26 Тамыз 2014, 12:01
Аманат – дәстүрлі ортадағы әрі құқықтық, моральдық этикалық мәнді ұғым. Әлеуметтену үрдісіндегі адамдар арасындағы үлкен сенім мен жауапкершілік жүктейтін жосын. Бір адамның екінші біреуге сақтауға берген немесе екінші бір адамға табыс ету үшін берген мүлкі, заттары немесе малы. Аманатқа адамды да берген. Ертеде соғысқа, алыс сапарға жүретін адам, сондай-ақ, өлер алдында артында жанашыр жақынсыз қалып бара жатқан бала-шағалары мен мал-дүниелерін адамгершілігі күшті, сенімді, адал адамдарға тапсырып кететін болған. Дәстүрлі ортада А. алған адам әрқандай қиын жағдайда да А.-қа қиянат жасау Тәңір алдында кешірілмес күнә болып есептеледі. Қазақ ұғымында А. алған адам, қашанғы оны өз иесіне аман-есен тапсырғанша Тәңір алдында қарыздар адам саналады, оған адамдық арымен, жанымен жауапты саналады. Ертеде А.-тың қауым мен ел аралық жеке адамдар арасындағы қарым-қатынастарда үлкен мән-мағынасы болған. «Ама- нат аман сақтайды» дейді халық. Ел мен ел, адамдар мен адамдар арасындағы татулық пен бітім жолына қызмет еткен. Ал жауласушы екі жақ арасында жеңілген жақтың жеңген жақ алдында қабылдайтын міндеті – ақ үйлі А. деп аталған. Ерте кезде жауласушы eкi ел татуласқан кезде А.-қа адам да қалдырып кететін болған (толығырақ қ. Ақ үйлі аманат).
Әдеб.: Ф.А.Фиельструп. Из обрядовой жизни киргизов начало ХХ века. М.: Наука, 2002; ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.
Аманат көр – кейбiр артына сенбегендер зиратын көзi тiрiсiнде салдырады. Зират салушыларға бiр-бiр белбеу орамал және ақша берiледi. А. к.-ді кейбір өңірлерде тiрi бейiт деп те айтады. Ә.Бөкейхановтың зұлмат жылдары атылғанын естіген туыстары Ақтоғайдағы әулеттік қорымға Әлиханның баскиімін А. к. қазып жерлеген, яғни кейін мәйітті әкелуді меңзеген. Алтайда Қобда бетінде өмір сүрген Рақымбай деген адам Ақкөл ауылында А. к. қаздырып, жаназа шығартып, қара ешкі сойып көрге салдырып қойған екен. Өзі он сегіз жыл өткен соң қайтыс болған соң А. к.-ге жерленген.
Әдеб.: Жүнiсов А. Бабалар дәстүрi. Алматы: Жазушы, 1992; ҚР МОМ– материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.
Аманат қою – дәстүрлі өлікті жөнелту салтында орын алған мәйітті уақытша жерлеу жосыны. Көшпелі, жартылай көшпелі дәстүрге орай, жаугершілік кезінде соғыста шейіт болғандарды уақыт тығыздығынан жерлеуге мұрша болмаған жағдайда және өзінің туған жерінен шалғайда қайтыс болған атақты адамдарды А. ретінде уақытша жерлеу салты болды. Сондай-ақ, күн райының қолайсыздығынан – қарлы бұрқасын, қар басу, тоң ерімеген, аязды, боранды кездерде (қыстағы жіті өтетін амалдарда, жұт кездерде) қайтыс болған адамды жер қойнына тапсыруға мүмкін болмаған жағдайда А. қойылады. Олай істеу үшін марқұмды «Аманат, аманат, аманат» деп үш рет айтып жерлеп, кейіннен өз жеріне, ата-баба қорымына әкететін болған. Кейін, туған жеріне, рулық зиратқа, қайта жерленеді. Мұндай жағдай қазақ арасында бұрын жиі болып тұрған. Мысалы, Абайдың сүйікті ұлы Әбдірахман Алматы қаласындағы зиратқа А. қойылып, артынан сүйегі еліне әкелінгені белгілі.
Орт. Қаз.-да таралған А. жерлеудің бір түрі сөрелеп жерлеу. Қайтыс болған адам туған-туыстарымен бақұлдасқан сәтте қойылатын жерін А. етіп қалдырса және қыс кезінде қайтыс болса көктемге дейін сөреде сақтайтын болған. Қыс кезінде Сарыарқа жерінде дүниеден озған төрелер мен билерді Түркістанға жеткізу қиын болғандықтан, оларды биік сөрелерде, былғарыға орап сақтаған.
А. жерлеуге ұқсас ғұрыптар қайыра жерлеу, сүйегін әкелу сияқты ғұрыптарда мәйітті жер қойнауына береді. Ертеде орын алған және мұндай жағдайда өлік жөнелтуге байланысты барлық жосын, жоралғылар бірінші жерлеу кезінде атқарылады да, екінші жерлеуде орындалмайды (толығырақ қ. Қайыра жерлеу; Сүйегін әкелу).
Әдеб.: Ф.А.Фиельструп. Из обрядовой жизни киргизов начало ХХ века. М.: Наука, 2002; Ибраев М. Сарыарқа қазақтың әдет-ғұрпындағы ерекшеліктер // Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. І том. Біртұтастығы және ерекшелігі. Алматы: Арыс, 2005.
Аманат мал – кедей туысқандарға көрсетілетін жәрдем түрі, өсімге (молайтып, көбейтіп өсіріп алуға) деп несиеге төл беру жорасы. Бұл үрдіс ХІХ ғ. бірінші жарты- сында практикаға енгендігі туралы Е.Бекмаханов жазады. Несиеге беруші мен оны алушы басқа куәгерлердің қатысуымен А. м.-дың шарты туралы келіседі. Несиеге алған төл орнына келесі жылы екі жасар, үшінші жылы үш жасар мал қайтаруды мойнына алады. Несиені қайтармаған жағдайда зардап шегуші биге жүгінеді немесе жұмыс істеп, еңбекпенен қарызды қайтарады. Еңбекпен қарызды өтеуді сауын деп атаған.
Әдеб.: Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында.
Алматы: Санат, 1994.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»