Ғалымдар жол құрылысында жаңа тәсіл қолданбақ – ИИДМ

23 Қыркүйек 2022, 09:28 1908

Жол төсемінің табиғи беріктігін арттыру үшін жергілікті климаттық жағдайлар мен жер қыртысының құрылымы да назарға алынады.

«Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ ғалымдары Атырау облысындағы аймақтық маңызы бар жолдардың құрылысында жергілікті материалдарды пайдаланудың жаңа технологиясын қолданатын болады, деп хабарлайды El.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сондай-ақ жол төсемінің табиғи беріктігін арттыру үшін жергілікті климаттық жағдайлар мен жер қыртысының құрылымы да назарға алынады.

Бұған дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Атырау облысына іс-сапармен барған кезде шалғайдағы елдімекен тұрғындары жолдың сын көтермейтіні туралы арыз-шағымын жеткізген болатын. Атап айтқанда, Азғыр өңіріндегі жергілікті маңызы бар жолдың ахуалы төңірегінде сөз қозғаған азаматтар министрге жолдың сапалы салынуы үшін тиісті шара қабылдау қажеттігін тапсырған еді. Қайырбек Айтбайұлы аталған мәселені жеке бақылауына алатынын айтып, ғалымдармен бірлесе ғылыми тұрғыда климаттық ерекшелікті ескере отырып, жол салу технологиясын қайта қарайтынын уәде еткен.

Енді міне, инновациялық технология алғаш рет Атырау облысының Азғыр өңіріндегі автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстарында қолданылмақ. Құрманғазы ауданында өткен қоғамдық тыңдауда осы мәселе егжей-тегжейлі талқыланды. Басқосуға министрдің тікелей тапсырмасымен құрылған топ, яғни, Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары, сондай-ақ жергілікті атқарушы орган өкілдері мен аудандық қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Жиында «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ Автомобиль жолдары және көпір құрылымдары департаментінің директоры Асхат Байбатыров Азғыр өңіріндегі жер бедерінің ерекшелігіне назар аударып, жол құрылымына зиянды процестің алдын алатын жаңа технологиялардың зерделеніп жатқанын атап өтті.

«Бұл автомобиль жолы бесінші категорияға жатады. Азғыр аймағы Нарын құмында орналасқандықтан, мұндағы жол учаскелерінде құм, саз және сор кездеседі. Сондықтан да жөндеу жұмыстарын бір жобамен жүргізу мүмкін емес. Осы мәселені шешу үшін министрлік жол учаскесінде жаңа технологияларды енгізуді тапсырды. Ол оң нәтижесін берсе, инновациялық шешім өңірдегі өзге де жол жөндеу жұмыстарында қолданылатын болады», – деп атап өтті Асхат Байбатыров.

Аталған аймақтағы автомобиль жолын жөндеу жұмыстары өткен жылы басталған болатын. Бұған дейін 36 шақырымнан астам жол төсемі төселді. Ал биыл жол учаскесінің қалған бөлігінің жобасы жасалып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ғалымдар реконструкциялау жұмыстарына жергілікті құрылыс материалдарын қолдануды да қарастыруда.

«Жол саласында жергілікті материалдарға басымдық беру – ел экономикасына оң әсер тигізетіні белгілі. Яғни, оны тасымалдау кезіндегі қыруар шығындар азаяды», – дейді мамандар.

Бөлісу: