«Алтын домбыра»: Түркістанда аламан айтыс басталды

9 Желтоқсан 2022, 17:44 1754

Айтыс «AMANAT» партиясының қолдауымен өтіп жатыр

Түркістанда«AMANAT» партиясының қолдауымен «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы басталды. Екі күнге жоспарланған дүбірлі дода ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орайластырылып отыр, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Аламанның ашылуында сөз сөйлеген «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов ел бірлігінің және ұлт тұтастығының мәні мен маңызына тоқталып, осы жолда басын бәйгеге тіккен Ахмет Байтұрсынұлының айрықша рөлі мен ерен еңбегін атап өтті.

«Киелі Түркістан топырағында аламан айтыстың шымылдығын ашып отырмыз. «АMANAT» партиясы  руханият пен мәдениетке жан-жақты қамқорлық жасап келеді. Соның бір айғағы – ұлтымыздың бойтұмарына айналған осы айтыс», – деді Е.Қошанов.

Әрине, жаһандану дәуірінде ұлт болмысын, оның дара дәстүрін, қаймағы бұзылмаған төл өнерін сақтап қалу оңай емес. Бұл ретте, «AMANAT» партиясының Саяси тұғырнамасында ұлттық өнеріміз кеңінен насихатталып, оған жан-жақты жағдай жасалатыны айқын жазылған.

Партия төл тарихымызды дәріптеу, руханиятымызды жаңғырту бағытындағы бастамаларды әрі қарай да жалғастыра береді. Осы уақыт аралығында саяси ұйымның тікелей қолдауымен елімізде 100-ге жуық республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылды.

Өз кезегінде, айтыстың тізгінін ұстаған ақын, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай бүгінгі ұрпақ ұлы тұлғаның кемеңгер ойлары арқылы тәрбиеленетінін жеткізіп,көзіқарақты көрерменге қазылар алқасының құрамы мен сынға түсетін ақындарды таныстырды.

Осылайша, түркі әлемінің рухани астанасында өтіп жатқан сөз сайысында қазылар алқасына көрнекті өнер қайраткері, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері – Асанәлі Әшімов төрағалық етеді. Сонымен қатар, қазылар алқасының құрамында ақын, Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, ақын, «Отан» орденінің иегері Светқали Нұржан, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы, «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков,ақын, Қадыр Мырза Әлі атындағы Батыс Қазақстан облыстық «Мәдениет және өнер» орталығының директоры Бауыржан  Қалиолла сынды мәдениет және тарландары бар.

Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған сөз барымтасында еліміздің түкпір-түкпірінен келген 18 ақын өзара бақ сынауда. Олардың арасында «Алтын домбыра» иегері Рүстем Қайыртай, халықаралық, республикалық айтыстарда топ жарып жүрген Төлеген Жаманов, Еркебұлан Қайназаров, Біржан Байтуов және т.б. ақындар бар. Ал кіл мықтыдан кім мықты шығары ақтық сында анықталады.

EL.KZ
Бөлісу: