2 Маусым 2015, 03:47
"Аманат" фильмі (2015)
Режиссері: Сатыбалды Нарымбетов;
Жанры: әскери, тарихи, драма;
Ұзақтығы: 141 минут;
Басты рөлдерде: Берік Айтжанов, Санжар Мәдиев, Ерден Тілемісов, Қарлығаш Мұхамеджанова...
Фильмнің желісі бірнеше уақыт аралығын қамтиды. Нақтырақ айтсақ, қазақ даласындағы ХІХ ғасырдың орта тұсы — Кенесары ханның тәуелсіздік жолындағы күресі, ХХ ғасырдың ортасы және 60-жылдардың соңы көрсетілген.
Фильмде Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліске арналған зерттеулері үшін 25 жылға бас бостандығынан айырылған тоталитарлық жүйенің құрбаны, Алаш арысы Ермұхан Бекмахановтың тағдыры баяндалады.
Қазақ халқының болашағына алаңдаған фильмдегі әр кейіпкердің тағдыры өз заманында суреттелсе, олардың алға қойған мақсат-мүдделері бір — ар-ожданына берік болу және өз халқының бостандығына қол жеткізу. Кинотуындының режиссері және сценарий авторы — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сатыбалды Нарымбетов.
Басты рөлдерде Берік Айтжанов (Ермұхан Бекмаханов), Қарлығаш Мұхамеджанова (әйелі — Халима), Санжар Мәдиев (Кенесары хан), Әзиз Бейшеналиев (КГБ қызметкері) ойнайды.
Көрсетілімнен кейін өткен баспасөз мәслихатында режиссер Сатыбалды Нарымбетовтің айтуынша, ол бұл туындыны жарыққа шығаруға өмір бойы дайындалып, соңғы 5 жылда тек осы жұмыспен айналысқан.
«Бекмахановтың отбасымен мен 1960 жылдардың соңынан бері жақсы таныспын. Осы фильмге ізденіп жүрген кезімде ғалымның жұбайы Халима апай стенограммалар жинағын табыс етті. Онда Бекмаханов айыпталар кездегі әріптес-ғалымдардың оған қарсы айтқан сөздері толық түсірілген екен. Соларды оқып, қатты налыдым», – дейді режиссер. Сондай-ақ, ол: «Осыдан кейін менің тарихқа деген көзқарасым түбірімен өзгерді. Бұрын мен тарихты жоғары оқу орындарында оқытылатын пән ретінде ғана бағалайтынмын. Бірақ «Мұстафа Шоқай» фильмінен кейін мен ойға қалдым, осы саяси қуғын-сүргін кесірінен біздің қаншама арыстарымыздың тағдыры күл-талқан болды. Содан бастап репрессияға ұшыраған зиялы қауым туралы, Алашордашылар туралы ойлана бастадым. Міне, мен осы тақырыпқа осылайша келдім», – деді. Айта кетейік, фильм Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілді.
Әзірлеген: Досжан Мейірім.