ҚАМБАР АТА

31 Тамыз 2014, 06:18

Қамбар баба – қазақтың сенім-нанымында жылқы малының пірі, иесі. Кейбір аңыздарда Қ. а. есімі Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбардың күйеу баласы Әзірет Әлінің атбегі болған Ганбар есімді тарихи тұлғамен байланыстырылады.

ҚАМБАР АТА, Қамбар баба – қазақтың сенім-нанымында жылқы малының пірі, иесі. Кейбір аңыздарда Қ. а. есімі Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбардың күйеу баласы Әзірет Әлінің атбегі болған Ганбар есімді тарихи тұлғамен байланыстырылады. Сонымен қатар, Қ. а. образы түркі халықтарының ежелгі фольклорында көп кездеседі. Мыс., түрікпендік Гамбар баба – қазақтың Қорқыты сияқты сазгерлер мен әншілердің, ақындардың пірі болып саналады, ол “дутар” делінетін саз аспабын ойлап тапқан деседі. Қазақ фольклорында Қ. а-ның мифтік болмысы су стихиясымен (“Көл иесі Қамбар-ау, Шөл иесі Қамбар-ау, қарағыма көз сал-ау”), музыкамен, муз. аспапты ойлап табумен (түрікмен мысалы), жылқы малымен байланысты. Жылқы (“су жылқылары”, “суын бие”, “суын айғыр”) мен музыканың су стихиясымен ұштастырылатындығына (қазақтың Қорқыт атасы, түрікпеннің Ашықайдыны, осетиннің Сырдоны, т.б.) қарап, Қ. а. мифтік сипатының тек жылқышыларға қамқорлық жасаумен шектеліп қалмайтындығын аңғаруға болады. Осындай үш сипаттағы Қ. а. бейнесінің қазақ-түрікпендік негізінің қалыптасу арнасы Каспий т-ндегі Маңғыстау жағалауында өрбіген. Жылқы иесі мен жылқышылар пірі болған түрікпендік Дүлдүл атаның моласы Каспий т-нің жағасында, Маңғыстау обл-на таяу жерде, Бекдаш қ. маңында жатыр. Дүлдүл – Әзірет Әлінің тұлпары, ал теңіз жағалауындағы мола ежелден бар, яғни осы мола иесі ислам діні таралмастан бұрын оның жылқы иесі қызметін сақтағанымен, басқаша аталғандығын шамалауға болады. Қ. а-ның күйшілігі жөнінде аңыздың қазақ арасында екі түрлі нұсқасы бар. Бірінші аңыз: “Бір шапқыншылықта түрікпендер қазақтың тоғыз жасар екі баласын қолға түсіріп, жалшы қылады. Қозы баққан Қамбар деген бала күй тартқанда қозылар күйдің әуеніне елтіп, баланың қасында иіріліп жатады екен. Малдың қоңданып, семіруіне кедергі келтірген күйдің тартылуына қанша тыйым салғанымен, қойғыза алмапты. Түрікпендер баланың өнеріне тәнті болып, өлтіруге қимай, Темір бабаға алып барады. Темір баба баланы Үстірттегі Қаратүлейге, елдің шетіне апарып бостандық беруге бұйырады”. Мұндағы Қаратүлей – Үстірттегі (Маңғыстау обл.) жер аты, бірақ аңыздың іс жүзінде тарихи негізге емес, мифтік негізде қалыптасқанын ескере отырып осы топонимнің астарында бүгінде ұмыт болған мифтік атаудың жатқандығын топшылауға болады. Екінші аңыздың да сюжеті алғашқы аңызбен ұқсас, алайда қозының орнына жылқы айтылады. Мұнда “Қамбар домбырасын алып қашып кетеді. Соңынан сахаба қуғанда қара жер қақ айырылып, Қамбар құрдымға кеткен де, домбырасы қалып қойған. Міне, осы оқиғадан соң жылқы пірі Қамбар атаға ұласып жүре берген”. Қамбардың Қаратүлейге апарып тасталуы мен жер асты құрдымына түсіп кетуі оқиғасының астары өте ежелгі түсініктерде жатыр. Бұл қысқы тоқырау (22 желтоқсан) күнімен, яғни ең қысқа күнмен байланыстырылған оқиға. Осы сәтте, ежелгі дәстүр бойынша, бұ дүние мен о дүниені жалғап тұрған тесік (қақпа, есік, көпір) ашылып, өлген ата-баба аруақтары (рухтары) жер бетіне, өздерінің тірі ұрпақтарын көріп қайту үшін келеді-міс. Ата-баба культінің шарты бойынша, тірілер аруақтарды “жақсылап күтіп алып”, сый-садақасын беріп (құрбандық шалып), оларға арнап мадақ сөз, ертегі айтып, күй тартып, кері шығарып салады екен. Қ. а. бұл тұста – “о дүниедегі мал (жылқы) бағушы” (ертегілік “дария жағасында сиыр баққан тазша” секілді), яғни ол – “өлілер дүниесіндегі өлілердің рухтарын” – “өлген адамдардың (ата-бабалардың) жандарын” бағушы. Яғни, ол о дүниеде өлген жандардың (жылқы кейпіндегі) аруақтарын домбыра тартып жүріп, “малша” жаяды. Жалпы, Қ. а. ауыз әдебиетте сақталған түсініктермен салыстыра қарасақ тым күрделі бейне.

С. Қондыбай

"Қазақ энциклопедиясы"

Бөлісу: