар. Абылайдың қазақтың рухын қаншалық көтеріп, ұлттың өзіне деген сенімін қаншалықты биік деңгейге жеткізгені сол ғасырлардағы ерлік жырларында менмұндалап тұр. Пидагерлік пейілдің куәсіндей «Алаш деп ұрандамағанды атаң да болса ұрып жық», «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген асқақ афоризмдер сол дәуірдің тірі куәсі. Бұл түркілік үлгідегі мемлекет басқару дәстүрімен де ұштасып жатыр. Атақты Жүсіп Баласағұн:
«Әуелі елді сүзіп, жөнге салған жөн,
Іші-тысын, құлқын біліп алған жөн.
Заңмен түгел түзелсін ел алаңсыз,
Арылсын жұрт, іс-қылықтан жарамсыз», – деп толғайды. Бұл елді ұлттық мүдде төңірегіне ұйыстырудың, таза да әділ басқарып, бір ағзаға айналдырудың түркілік формуласы болса керек.
Ұзақ уақытқа созылған бодандық ұлттық зиялыларды жарылысқа, бөлініске ұрындырумен қатар, ең алдымен ұлт зиялыларының өзіне сенімін де азайтады. Қазақ халқының қайта өрлеуі болған алаш қозғалысы жанышталғаннан кейін, 70 жылға созылған, құлақ естіп, көз көрмеген кенеусіз зорлық біздің жұрттың жақсыларын «Әмірсана синдыромына» ұрындырғанын байқап жүрміз. Бұл «Орыстан Қытай қорғайды, Қытайдан Америка қорғайды» немесе «Түркі әлемі мен мұсылман әлемі» біздің қамқорымыз дегенге саятын зиялылардың балалық ауыруы. Белгілі Француз ойшылы Франц Фанонның «Біз жүргізген талдау – психологиялық талдау. Сонымен қатар біз үшін қара нәсілді адамның шын мәнінде шеттетілуі, әлеуметтік және экономикалық шындықтың қатаң екенін көрсетеді» деген тұжырымын біздің халықтың да қазіргі психологиялық жағдайымен салыстыруға болады. Сонымен бірге Фанон «Отаршылдық саяси үстемдік қана емес, сонымен қатар мәдени және психологиялық үстемдік» екенін де кесіп айтады. Біздегі жарылқаушы күту – отаршылдық кезеңінен қалған Әмірсана синдромы. Құлдың қожайыннан жарылқау күтуіне ұқсайтын осынау жексұрын шындықтың бетіне тура қарап, осы психологиялық дерттен арылғанда ғана еліміз өзіміздікі болады.