22 Тамыз 2014, 08:25
ҚАЛЫ КІЛЕМ – қымбат бағалы түкті кілем. С.Маловтың пікірінше, бұл сөз парсы тілінен енген. Парсының үлкен, жауһарлы кілем мағынасындағы ғалы сөзі қазақша – қалы, қырғызша – ғалы, әзербайжанша – хали, түрікменше – халы деген өзгеріске түскен. Бағалы кілемді білдіретін Қ. к. сөзі уақыт өте келе түкті кілем сөзіне ауысқан. Соған қарамастан Қ. к. ұғымы халық арасында әлі күнге дейін қолданылады. Қалы кілем дәстүрлі қазақы ортада қымбат мүліктердің бірі болды. Оның көшпелі ортада құндылығына ғана емес, ғұрыптық мәніне де байланысты ерекше бағаланған «бесжақсының» құрамына кіргендігі сондықтан (қ. Бесжақсы; Кілем). Тарихи жырларда кездесетін төмендегі жолдар осыны аңғартады:
Қалы кілем, қамқа тон,
Не қымбатты сейсебің.
Тай тұяқ алтын жамбының,
Баспақпен әкеп кесегін – деп суреттелген.
Қ. к. бағалы саналатындықтан атақты астардағы бас жүлдеге тігілген аттың, нардың үстіне жабылған (қ. Бәйге). Сонымен қатар Қ. к. берілетін айыптың ішінде де жүрген. Бұл туралы А.И. Добросмыслов былай деп жазады: кісі өліміне айыпты жақ қайтыс болған адамның туыстарына құннан бөлек сүйек құн төлеген. Оның ішіне қанды қара шолақ ат (құйрығы кесілген), қанды қару, қара нар, қалы кілем, қара тон, сары жаулық кірген.
Ауқаттылар ұзатылатын қыздың жасауына міндетті түрде түгі қалың Қ. к.-ді берген. Ы.Алтынсариннің көрсетуі бойынша, бір бай қызының жасауына 50 кілем кірген. Оның 20-сы үлкен, қымбат кілемдер, қалғаны орташа кілемдер. Яғни, айтып отырғаны осы үлкен Қ. к.-дер. Сонда берілген жасау қалың малдың мөлшерімен шамалас болған (қ. Жасау).
ҚР МОМ қорында (КП 21365) гүлкүмбезді қалы кілем бар. Оның ұзындығы 300 см., ені 200 см. Көліне (ортасына) гүлкүмбезді алты табақша тоқылып, жиегі қармақ өрнектерімен жалғасып тұйықталған. Кілемнің жиегіне аралықтары иттабан өрнегінен тұратын сумен ажыратылған қара түсті жіңішке қорғанына көп түсті (сары, жасыл, қызыл, ақ) гүл, көгеріс өрнегі, жалпақтау қорғанына сыңарөкше өрнегі айналдырыла тізбектелген. Кенересі айнала қара түсті жүн жіптен түкті етіп тоқылып, екі шетіне сұр түсті желі жібінен шашақ шығарылған.
Қалы кілем. ҚР МОМ қорынан (КП 21365).
ҚР МОМ қорында (КП 27509/1) ортасына екі қатар шатыргүл өрнегі бейнеленген қызыл түсті қалы кілем бар. Шатыргүл өрнегінің ішіне тышқанізі, гүл өрнектері тоқылып, аралықтарына төртқұлақты қосмүйіз өрнегі бейнеленген. Жиегіне қызыл, жасыл, сары түсті гүлқауызы, көгеріс, керегекөз өрнегі салынған. Кенересі жүн жіптен түкті етіп тоқылып, екі шетіне ақ, сұр түсті желі жібінен шашақ шығарылған.
Қалы кілем. ҚР МОМ қорынан (КП 27509/1).
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi»