Америкалық ковбойлар көкпардан бақ сынайды

20 Наурыз, 18:35 625

Америкалық ковбойлар 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпардан бақ сынайды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев әйгілі америкалық ковбой Кейси Филд пен көкпардан АҚШ құрамасының капитаны Лэдд Хоуэллден құралған АҚШ делегациясымен кездесті.

Кездесу барысында тараптар ат спорты түрлерін дамытуды, екі елде көкпар мен америкалық родеоны кеңінен насихаттауды, сондай-ақ биыл елімізде өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын талқылады.

Америкалық делегация 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының көкпар жарысына қатысуға дайын екендігін жеткізді. Бұған дейін АҚШ-тың көкпардан ұлттық құрамасы 2018 және 2022 жылдары Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысқан болатын.

Көкпар – ежелгі көшпенділер ойынының бірі. Аталған спорт түрі бірнеше жүз жылдан бері ойналып келеді. Әрине, бұл – өте әсерлі ойын. Қазақстанда «Көкпар» федерациясы жұмыс істейді. Еліміздің көптеген қаласы мен ауылында жыл сайын көкпардан жарыстар өткізіліп тұрады. Ең кейінгі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан көкпаршылары бас жүлдені жеңіп алды. Сондықтан біз биыл да спортшыларымызға зор сенім артамыз. Біз сіздерді осы спорт түрі бойынша алдыңғы қатарлы команда деп білеміз. Сонымен қатар сіздер Орталық Азиядағы көшпелі халықтарының ат спорты ойындарына белсенді араласып, оны АҚШ аумағында насихаттап жүргендеріңіз бізді қуантады. АҚШ командасының көкпарда өнер көрсетуі есте қаларлық оқиға болады деп ойлаймыз, - деді Ермек Маржықпаев.

Кездесу барысында Туризм және спорт министрі АҚШ-тан келген қонақтарды 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының кері санақ тақтасын іске қосу рәсіміне қатысуға шақырды. Өз кезегінде делегация өкілдері родео спортын 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының көрме қойылымдары бағдарламасына енгізуді ұсынды.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: