20 Тамыз 2014, 03:45
Өткен ғасырдың 60 жылдарында Кемал Ақышевтың Есік қорғанынан сақ ханзадасының мүрдесін (бірінші алтын адамды) табуы тарих ғылымын дүр сілкіндірген болатын. Былтыр Қазақстанның шығысында жатқан Зайсан ауданының Шілікті даласынан тағы бір алтын адам шықты. Мұндағы 200-ге тарта сақ қорғандарының құпиясын ашуға тарихшылар көптен ұмтылып келеді екен. Мəселен, ол ескерткіштерді 1910 жылдардың шамасында Семейлік гидротехник Бокий алғашқы болып зерттесе, сол ғасырдың 40-70 жылдары аралығында профессор Черников жұмыс істеген көрінеді. Ал, қазақ тарихшылары зерттей бастағалы 4 жылдан асыпты. Шығыстағы Берел қорымынан жақсы сақталған жылқы қаңқалары, екі адамның мүрдесі табылғаннан кейін елді елең еткізген осы Шіліктідегі Бəйгетөбе атты обадан шыққан алтын киімді билеушінің сүйегі болыпты. Шілікті алтын адамы - Қазақстан жерінен табылып отырған үшінші алтын адам. Шіліктіден табылған алтын адамның жанынан асқан шеберлікпен жасалған алтын əшекей бұйымдар табылыпты. Арқар, самұрық, бұғы, бес жұлдыз түріндегі əшекейлер саф алтыннан құйылған. Оның ішіндегі ең ірісі арқар. Ал бес жұлдыз, ғалымдардың айтуынша Сақ тарихында бұрын сонды болмаған əшекей. Бұл əшекей бұйымдар киімге тағылған. Əр əшекейдің артында ілмек бар. Бір қызығы тарыдай ұсақ моншақ ерекше əдіспен құйылған. Ол моншақтың ерекшелігі бір біріне дəнекерленген.
Жуықта New York Tіmes газеті мынадай хабар таратты: “Ғылыми үлкен сенсация (ірі хикмет - С. Ж.): Əлемде жылқының алғаш рет қазіргі Қазақстанның солтүстігінде қолға үйретілгені жəне қымыздың пайда болғанына үш жарым мың жыл болғандығы турасында сенімді дəлел табылды. Археологтар біршама жылқы сүйектері мен басқа да қазбаларды тапқан. Оларды зерттеу барысында, бұл жылқыларды Қазақстанның солтүстігінде, б. з. б. 3600 жылдан бастап 600- жыл арасында үйреткені туралы бір-бірінен тəуелсіз үш түрлі дəлелдер тобы нақтыланған. Біріншіден, ғалымдар төрт жерден табылған жылқы қаңқаларының түрі мен өлшемін талдаған. Оларды осы өңірлерде, осы кезеңдерде өмір сүрген жабайы жылқылардың, бұдан жүздеген жылдар кейінірек қола дəуіріндегі қолға үйретілген жылқылардың жəне моңғолдың қолға үйретілген жылқыларының сүйектерімен салыстырған. Зерттеушілер, сүйегі ірі, жабайы жылқыларға қарағанда, Ботай жылқыларының “сымбаттырақ” болғандығын жəне қолға үйретілген жылқыларға жақындау екендігін айтады. Дəлелдердің екінші тобы жылқының тістеріндегі іздер мен қаңқа талшықтарының бұзылуына байланысты. Зерттеушілер оны жұмысқа пайдаланған жылқыны басқару үшін кигізілген жүген мен ауыздықтың, жауырдың салдары деп есептейді. Тістегі мұндай кетіктерді археологтар бұрыннан бері қолға үйретудің дəлелі деп есептеп келеді. Жылқының қолға үйретілуіне қатысты дəлелдер осының алдында, Ботай мекенінде, Көкшетау университетінің ғалымы Виктор Зайберт жүргізген қазбалардың нəтижесінде табылған. Карнеги жаратылыстану мұражайының қызметкері, америкалық Сандра Олсенмен бірге олар жылқы қаңқаларынан жауырдың іздерін тапқан. Бұл Ботай жылқыларының жұмысқа жəне мініске пайдаланылғаны туралы болжам жасауға негіз болды. Іnfox. ru сайтының жазуынша, қазақ ғалымдары да жəне қазақ даласын жылқы өсірудің алғашқы отаны деп есептейді. Себебі кезекті зерттеу кезінде олар Қаратауда Андрон мəдениетіне жататын тастағы таңбаларды байқаған. Алматы археология институтының қызметкері, тарих ғылымының докторы Алексей Марьяшев журналистерге берген сұхбатында, Арпаөзен шатқалында археологтар қола дəуіріне жататын арбалы аттармен аң аулау сəті бейнеленген суреттер тапқанын айтыпты. Андрон мəдениетінің адамдары Қазақстан аумағында 4-3 мың жыл бұрын өмір сүрген. Олар Қаратау жартастарына ұрыс қимылдарын, толықтай жарақтанған жауынгерлердің табыну көріністерін салған. Жылқының түп-төркінін қазақты құраған ежелгі тайпаларға теңеуге аса ықылас танытып отырған ғалымның айтуынша, Қазақстандағы ескерткіштердің саны ғана емес, сапасы да өзгеше. “Мұндағы материалдар өте бай жəне олар жекелеген стилдерді, бұл өнердің туындауы, оның гүлденуі мен біртіндеп сөнуінің кезеңдерін бөліп алып, қайта електен өткізуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, Қазақстанда жаңартылған суреттер де көптеп кездеседі. Салт атты жауынгерлер түріктерге ұқсайды. Анықтап қарасаң, жауынгерлер кейінірек салынған. Ал, жылқылар қола дəуіріне жатады. Осыдан барып бұл өнердің сабақтастығы, оның дамуы мен біртіндеп сөнуі анықталады”, - дейді Марьяшев. Бұл сенсациялық жаңалық басқа да көптеген БАҚ-тардың назарын аударған. Мəселен, немістің Sueddeutsche Zeіtung газеті “Əлемнің алғашқы салт аттылары” деген мақаласында, қазіргі Қазақстанның солтүстігіндегі Ботай мəдениетінің өкілдері осыдан 5500 жыл бұрын жылқыларды қолға үйреткен. Яғни, бұл оқиға Европадағы алғашқы қолға үйретілген жылқылар пайда болғаннан 2000 жыл бұрын болған деп атап көрсеткен”.