Алтай Көлгінов Шымкентте әлеуметтік жобалардың жүзеге асу барысымен танысты

13 Ақпан 2023, 17:48 1008

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті

Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында әлеуметтік маңызы бар нысандардың жүзеге асу барысымен танысты, олардың арасында ұлттық жобалар аясында жүзеге асып жатқан нысандар бар, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Алтай Көлгінов «Оқушылар сарайының» құрылысымен танысты. Әкімдіктің мәліметі бойынша, ғимаратта мини-футболға, волейболға, баскетболға және жаттығу жасауға арналған алаңдар бар. Онда 2 мың оқушы спортпен айналыса алады. Орталық биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ Шымкентте Конгресс-холл салынып жатыр. 

Вице-премьердің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Шымкентте тағы бір «Оқушылар сарайы» салынбақ. Онда да оқушыларға қосымша білім беруге және үйірмелер ұйымдастыруға мүмкіндік жасалады. Сонымен қатар опера және балет театры салынады.

Жұмыс сапары барысында Алтай Көлгінов «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында салынатын білім беру нысандарының жобаларымен танысты. Жоба аясында Шымкентте 25 мектеп салу жоспарланып отыр. Жаңа форматтағы мектептердің салынуы үш ауысыммен оқыту мәселесін толығымен шешіп, қосымша оқушы орындарын құруға мүмкіндік береді. 

Сонымен қатар Шымкентте бірқатар медициналық нысан салу жоспарланып отыр. Премьер-Министрдің орынбасары пандемия кезінде салынған инфекциялық ауруханаға барды. Қазір қалада 315 пациентті қабылдай алатын жалғыз балалар ауруханасы жұмыс істеп тұрғанын ескере отырып, инфекциялық аурухананың ғимаратын балалар ауруханасының балансына беру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ көпбейінді аурухана салу да жоспарланған. Онда жұмыс істеп тұрған емханалардың жұмысын жеңілдету үшін емхана жұмыс істейтін болады. Көпбейінді ауруханада заманауи талаптарға сай келетін Ядролық медицина орталығы ашылады. Бұл сапалы медициналық кадрларды дайындауға жол ашады. Осындай көпбейінді ауруханаларды бірқатар өзге өңірде салу жоспарда бар.

Мұнан бөлек 12 перенаталдық орталық салу жоспарланған. Солардың бірі Шымкентте орналасады. А. Көлгінов биыл жоспарлау жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Бұл орталық «Ақ жайық» шағын ауданында 2026 жылға дейін салынады. 

Әкімдіктердің алдына ұлттық жобаларды сапалы іске асыру және әлеуметтік жобалардың құрылысын уақытылы аяқтау міндеті қойылған. Бұл мәселелердің барлығы – Мемлекет басшысының бақылауында.

EL.KZ
Бөлісу: