Қалыңмал мен жасау туралы не білеміз? (ІІІ бөлім)

29 Қыркүйек 2021, 16:41 46624

Қазақтың ежелгі салт-дәстүрлері

 

Қазақтың бұрыннан келе жатқан ата салтының бірі – қалыңмал. Еl.kz порталы ғалым Халел Арғынбаевтың «Қазақ халқындағы семья мен неке» еңбегіне сүйене отырып қалыңмалдың төлену мерзімі туралы ақпарат беруді жөн санады.

Қалыңмалдың төлену мерзімі

Қалыңмалдың төлену мерзіміне келсек, бұл да әр түрлі жағдайларға байланысты сан түрлі мерзімде орындалатын. Балаларының жас кезінде құда болған жағдайда белгіленген қалыңмалды өтеп бітіруге күйеу жағы онша асықпайтын, ал қалыңдық жағы мүмкіндігінше тезірек алуды қалайды. Өйткені екі жағы да қыз-күйеу ер жетіп, «қызын қияға, ұлын ұяға қондырғанша» қалыңға берілетін малдың өсімін пайдалану пиғылынан мақрұм болмайды. Сондықтан олар қай уақытта қалыңның қандай бөлімін өтеу мерзімін алдын ала келісетін де, барлығын бірден төлеуге шамасы келетіндердің өзі біртіндеп өтесе, малы шағын кедейлер жоқтықтың салдарынан саумалап өтеуге мәжбүр болатын. Тіпті қалыңдық бой жеткен кездің өзінде қалыңды түгел төлеп бітіруге шамасы келмей, жүйкесі құрып жүретін кедейлер аз болмайтын. Мұндай жағдайда әдет-ғұрып бойынша қалыңдық 20 жасқа толғанша тосуға міндетті болады. Бұған дейін қалың төленбесе, қыз әкесі соңғы рет күйеу жағына хабар салып, жуыр арада қалыңның қалған бөлігін өтеуге күйеу мүмкіндігінің жоқтығына көзі жетсе, қызын қалыңмалды бірден төлейтін басқа біреуге ұзатуға әбдең ерікті. Мұндай жағдайда алғашқы күйеудің өтеп қойған малының 2/з бөлігі өзіне қайтарылады да, үштің бірі қыз әкесінде қалады. Күйеудің мүшкіл жағдайына түсініп, оның адамшылығын ұнатқан кейбір инабатты қыз әкелері өтелмеген қалың бөлігіне кешірім жасап, қызын ұзататын. Әрине, мұндай жағдайға қыз әкесін еріксіз душар ететін себептер де болады. Мәселен, қызын басқа алушы болмай отырып қалатын мүмкіндік туса, немесе бойжеткен қыз сезім мастығына шыдамай, ел арасында күңкіл көбейсе осылар сияқты кездейсоқтықтардың салдарынан қалыңның толық өтелуін күтпей-ақ, қызын құтты жеріне қондыруға мәжбүр болатын. Қыз бойжеткен уақытта айттырылса, қалыңды бірер жылдың ішінде немесе бірден өтеу қажет болады. Әсіресе сұлу, өнерлі қыздарды айттырған бай баласы бәсекелестерден сескеніп, қалыңды біржолата түгел төлейтін. Қайтып келген қыздар мен жесір әйелдердің қалың мөлшері шағын болатындықтан қысқа мерзім ішінде төленетін. Бойжеткен қызды екінші не үшінші тоқалдыққа, немесе әйелі өлген адам айттырса, қалың төлеу мерзімі, мүмкіндігінше, қысқа болады. Ал, айттырылып қойған қызға (қыз бен қыз әкесінің келісімі бойынша) көлденең біреу кез келіп жаңа құда болса, келісім бойынша белгіленген қалыңмал бірден төленетін. Мұндайда мал бетіне қарамай, берудің күшімен малға жығып алатын. Жоғарыда осындай мысалдардың бірнешеуі келтірілді де. Әдет-ғұрып бойынша қалыңмал толық өтеліп болған соң қалыңдықты тез арада ұзату керек. Бірақ, әр түрлі жағдайларға байланысты қыз әкесі қызын ұзатуды кешеуілдетсе, күйеу жағы бірнеше ескертуден соң алып қашып әкетуге ерікті болады. Мұндай жағдайда айып төлемей, қызды да қайырмай, жасауын кейінірек алуға болады. Ал, ескертусіз әкетсе, ат-шапан айып төлеп, қызды қайта қайтарып, кейін жасауымен түсіреді. Қалыңмал өтеліп бітпей тұрып алып қашқаны үшін қыз әкесінің беделіне қарай ат-шапан (бір тоғызға дейін) айып төлеп, қызды міндетті түрде қайтарады да, қалыңды толық өтеп болған соң ғана қыз ұзатылатын. Халық арасында қалыптасқан осы әдеттердің өзі қалыңмалдың шын мәнін айқындай түседі.

 

Жасау мөлшері мен оның құрамы

 

Қалыңдық үшін міндетті түрде төленетін қалыңмал сияқты ұзатылған қызға міндетті түрде берілетін азды көпті мал-мүлік, киім-кешек, ыдыс-аяқтың бәрін қазақ халқы «жасау» атандырған. Кең-байтақ Қазақстан бойынша ежелден беріліп келе жатқан жасаудың мөлшері мен оның құрамы туралы дұрыс және толық мағлұматты тағы да әр уақытта, жеке аймақтарға байланысты жазылған әдеби мұралар мен архив деректерінен кездестірдік. Сондықтан жасау туралы қолда бар көптеген деректердің ең қажеттілерін олардың мерзіміне және аймақтың ерекшеліктеріне қарай топтай отырып бермекпіз. Ұзатылған қазақ қыздарына берілетін жасау құрамы капитан Андреевтің айтуынша: ақ отау, күміс ер-тоқымды салт ат, мылтық, садақ, киім-кешек, кілем төсек-орыннан тұрады. Ал, XIX ғ. басында қазақ өмірі жайында еңбектер жазған Г. Спасский бі мен С. Броневский  жасау құрамы туралы Андреев деректерін сол күйінде қайталаумен ғана тынған. А. Левшин  жасауды қыз әкесі өз еркімен немесе алдын ала келіс бойынша қызы айттырылысымен дайындай беретіндігін, қызын ұзатуда жасауды түйелер мен аттарға теңдеп беретіндігінен басқа ештеңе айтпайды. XIX ғасырдың 40-жылдарында қазақтың әдеттік праволары туралы жиналған деректерде де жасау туралы жарытымды мәліметтер жоқ. Төтенше чиновник Д'Андре мәліметі бойынша жасау ретінде отаумен бірге түйе берілсе, поручик Аитовтың  мәліметі бойынша жасау - отау мен қыздың киім-кешек әшекейлерінен ғана тұратын сияқты. 

Бұл деректердегі жасау құрамының мұншалықты тапшылығын зерттеушілердің қолында толық деректердің болмауынан деп қарау керек. Бұл пікіріміздің дұрыстығын дәлелдеу үшін XIX ғасырдың екінші жартысында басылған әдеби мұралар мен фольклордан алынған деректерге үңілейік. Соның бірі Ф. Лазаревскийдің еңбектеріндегі деректер. Ол XIX ғасырдың ортасында Кіші жүз қазақтарының арасында көп жылдар бойы қызмет бабымен жүріп, ел арасынан ауызба-ауыз этнографиялық мағлұматтар жинаған. Лазаревскийдің айтуынша, жасау мөлшері қыз әкесінің еркіне байланысты болады. Дегенмен қалыңмал мөлшеріне де шамалас болу керек. Жасау құрамына күйеу әкесіне, шешесіне, апа-қарындастары мен аға-інілеріне және басқа да жақын-жамбарына арналатын сыйлықтар да кіреді. Мұнымен бірге қалыңдықтың өзіне арналған сәукеле, отаудың сүйегі, төсекорын, әрқайсысы тоғыз-тоғыздан көптеген киім түрлері (тон, ішік, шапан және көйлек) жасау артатын бірнеше түйе, екі салт мінетін ат (бірі жорға), екі ер-тоқым (бірі күміс, екіншісі жай ер), т. б. әйелге керек күнделікті үй бұйымдары беріледі. Әрине бұл аталғандардың бәрі беріле бермейді, әркім әліне қарай жасау даярлайды. Айталық, кедей қыздары отаусыз-ақ ұзатыла береді. Ал, бай қыздарының жасауында оншақты жаңа пұшпақ ішік, жиырма шақты қымбат шапандармен бірге, бірнеше қымбат тондар, жібек маталар да болады. Қыз жасауының ішінде шешесінің, тіпті әжесінің жасауымен келген қымбат киімдер де болады. 5-10 түйеге жасау артып, оның 3-4-іне кілем жауып, жиырма шақты жылқы, елуге тарта қой айдататын байлар да жиі кездесетін. Ірі байлар мен төрелердің қыздарына берілетін жасаулары бұдан да көп болады. Осыған орай Ф. Лазаревский Баймағамбет сұлтанның қызына берген жасауының 30 түйеге артылып, оның әрқайсысына кілем жабылғандығын және 100 жылқы айдатқандығын мысал ретінде келтіреді. Кейбіреулердің қызына беретін жасауы қалыңмал мөлшерінен әлде қайда асып кететіндігін де айта кетеді. Егер жасауға күйеу жағы разы болмаса, қыз әкесі шамасынша тағы қосады. Бірақ, мұндай жағдай қазақ арасында өте сирек кездесетіндігін де ескерткен. Осыған қарағанда жасаудың қалыңмалға тең болуы шарт емес. Әрине шама-шарқы қарайлас адамдар құда болғанда олардың қалыңмалы мен жасауы да шамалас болуы әбден ықтимал, ал қыз әкесінің ауқаты шамалы не тіпті кедей, күйеу жағы шалқыған бай (жиі) болса, немесе, керісінше (өте сирек) болған жағдайда қалыңмал мен жасау шамалары тіптен жанаспайтын. Бай, төрелер арасындағы жасау мөлшері мен оның құрамы және бұйымдардың сапасы, құны жайында архив қоймаларында аса қажетті деректер көп-ақ. Осының ішінде XIX ғасырдың ортасында Бөкей ордасында болған бір құдалыққа байланысты жасау дауы өте қызық. Төре Мұқағали Ормановтың немере қызы Мейіржанды Меңдігерей Бөкейхановтың баласы Арыстангерей алады. Мейіржан өлгеннен кейін оның сіңлісі Зүбәйдаханға балдыз алу әдеті бойынша үйленеді. Үш жылдан соң ол да өледі. Екеуінен де бала қалмайды. Сондықтан М. Орманов немерелеріне берілген жасаудың шариғат жолымен өзіне қайтарылуын талап етіп арыз түсіреді де, оған жасау құрамы туралы тізімді қоса тапсырады. Мейіржанның жасауы: Сәукеле - 389 сом, оқаланған, алтын, күміс тағылған бөрік - 56 сом, Ширгазы ханға императордың тарту еткен әр түрлі қымбат тастармен безендірілген қылышы мен жүзігі, күміс ер-тоқым - 240 сом, күміс ожау, 3 күміс қасық, жез самаурын, поднос, жез шәйнек, поляк күмісінен жасалған шамдал, темір төсек және мыс қазан - 41 сом, оқаланған 10 қамқа және барқыт шапандар - 770 сом, оқаланған 10 жібек және сыйса көйлектер - 370 сом, 9 түлкі ішік - 570 сом, 6 көрпе, құстөсек, төсек жапқыш, барқыт тысты екі жастық - 447 сом, 6 сандық, дастархан, 11 шапан (оның біреуі екі жақты ақ жібек, 4 патшайыдан, 6 қызыл матадан тігілген) - 136 сом, отау - 583 сом, 28 кілем, 3 текемет - 550 сом, 35 жылқы, 2 салт ат, біреуі жорға - 1160 сом. Осы келтірілген дүние мен малдың құны 5313 сом ақшаға бағаланған. Зүбәйдаханның жасауы: оқамен күміс тағылған барқыт бөрік, оқаланған екі жібек шәлі - 93 сом, оқаланған қызыл барқыт шапан, оқаланған жібек көйлек, оқаланған жібек пешпент, барқытпен тысталған 8 аршын бұл, 3 шапан, шымылдық, 2 патшайы ішік,  көрпе - 323 сом, құстөсек, екі жастық, білезік, 2 күміс қасық, 3 сандық, 3 кілем, 3 текемет, 3 түйе және 1 жорға ат 213 сом. Осы айтылған дүние мен малдың құны 629 сом ақшаға бағаланған. 1867 жылы билер алдында күйеу жағы қыз әкесіне 20 жылқы, 10 ат және шапан беріп бітіскен. Бұл документтің құндылығы - біріншіден, жасау құрамының өте толық көрсетілуінде; екіншіден, балдыз алғандағы (сорорат) жасаудың шағын болатындығын анықтай түсуінде; үшіншіден, жасаудың әр уақытта әйел меншігінде қалатындығын дәлелдеуінде; төртіншіден, иесінің баласыз өлген уақытта жасау, немесе оның құны белгілі мөлшерде қыз әкесіне қайтарылатындығын растауында. XIX ғасырдың орта кезінде Кіші жүздің Жаппас руы мен Орта жүздің қыпшақ тайпаларының арасында бір құдалықта қыз әкесі (жаппас руынан) жасау ретінде 50 кілем жабылған жібек бұйдалы, күміс мұрындықты 50 түйе, екі киіз үй (бірі ақ үй, екіншісі қызыл шұғамен жабылған, оңың 125 басты керегесінің бастары екі елідей күміс зермен қапталған), 25 құлынды бие (желі, ноқта, көнек және сабасымен) және күң мен құл берілгендігін «киргиз» деген бүркеншік атпен жергілікті бір оқыған азамат XX ғасырдың басында баспа жүзінде жариялаған. Бұл келтірілген деректердің өзі, әрине, толық емес, өйткені қызға берілетін жасаудың ішінде сәукеле, киім-кешек, төсек-орын тағы басқа уақ-түйек туралы келтірілмеген. Жасау мөлшерінің ешуақытта қалыңмалдан кем болмайтындығын, тіпті көпшілік жағдайда артық болатындығын М. Красовский еңбегінде6 айта келіп, ұзатылған қыздың жасауына өзі мен оның туған балаларынан басқа ешкім иелік етпейтіндігін, тіпті күйеуінің басқа әйелден туған балалары да жасау иесі баласы болмай өлген күннің өзінде иелік ете алмайтынын баса көрсеткен. Кейбіреулер қызына беретін жасауының ұзын-ырғасын алдын ала айтып қояды. Қыз қалыңсыз берілген күннің өзінде киім-кешек, төсек-орынсыз еш уақытта ұзатылмайтындығын да ескертеді. Жасау туралы Ыбырай Алтынсарин еңбектерінде де аса қажетті деректер бар. Алтынсариннің айтуынша, жасау дайындауға күйеу ұрын келіп қайтқан соң кіріседі. Ең алдымен сәукеле жасатады. Әдетте қыз шешесі ешкімге дабыра қылмай білезік, жүзік, сырға және көйлек-көншек сияқтыларын ұрын келуіне қарамай-ақ жинай беретін. Жасау мөлшері әр түрлі болады. Осыған орай өзіне көптен таныс бір байдың ұзатылған қызына берген жасау мөлшерін келтіреді. Жасау артуға 25 түйе, канауыс пен жібектен тігілген 125 шапан, 50 кілем (оның 25-і қымбат, үлкен кілемдер) шұға және жібектен тысталған 25 ішік (біреуі жанат, оны түлкі, қалғандары қарсақ және қасқыр терілерінен), 300 сомдық отау, 5 жылқы, оның екеуі жорға, 100 сомдық күміс ер-тоқым, төсек-орын, киім-кешек, аяқ-табақтары 400 сомдық дүние болса керек. Қорыта келгенде, зиялы адамдар қыздарының жасауына көп көңіл бөліп, көбінесе қалыңмал мөлшерінен асырып түсіретін. Бірақ мұның өзі негізінен атақ, намыс үшін жасалатын. Өйткені осыншама мол дүние қызының күнделікті тұрмысының қажеттігін өтеу үшін емес, жасаудың бірсыпырасын күйеу туыстарына жол ретінде үлестіру үшін апаратындығын да ескереді. Жасау есебінде алтын, күміс, әр түрлі асыл тастар, қымбат аң терілерімен безендірілген сәукеле, ақ отау, төсек-орын, киім-кешек, салт ат ер-тоқымымен, жасау артатын бірнеше көлік, т. б. берілетіндігін И. Ибрагимов, Л. Баллюзек, И. А. Козлов және А. И. Добросмыслов сияқты авторлар өз еңбектерінде атап көрсеткен. Бұлардың айтуынша, жасау мөлшері құдалардың барлығына қарай қамдалады. «Дегенмен той малының құны мен жасаудың шамалас болуы қажет», – дейді, Л. Баллюзек. Бірақ қазақ арасында жасауға байланысты мұндай шарттылық болған жоқ. Қазақстанның солтүстік-шығысында қызға берілетін жасау көптеген тоғыздардан, яғни 9 кілем, 9 ішік, 9 шапан, 9 көйлек, т. б. тұратын. Кейбір ірі байлар арасында он рет тоғыз-тоғыздан беру, яғни 90 кілем, 90 ішік, сәукеле, отау және жасау артатын көлік, дәл жүрерде қыздың таңдап алатын аты ер-тоқымымен жасау құрамына енгізлетінін де атап өткен аторлар көп.

 

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: