Премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгіновтің Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары кезінде өңірдегі өзекті әлеуметтік мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау саласындағы проблемалары аса өзекті болып отыр, әсіресе босанған әйелдер мен нәрестелердің денсаулығы, жабдықтардың тозуы ерекше алаңдатады. БҚО-да дүниеге сәби әкелген әйелдердің 91%-ы Орал қаласында босанады, олардың жартысынан көбі медициналық қызметті облыстық перинаталдық орталықта алады. Шамамен 40 жыл бұрын салынған ғимарат халыққа сапалы медициналық көмек көрсету стандарттарына сай емес. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салу мәселесі пысықталып жатыр.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасына сәйкес Батыс Қазақстан облысында 50 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын (12 дәрігерлік амбулатория, 21 фельдшерлік-акушерлік пункт, 17 медициналық пункт) салу жоспарланып отыр, оның 24-і 2023 жылы салынбақ.
Сонымен қатар Бөрлі және Казталов аудандарының ауданаралық ауруханаларын үлкейту көзделген, онда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, арнайы медициналық құралдармен (КТ, МРТ, ангиограф, сараптамалық санатқа жататын УДЗ аппараттары және т.б.) жабдықталған бөлімшелер ашылады.
Проблемалық мәселелердің қатарында кадр тапшылығы және медицина мамандарын даярлау деңгейінің төмендігі бар. Өңірлерде акушер-гинеколог, хирург, травматолог, эндоскопист, фтизиатр және басқа да дәрігерлер жетіспейді.
Медициналық кадрларға ерекше назар аудару қажет. Жақында еліміздің оқу орындарынан жас мамандар диплом алып шығады, оларды өңірлерге тарту керек, қолайлы жағдай жасап, тұратын үй мен және көтерме төлем ұсыну қажет. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, мамандарды қосымша оқытып, олардың біліктілігін арттыру қажет, — деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.
Білім беру саласында да бірқатар проблема бар. Бүгінгі таңда өңірде үш ауысыммен оқытатын тоғыз мектеп және 12 апатты мектеп бар, 11 білім беру нысаны күрделі жөндеуді қажет етеді.
Аталған мәселені шешу үшін 2023 жылы Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен Казталовка және Жұлдыз ауылдарында екі мектеп салынбақ. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында үш жыл ішінде 18 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Жоспар бойынша олардың жартысының құрылысы биыл басталады.
Білім ордаларына жылдамдығы жоғары интернет жүргізу мәселесі әлі шешілген жоқ, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасын, зертханалар мен колледж шеберханаларының жабдықтарын жаңарту керек.
Сонымен қатар халықты, әсіресе жастарды жұмыспен қамту мәселелері көтерілді. Жастардың тек 10%-ы ғана мемлекеттік қолдау бағдарламаларымен таныс. Облыста NEET санатына жататын 10 мың жұмыссыз және білім алып жүрмеген жас бар. Бұл көрсеткішті төмендету үшін әр өңірде, оның ішінде БҚО-да аталған проблемаларды шешуге бағытталған жастар бағдарламасы құрылатын болады.
Одан бөлек Батыс Қазақстан облысы «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасына қатысуға берілген өтінімдер саны бойынша ерекшеленіп отыр. Өтінімдер саны беру жоспарланған несие санынан екі есе көп.
Ауыл аманаты» бағдарламасы – Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Батыс Қазақстан облысындағы жеке аулалар мен шағын өндірістерді қаржыландыруға көзделген сома – 6,4 млрд теңге, алғашқы несие беріліп үлгерді, — деді Алтай Көлгінов.
Кеңес қорытындысы бойынша вице-премьер бір ай ішінде барлық проблемалық мәселе бойынша жол карталарын дайындауды және оларды шешу үшін жедел шаралар қабылдауды тапсырды.
Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Алтай Көлгінов Теректі ауданы Теректі ауылында 200 адамды қабылдай алатын аудандық емхана мен Бәйтерек ауданы Жалын ауылында 54 балаға арналған шағын жинақты мектеп құрылысының барысымен танысты. Аталған мектепті жер қойнауын пайдаланушы әлеуметтік жобалар аясында тұрғызып жатыр, құрылыс жаңа оқу жылының басына дейін аяқталуға тиіс.