30 Маусым 2014, 04:06
Кенесары Қасымовтың үзеңгілес серігі Иман батыр Дулатұлының немересі – Амангелді Үдербайұлы (1873-1919) қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі, шын мәнісіндегі халық батыры ретінде белгілі. Бұрынғы Торғай уезі Қайдауыл болысында туған Амангелді әуелі ауыл молдасынан екі жыл оқып, кейін Тасыбай, Тәшмағамбет ишандардың медресесіне түскен. Медреседе төрт жыл оқыған ол түрік, парсы, араб тілдерін меңгерген. Әкесінен жеті жасында жетім қалып, жоқшылық тауқыметін ерте тартқан. Ел ішіндегі дау-шарға ерте араласқандықтан, Ресей империясының жергілікті билеушілерінің қудалауына ұшырап, 1896-1911 жылдары аралығында бірнеше рет түрмеге қамалған.
Сан ғасырлық отарлық езгінің бұғауы шешілмеген соң, қазақ батырлары патша өкіметіне қарсы небір жалынды күрестер ашты. Күрескерлік рухы Амангелдіні де бейжай қалдырмады. Патшаның отарлық саясаты, бірінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңында елдегі алым-салықтың көбеюі, Қазақстан, Орта Азия, Сібір бұратана халықтарын тылдағы жұмысқа алу жөніндегі патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы Жарлығы Торғай қазақтарының ашуын туғызып, бас көтеруіне себепші болды. Амангелді Имановтың қолбасшылық, ұйымдастырушылық қабілеті осы көтеріліс барысында айқын көрінді.
Торғай қазақтарының көтерілісіне қатысушы бас-аяғы 50 мыңға жуық көтерілісші-сарбаздарды басқарып, оларды қару-жарақпен қамтамасыз ететін шеберханалар ұйымдастырды. Қостанай, Ырғыз, Торғай, Қызылорда, Ақтөбе, Ақмола, Семей сынды аймақтардан көтеріліске қатысуға жиылып келген қазақтардың басын біріктіріп, оларға ұрыс жүргізу тәсілдерін, қару-жарақты қалай қолдану керектігін үйретті. Бұл жай ғана қарапайым халықтың наразылығы болған жоқ. Тарихты дүр сілкіндірген, саяси сипат алған көтеріліс болды. Алайда «Батыр – аңғал» деген қазақы пәлсапамен келсек, Амангелдінің қызуқандылығын көп адам өз пайдасына шешуге тырысты.
Көтеріліс Ресейдегі Ақпан төңкерісіне жалғасты. Амангелді 1918 жылы наурыздың 21-і мен сәуірдің 2-сі аралығында Орынборда өткен Торғай Кеңестерінің тұңғыш съезіне қатысып, Торғай уезінің әскери комиссары болып тағайындалды. 1919 жылы сәуірдің 20-сында Торғайда Кеңес өкіметі құлап, Амангелді тұтқынға алынып, ату жазасына кесілді. Мәйіті бір жылдан кейін әуелі Алакөлге, кейін аудан орталығына әкелініп жерленді. 1939 жылы «Ленфильм» киностудиясы «Амангелді» фильмін түсірді. Бұл көркемөнер туындысы қазақтың тұңғыш дыбысты фильмі болды. Бір ескерер жайт – тарихи деректер мен құжаттарда Амангелдінің қалай қазаға ұшырағаны туралы нақты пікір айтылмайды. Бар болған күнде де түйінді ой негізделмей, белгісіз күйде қала береді. Қалай дегенмен де, ел үшін жан беріп, жан алысқан, жастайынан жетімдіктің шекпенін жамылып, қиян-кескі ұрыстарға толы ғұмыр кешкен, «Ардагер Амангелді – ердің ері!» деген шынайы бағасын алған батырдың есімі тарих парағында мәңгілікке таңбаланып қалды.