АМАЛ КЕЛДІ! ЖЫЛ КЕЛДІ!

Кеше, 17:56 154

Көрісу күнін Наурыз мерекесіне кіріспе десе де болады. Наурызнаманың алғашқы күнінің де – дәл осы керемет салтқа арналуы бекер емес. Бұл күнді көпшілік Амал мерекесі деп те атайды. Көрісу күнінде жасы кіші адам үлкен кісінің үйіне барып, көрісіп шығады. Бұрынғы дәстүр бойынша, осы күні кем дегенде үш үйге бас сұғып, амандық сұрасу керек деген ырым бар.

Қазақ халқы ең алдымен құдайы көршісіне кіріп-шығуды жөн санаған.

Амал күні таң сібірлеп атысымен халқымыз дастарханын күндегісінен даралап, бар дәмдісін тосып, құт әкелер қонағын күтеді. Жас бала, бойжеткендер үй-үйді аралап, үлкендеріне көрісіп, батасын алады. Ағайын бір-біріне «жасың құтты болсын», «бір жасыңмен» деп ақжарма тілектерін арнап жатады.

Көрісе отырып, бір-біріне «Бір жасыңмен!», «Жасың құтты болсын!» деп игі тілегін арнайды. 

Көрісу – еліміздің батыс аймағынан бөлек, Ресейдің Саратов, Астрахан облыстары мен Қарақалпақстан қазақтары арасында да кең тараған. Тіпті, кейбір түркітілдес бауырлар да Наурыздың басы деп – Амал мерекесін атап өтеді. 

Көрісу күнінің келуімен табиғат та қайта түлейді. Сондықтан да, тіршілігін табиғатпен тамырластырған халқымыздың осы бір атаулы күнде атымтайдай жомарттанып, көңіліне кір ұстамай, пейілі кеңіп сала беретіні осыдан шығар.

Бөлісу: