Аман Мәмбетәлиев: Офицерлердің жаңа буыны қажет

2 Қыркүйек, 17:26 723

Соңғы кездері Қазақстанның қарулы күштерінің қуаты артып келеді. Мұны әлем сарапшылары да мойындап отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскеріміздің елге төнуі ықтимал қауіп-қатерлерге сақадай-сай болуына баса назар аударып келеді. Армияны жоғары технологиялық қару-жарақпен және әскери техникамен қамтасыз ету қажет екеніне, отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенін нығайтудың маңыздылығына ерекше мән беріп жатыр.

«Айбынды армия – ел егемендігі мен қауіпсіздігінің кепілі. Қарулы Күштер қатарында болып, Отанды қорғау – мәртебелі миссия әрі жоғары жауапкершілік... Қазіргі жағдайда  армияның рөлі күн санап артуда. Қарулы Күштер бейбіт уақытта да орасан зор міндеттерді атқарады», – деген еді президент. 

Әскери сарапшы Аман Мәмбетәлиев El.kz ақпарат агенттігіне берген сұхбатында еліміздің әскери қуаты жөнінде баға берді:

El.kz: Соңғы кездері Қазақстанның қарулы күштерін күшейтуге ұмтылысы байқалады. Жаңа қару-жарақтың түрлерін сатып алып жатыр. Өзімізде жасалып жатқандары да бар. Әскерді күшейту заманның талабына айналып отыр ма?

Аман Мәмбетәлиев: Шынын айту керек, соңғы геосаяси ахуал өте күрделі. Әзірбайжан мен Армения арасында, Тәжікстан мен Қырғызстан шекарасында тосын оқиғалар болып жатыр. Соған байланысты Қазақстан тарапынан да реакция болғаны жөн. Әскерді күшейту туралы мемлекет саясаты, яғни мемлекеттік шешім дұрыс. Қолдауға тұрарлық.

Дейтұрғанмен, қазіргі жағдай тамаша деп айтуға негіз жоқ. Біраз дағдарыс, түйткілдер бар. Бірақ таңдалған вектор дұрыс. Жұмыс істелініп жатыр. Өйткені, 30 жыл ішінде жүйелі, бағдарламалалық шаралар қабылданбады, жүзеге асырылмады.

Кеңес Одағы ыдырған соң, Қазақстанның әскери жүйесі инерциямен дамып келді. Әскерге шақыру ісі, әскери бөлімдердің жарғылары, әскери бағдарламасы, парадигмасы ешқандай өзгеріске түспеді. Бәрі бұрынғысынша қалды.  

Геосаяси дағдарыстар катализатор болып отыр. Әскери реформалар керек екенін айқын көрсетіп берді. Және өзгерістер жедел қолға алынуы тиіс. Әзірбайжан мен Армения, Ресей менУкраина арасындағы соғыстар, қырғыз-тәжік шекарасындағы жанжалдар  КСРО-дан қалған техникалар мен бағдарламалардың жұмыс істемейтінін тағы да бір мәрте дәлелдеп беріп отыр. Офицерлердің жаңа буыны, жаңа ойлар, жаңа идеялар қажет екенін байқатты. Содан кейін еліміздің қарулы күштерінде жаңашылдық пайда бола бастады. Бірақ жүйелі өзгерістер туралы сөз қозғауға әлі ертерек. 

El.kz: Әскердің саны да көбейіп жатқан тәрізді. Әскерге барғысы келмейтіндердің ізіне түсу осыны көрсете ме?

Аман Мәмбетәлиев: Мендегі бар ақпарат бойынша, әскерге шақырылатындардың саны өзгерген жоқ. Тек қана келісім-шарт бойынша қызмет атқаратын әскерилердің санын көбейтіп жатыр. Олардың материалдық-техникалық базаларын жаңартуға күш салынуда.

Қазіргі таңда Қазақстан бірінші рет дүниежүзіндегі бітімгершілік операцияларды өзі басқарып, өзі жүргізіп отыр. Еліміздің бітімгершілік күштері Израиль мен Сирия шекарасындағы Голант жотасында орналасқан. Бұл – үлкен месседж. Бүкіл әлемге Қазақстан әскерінің халықаралық әскери жүйемен байланысқа дайын екенін көрсетеді.

Мұның бәрі – халықаралық коммуникация, тәжірибе. Бұл қазақ әскері үшін өте маңызды.

El.kz: Қазір соғыс жүргізудің де әдіс-тәсілі, айла-шарғысы көп өзгерді. Бұл жайттың өзі еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру үшін жаңаша көзқарасты талап ететіндей. Осы пікірмен келісесіз бе?

Аман Мәмбетәлиев: Міндетті түрде. Қазір анық көзге түсіп отырған нәрсе – дрондар. Олар бұрын әскери операцияларда мүлде қолданылмаған еді. Дрондар тікұшаққа, әскери ұшақтарға қарсы қолданылып жатыр. Бомбалаушы, барлаушы ретінде де кәдеге асып жатыр. Тіпті, снайперлердің шағын ғана дрондары бар екен. Бұл – әскери тактика, стратегия үшін жаңа дүние. Әскери прогрестің жаңа қозғалтқышы болып отыр.

Біз КСРО кезіндегі ескі парадигмада қалып қойдық. Енді дүниежүзімен байланыс орнатып, жаңашылдықты енгізу үдерісі басталды.

Құдай сақтасын, бізде ондай жанжалдар болмай-ақ қойсын. Дәл қазір зерттеу жүргізу, офицерлерді дайындау, материалды техникалық базаны жақсарту үдерісі жүріп жатыр. Жақында шекара тексеріліп, дағдарыстық мәселелер зерттелді. Бізде Парламент Мәжілісінің әскери комитеті бар. Парламент депутаттары Қорғаныс министрлігін бақылайтын болды. Мұның бәрі кезеңдік реформаның жақсы қадамдары деп ойлаймын.

Заманауи, модерн дүниелер тәжірибемен келеді. Мамандарды шетелге жіберіп, оқытып, шығыстағы, батыстағы, оңтүстік пен солтүстіктегі жаңа нәрселерді зерттеп, үйрену қажет.

El.kz: Қорғаныс өнеркәсіп кешендерінде осы жаңашылдықтар бар ма? Қазақстан дрондар шығаруды қолға алып жатыр ма?

Аман Мәмбетәлиев: Қазақстанда жекеменшік компаниялар бар. Қорғаныс министрлігінде де бірнеше әзірлемелер бар. Жас жігіттер азаматтық дрондарды алып, әскери дрондарға айналдыруға ұмтылып жүр. Десе де, өнеркәсіптік көлем туралы сөз қозғауға ертерек. Әзірге зерттеу-сынақ жұмыстары атқарылып жатыр. Бағдарламалар жұмыс істеп отыр. Бірінші кезекте жүйені реттеу қажет. Бизнес – мемлекет – әскер – ғылым бірлесе жұмыс істеуі керек. Сонда нақты нәтиже көреміз. Бұл – пайда табудың емес, қауіпсіздіктің мәселесі. Әрбір егемен мемлекет тәуелсіздігін қорғау жолында қаражат шығаруға дайын болуы тиіс. Коррупцияға жол бермеу үшін ашық тетіктер болуы шарт.

El.kz: Мәжіліс комитетінің басты назары осы мәселеде шығар?

Аман Мәмбетәлиев: Әрине!

El.kz: Қазақстан халықаралық әскери ынтымақтастықты жан-жақты нығайтып жатқаны байқалады. Ресей, Қытай және Түркия секілді елдерді айтпағанда, соңғы кездері Орталық Азия елдерімен де, Әзірбайжанмен де әскери оқу-жаттығу шараларын жасап жатыр. Қазір шетелден көп қару-жарақ сатып алып жатырмыз ба?

Аман Мәмбетәлиев: Дәстүрлі әскери одақтастыққа келсек, біз Ресей Федерациясымен тығыз байланыстамыз. Ашығын айту керек, біздің әскери базамыз КСРО жүйесінде болғандықтан, Ресеймен тығыз қарым-қатынаста жасап жүрміз.

Соңғы кездері Түркия, Израиль, Қытай және АҚШ-пен де жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірақ әскерде ортақ, ыңғайлы жүйе болуы керек. Өйткені, бұл елдердегі әскери жүйелер әртүрлі. Бір әскерімізді басқаша, екінші әскерімізді басқаша дайындай алмаймыз. Бірыңғай мемлекеттік стандарт қажет. Ортақ стандартқа келуіміз керек. Қару-жарақ, әскери өнімдер өзімізде шығарылса, құба-құп болар еді. Болашақта ол міндетті түрде іске асуы тиіс. Бастан аяқ өзімізден шығаруымыз керек. Сонда біз шын мәнінде тәуелсіз боламыз. 

Қазіргі жағдайда көбіне Ресейден қару-жарақ алып жүрміз. Бірақ соңғы кездері тікұшақтар, зымыран қондырғылары және басқа қару-жарақтарды басқа елдерден ала бастадық.

El.kz: Әскерилер зейнетке шыққанда қомақты қаражатқа қол жеткізетінін көріп жүрміз. Бұдан басқа, қазір әскери қызметтің беделін арттыру үшін қандай шаралар жасалып жатыр? Әскерилердің жалақылары қандай?

Аман Мәмбетәлиев: 1990-жылдары қатты дағдарыс болды. Содан кейін әскери адамның абыройы түсіп қалды. Ашығын айту керек, отыз жыл ішінде әскери адам кедей адаммен бірдей болды.

Қазір мемлекет әскерилердің абырой-беделін көтеруді, әлеуметтік жағдайын жақсартуды қолға алды. Пәтер мәселелерін шешіп, квота, пәтерақысы үшін қосымша төлемдер төлей бастады. Жалақылары да көтерілді. Бұл мәселеде Мәжілістегі комитет те, Қорғаныс министрлігінің өзі де біраз жұмыс атқарды. Меніңше, әлі де әскерилердің әлеуметтік жағдайын көтеру керек деп ойлаймын.

Біз әскерилердің елді қорғаушылар екенін түсінуіміз керек. Дағдарыстар осыны анық көрсетіп беріп отыр. Бейбіт дәуірде біз осыны ұмытып қалдық. Сондықтан біз отан қорғаушыларымызды сыйлап, жағдайын жасауымыз керек.

El.kz: Еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын нығайтатын – қарулы күштеріміз. Сондықтан әскерилердің әлеуметтік жағдайына баса назар аударылуы керек дейсіз бе?

Аман Мәмбетәлиев: Әрине! Global Firepower портал бар. Жақында ол дүниежүзі елдерінің әскери қуатын зерттеп, баға береді. 2023 жылғы рейтингте Қазақстан 58 орында тұр. Шыны керек, бұл – жоғары баға. Қарабақ үшін соғысқа әбден дайындалған Әзірбайжан бізден бір саты төмен тұр. Оңтүстік көршілеріміз – Қырғызстанды, Өзбекстанды және Түркіменстанды да артқа тастаппыз. Бұл әскери саладағы реформаларды сыртқы елдердің мамандары жоғары бағалап отырғанын көрсетеді.

El.kz: Әскери жүйенің стандарттары әр түрлі екенін айтып қалдыңыз. Сіздіңше, біз үшін қандай әскери стандарт қолайлырақ? 

Аман Мәмбетәлиев: Әскери стандарттарға келсек, алдымен ойлау жүйесін, әскерилердің сана-сезімін өзгерту қажет. Біз 70 жыл бойы өмір сүрген КСРО-ның әскери жүйесімен келе жатқанымызды айттым. Осы жүйе бойынша, қаншама офицерлер дайындалды. Сондықтан стандарттарды өзгерту бір күнде шешілмейтін мәселе. Қазақстан революциялық емес, эволюциялық жол таңдады.

Мәселен, Балтық жағалауы елдері революциялық жолды таңдады. КСРО әскери жүйесінен мүлде бас тартып, жаңа батыстық жүйе – НАТО стандарттарына көшті. Бұған көп қаражат, біраз уақыт кетті.

Ашығын айту керек, отыз жыл ішінде біздің эволюциялық дамудың өзі тоқтап қалды десек, қателеспейміз. Қазір геосаяси ахуал әртүрлі үдерістерге әсерін тигізіп отыр. Логистикалық дәліздер өзгерді. Әскери реформаларды тездете бастады.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі парадигма көп әскерді, жауға уралап шабуды талап етеді. Қазіргі қауіп-қатерлер мүлде басқаша. Бұрынғы кезге мүлде ұқсамайды. Мобильді кішігірім топтар өте үлкен рөл ойнай бастады. Әртүрлі қауіп-қатерге лайықты жауап бере алатын топтар дайындау қажет. Олар стратегиялық, тактикалық, ақпараттық және материалдық база жағынан сақадай сай болуы тиіс.

Бұл – көп салалы үдеріс. Бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Біріншісі – Сана-сезім. Екіншісі – материалдық жағдай. Үшіншісі – дайындау үдерісі. Осы үш нәрсе – әскердің іргетасы. Содан кейін ғана қарапайым солдаттарды дайындаймыз. Осы үш үдеріс өзгермеген соң, даму қиын болады.

Біз – тәуелсіз мемлекетпіз. Көрші мемлекеттегі дағдарыстар бізге қатысты емес. Біз өз мүддемізді көздеуіміз керек. Өзіміздің мамандарды дайындау керек. Сыртқы жанжалдарды зерттейтін де мамандар қажет. Бұл мәселеде енді ғана аяқтан тұрып келе жатқан жайымыз бар.

El.kz: Елмізде аумақтық қорғанысты дайындау туралы мәселе көтеріліп жатыр. Бұл – бір ауылдың немесе қаланың адамдары жаппай әскери дайындықтан өтеді деген сөз бе?

Аман Мәмбетәлиев: Мәселен, Швейцария мемлекеті аумақтық қорғанысқа жақсы мысал бола алады. Ол елде әрбір азаматқа әскери міндет жүктеледі. Міндетті түрде әскери дайындықтан өтуі керек. Екінші мысал – Израиль мемлекеті. Израильдің әрбір азаматы әскери адам болып есептеледі. Содан кейін аумақтық қорғанысты дайындап, іске асырып отырған үшінші ел – Украина.

Дүниежүзінде мұндай мысалдар көп. Бұл тәжірибені жіті зерттеу керек. Азияда Тайвань және екі Корея халқын аумақтық қорғанысқа дайындайды. Біз бұл жерде бір нәрсені түсінуіміз керек. Бұл – әскери жүйе. Оның ішіне тек қана Қорғаныс министрлігі ғана емес, қарапайым адамдар, тұрғындар кіреді. Шекара маңында тұрып жатқан ауылдар, коммуникация жүйесі, логистика, жеткізу жолдары, бәрі қамтылады. Соңғы соғыстарда аумақтық қорғаныс өзін жақсы қырынан көрсетіп отыр.

Мәселен, Украинаның қарулы күштері Курскіге бұзып-жарып кіргені белгілі. Ресей бұған мүлде дайын болмай шықты. Аумақтық қорғанысы болмады. Біз осы жағдайларды жіті зерттеуіміз қажет.

El.kz: Қазақстан кәсіби әскерге басымдық беріп жатыр ма?

Аман Мәмбетәлиев: Бұл – енді болашақтағы идеалды үдеріс. Өз басым оптимист болсам да, осал жерімізді ашық айту керек. Қазір сыбайлас жемқорлық схемалары басым.

Біз Қарулы күштердің іртасын берік қалауымыз керек. Заң бойынша құқықтық алаң жасауымыз қажет. Бұл – бір. Екіншіден, ашықтықты қамтамасыз ету керек. Қауіпсіздік саласы болған соң, құпиялылық деген нәрсе бар. Ашықтық пен құпиялылық – бір-біріне қайшы ұғымдар. Бәрін заңды түрде електен өткізіп барып, енгізу керек. Бұл үдеріс енді ғана жүріп жатыр.

El.kz: Әскердегі әлімжеттік мәселесі қазір қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр. Солдаттардың соққыға жығылып, ауыр хәлде жансақтау бөлімінен бір-ақ шығатыны да, қаза болғаны да құпия емес. Бұл әскери тәртіпте түйткілдер бар екенін көрсете ме?

Аман Мәмбетәлиев: Бұл да – жүйелік мәселе. КСРО кезінен қалып қойған «дедовщина» деген нәрсе бар. Одан бір күннің ішінде құтылу қиын.

Екінші жағынан алғанда, кез келген мемлекетте тек қана ер адамдарды бір жерге жинап әкелсе, араларында жанжал шықпай қоймайды. Тіпті, мектеп, колледж, әскер, тіпті, түрме болса да, жігіттер төбелеспей тұра алмайды. Бұл – табиғи заңдылық.

Десе де, әскерде иерархиялық жүйе бар. Ол жүйеде бұйрық беріледі. Қатардағы жауынгер мен сержант арасындағы қарым-қатынас бөлек. Әрине, бұл кейбір адамдарға ұнамайды.

Дедовщина мәселесін азайту үшін Қорғаныс министрлігінен бастап, офицерлерге дейін жұмыс жүргізілуі керек. Офицерлердің жауапкершілігі бар. Жоғарғы жақтағы генералдар да жауап беруі керек.

Бұрын бұл мәселе қоғамда ашық айтылмайтын. Жабулы қазан жабулы күйінде қалатын еді. Қазір бәрі ашық айтылып жатыр.  Бұл – өте дұрыс нәрсе. Бұл дағдарыстың бар екенін көрсетеді. Оны да зерттеу керек. Офицерлер мен психологтар жұмыс жүргізу керек деп ойлаймын.

El.kz: Әңгімеңізге рахмет!

Мереке Амантай
Бөлісу: