Алтай тауындағы «әйел тас мүсіндері»

13 Ақпан 2018, 16:18 6902

Қазіргі уақытта Алтай тауының далалық кеңістігінде, ерте кезеңдегі көшпенділердің көптеген ғасырлар бұрын орнатқан төрт мыңннан аса монументтік ескерткіштері сақталған

Қазіргі уақытта Алтай тауының далалық кеңістігінде, ерте кезеңдегі көшпенділердің көптеген ғасырлар бұрын орнатқан төрт мыңннан аса монументтік ескерткіштері сақталған. Олар – шыны үлгісіндегі ойықтары бар және сирек кездесетін аңдар бейнесімен бейнеленген энеолиттік стелалар, қола тас мүсіндері, бұғы тастар мен «әйел» тас мүсіндері. Бұлардың құрамына қорымдарда, көптеген өзен аңғарлары мен басты жолдардың қиылыстарында орналасқан мыңдаған өңделмеген тас бағандар мен менгрлер және киелі таулардың бөктерлері мен асуларындағы көшпелілердің соқпақ жолдары кірмейді.

Археологтар бұлардың жанынан ертедегі, тіпті қазіргі уақыттағы құрбандыққа шалудың іздерін жиі кездестіреді. Орталық Азиядағы монументті ескерткіштердің маңызды топтарының ішінен Алтайда осы күнге дейін жақсы сақталған «әйел тас мүсіндерін» бөліп қарастыруға болады. Әйел тас мүсіндеріне қатысты бұл атау алғаш рет Оңтүстік орыс даласындағы әйел тас мүсіндеріне қатысты айтылса, кейіннен бұл Алтайлық тас мүсіндерге ауысқан болуы мүмкін. Алайда Алтай жерінен табылған 300-ден аса әйел тас мүсіндерінен басқа әлі күнге дейін бірде бір әйел мүсіні кездескен емес. Бейнеленудің сараңдығына қарамастан, ертедегі түрктердің тас мүсіндері таңғаларлықтай жеке тұлғалы және мыңдаған жылдар бұрын Алтайда өмір сүрген адамдардың бейнесімен нақты ұқсастықтары бар. Олардың есімдері әлдеқашан ұмытылған, бірақ Алтай халқы кезерлер туралы аңыздарды, яғни әскерлерінің ерліктерін әрқашан жадында сақтауда. Монументалды тас мүсіндердің алғашқы үлгілері өз мемлекетін құрған ежелгі түрктердің Орталық Азияның таулы-далалы кеңістігінде пайда болған бастапқы кезеңінен белгілі. Ортағасыр кезеңінде Алтай халықтарының саяси негізі, сонымен бірге консолидация мен мәдени өрлеудің маңызды шарты болып VI – VIII ғғ. өмір сүрген құдіретті Түрк қағанаты қызмет атқарған. Бұл ірі тайпалардан құралған бірлестік Еуразиядағы ең алғашқы қуатты империя болған. Олардың территориясы Моңғолиядан Шығыс Еуропа елдеріне дейін және Оңтүстік Сібірден Қытайға дейін созылып жатты. Ортағасыр мәдениетінің жаңа туындысының бірі ежелгі түрктік тас мүсін болды. Ежелгі культтік кешендерден археологтар тапқан барлық тас мүсіндер қайтыс болғандарға немесе түрк жауынгерлерімен болған күресте қайтыс болғандарға арналған. Олар қорғандарда емес, негізі кішігірім мемориалды храм болып келген, тұрғын-жай түріндегі ағаш каркасты құрылысты елестететін тас қоршауда тұр. Мұндай құрылыстарды әлі күнге дейін қазақтар мен алтайлықтар қайтыс болған туыстарының басына орнатады. Соғды бейнелеу мектебінің дәстүріндегі буддизм, манихей, маздаизм ықпалын өткерген ертедегі тас мүсіндердің бойында шамандық ғана емес, сонымен бірге шамандыққа дейінгі діни көзқарастар да сақталған. Бұған ерте түріктік еске алу дәстүрін қайта қалпына келтіру бойынша археологиялық және этнографиялық деректер дәлел бола алады. Мұның негізінде ата-баба культімен байланысты көзқарас жатты және Алтай түрктерінің жерлеу – еске алу ғұрпының Сібір мен Орта Азиядағы түрк тілдес халықтардың дәстүрлі жерлеу салттарымен тамаша ұқсастықтары осыған байланысты болса керек.

Алтайдағы ежелгі түрктік элитаның неғұрлым жақсы сақталған мүсіндері салтанатты немесе мерекелік киімдерімен, қаруымен, белдікке ілінген қапсырмалары бар қанжары және қылышымен қоса көрсетілген. Әдетте, ақсүйек жауынгердің оң қолында шыны немесе кубок, ал сол қолы қылыштың сабына түсірілген күйі бейнеленген. Ақ мрамордан немесе әк тастан қашалған тас мүсіндер ерте кезеңде ақсүйек түрктің бай киім-кешегінің барлық түсін бере отырып боялған. Бұларға қатысты белгілі мәліметтерді алу үшін тас мүсіндерде суреттелген заттар мен бейнелерді қарастыруға болады. Ол үшін археологтар ескі әрі қолданыста жүрген тәсілді пайдаланады. Бұл тәсіл Алтайдағы ерте түрктік жерлеу орындарынан табылған нақты заттарды салыстыру немесе Орталық және Орта Азияның басқа бейнелеу өнері ескерткіштерімен салыстыру болып табылады. Тас мүсіндердің жеке болмыстары дайындалған уақытын және олардың этномәдени тегін анықтауға мүмкіндік береді. Алтайдағы түрк тас мүсіндерінің картографиялық орналасу жағдайын зерттеу барысы бұл ескерткіштерді орнату үшін негізінен тау аралық ойпаттар мен өзен аңғарлары таңдалғанын көрсетеді. Белгілі бір реттілік бойынша бұл үшін ең таңдаулы, әдемі және жайлы, әрі қоршаған орта көрінетін көшпенділердің күнделікті жүріп өткен жерлері алынған. Онымен қоса, Алтайдағы тас мүсіндер кейде шалғай, жолы қиын жерлерде төрттен он жетіге дейін топтасып орналасқан. Мұндай жабық әрі көзден таса жерлер Аргут өзені бойындағы Кеме-Кечу сайы мен Қырландын – Қынында, Аюты өзені бойындағы Қыпчыл өңірінде, Чаганбургазы мен Барбургазы өзендерінің өңірлерінде, Цагаан – Салаа өзені бойындағы Шивээт – Хаирхан тауында, сонымен қатар Алтай тауының басқа аудандарынан да белгілі. Бұлардың жанында бір кезеңге жататын түрк дәуірінің қорымдары ғана емес, басқа да кезеңнің ешқандай археологиялық ескерткіштері жоқ. Бұл сыртқы бейнесімен ортағасырлық көшпенділердің маусымдық қоныстарын еске түсіретін шағын ғана рулық ғибадатхана болуы мүмкін. Мұндай «өлілер» мекенінде ежелгі түрктердің түсінігі бойынша қайтыс болған туыстарының жаны мекендейді деген ұғым болған. Дәл осындай мақсатта кейініректегі қыпшақ мүсіндері топтастырылған болатын. Зерттеушілер бұл жерлерді жерлеу орындарынан алшақ орналасқан ата-баба әруағының құрметіне арналған арнайы культтік орындар деп есептейді. Мұнда еске алу ғұрпы өткізіліп, өзінің ата-бабасының әруағына құрбандық шалынған. Барлық Орталық Азия халықтары ертедегі қорымдарда ата-баба әруақтары мекендейді деп санаған. Әдетте жылына бір рет бұл жерге ертеде қайтыс болған марқұмның құрметіне арнап құрбандық шалатын болған. Басты құрбандық малы ретінде жылқы пайдаланылған. Мысалға ертедегі түрктер мен моңғолдарда құрбандыққа арналған жылқының етіп жеп, терісі мен басын қорымның жанындағы ағаш қадаға немесе еске алу ғұрпы өткен жердегі тас мүсінге іліп қоятын болған. Сондықтан да Азияның көптеген тас монументтері бүгінгі күнге дейін құрметке ие, тіпті жекелеген ертетүрктік мүсіндердің атаулары да бар. Алтайдың Кош – Агач ауданында «Акташ» және «Кезер», Моңғолияда «Даян батыр», «Увшхай», «Ловх», «Лам чулуу», Тувада «Шыңғысзан» т.б. адам бейнесі бейнеленген тас мүсіндер белгілі. Олардың әрқайсысы аңыздармен байланысты, ал кейбір тас мүсіндерде әлі күнге дейін шамандық-ламаисттік салттар атқарылады.

Алтайдағы түрк тас мүсіндеріне қатысты жиырма жыл бұрын жарияланған еңбектер Орталық Азияның монументалды ескерткіштерінің жаңа жинағының қайта басылып шығу керектігін талап еткен. Өткен жылдары ондаған ежелгі түрктік еске алу кешендері табылып зерттелген болатын. Олар мақала ретінде аймақтық жинақтарда, орталық, рецензиялық журналдарда, сонымен бірге халықаралық конференцияларда жарық көрген. Бұдан басқа Алтайдағы ежелгі түрктік тас мүсіндеріне арналған, мемориалды құрылыстар мен ерте кезеңдік белгісіз тас мүсіндердің суреттерімен берілген үш ғылыми-танымдық еңбектер жарық көрген. Ерте түрктік монументалды өнер ескерткіштерінің жаңа түрлері Қазақстанда да табылып, қазба жұмыстары жүргізілген. Соңғы мәліметтер бойынша Алтайдың Ресейлік бөлігінде ерте түрктік кезеңнің ғұрыптық ескерткіштерінің зерттеу тарихының 100-жылдан аса уақытында 200-ге тарта нысанға археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Алтай тауының Ресей бөлігінен белгілі ерте түрктік он бір ғұрыптық құрылысынан бар-жоғы алты мемориалға қазба жұмысы жүргізілген. Алтайлық ертетүрктік кешендер мен Моңғолиядағы түрк мемориалдарын салыстырғанда, олардың құрылысы жағынан көптеген ұқсастықтар байқалады. Алтайдағы көптеген қоршауларға қазба жұмыстарын жүргізгенде олардың жан-жағынан Унгет кешеніндегі немесе Күлтегін мен Білге қағандардың храмдарындағыдай төрт бұрышты пішіндегі құрылыстың ағаш іздері табылған. Ағаш күмбез түріндегі мұндай құрылыс Алтайда, Малталудағы ғұрыптық құрылыста және дәл осындай «күмбез» Толы өзенінің бойында орналасқан Унгет ескерткішінде кездеседі. Күлтегін храмының алдына кірпіш төселсе, кейбір алтайлық қоршаулардың алдына біріне бірі жапсарсала тас плиталар немесе өзен тастары төселген. Күлтегін храмындағы «алтарьдің» көлемі тас плиталардан құралған алтайлық қоршаулардың көлемімен сәйкес келеді. Көптеген ертетүрктік храмдардағы «саркофактар» мен «табыттар» төрт гранит немесе мрамор плиталарынан жасалған. Юстыдтік типтегі алтайлық қоршаулар да дәл осылай жасалған. Қоршаулардың сыртқы көрінісі төрт плиталарда адам мен жануарлар бейнелері кездеседі. Дәл осындай көрініс Моңғолиядағы саркофактың сыртқы жағына айқыш-ұйқыш айқасқан өсімдік өрнегі және қасқыр мен құстың бейнелері түсірілген. Онымен қоса тік сызықты геометриялық өрнектер де бар. Кейде оларды ромб тәрізді әшекей немесе қисық торлы деп атаған. Ертетүрк саркофактарына ұқсас сыртқы қисық торлы өрнектермен әшекейлеу Макажан даласындағы алтайлық қоршаудың бір плитасындағы өрнекте кездеседі.

Алтайдағы ғұрыптық құрылыстар мен орхондық типтегі ғұрыптық храмдарды, тас мүсіндердің жанындағы арнайы құрбандық шалу шұңқырларына орнатылған ғұрыптық ыдыстарды пайдалану дәстүрі біріктіреді. Бірақ та, қағандардың храмдарында алтын және күмістен жасалған құмыралардың, табақ және ожаудың миниатюралы түрлері қойылса, алтайлық мемориалдарда күмістен, қыштан және ағаштан жасалған кәдімгі ыдыстар қойылған. Көп жағдайларда бұл ыдыстар ескіріп үй шаруашылығына пайдалануға жарамсыз болғаннан кейін қайтыс болған адамның рухына арналып қойылатын болған. Алтайлық қоршаулар мен Моңғолиядағы ерте түрктік ғұрыптық құрылыстардың барлығында дерлік өртелген оттың ізі сақталған. Алтайлық қоршаулар мен ерте түрк қағандарының храмдары көбіне шығыс жағына қарай бағытталған, тігінен тұрғызылған тас балбалдар тізбегімен қатар жүреді. Тізбектің соңы солға қарай, яғни солтүстікке бұрылады. Қағандардың барлық ғұрыптық храмдары тік бұрышты пішіндегі үйілген топырақпен және ор-шұңқырлармен қоршалған. Алтайлық көшпелілердің қоршауларының айналасындағы ор-шұңқырлар осындай принциптермен құрылған. Күлтегін мен Білге қағанның храмдарындағы құрбандық орындары алтайлық қоршаулардың қосымша құрылыстарында өзіндік көрініс тапқан. Мысалы, әрқашан ғұрыптық төртбұрыш пішініндегі тастан жасалған құрбандық шалу орындарына алтайлық ғұрыптық құрылыстарының кіре берісіне орнатылған кішкене қоршау сәйкес келеді. Дәл осылай тастан жасалған дөңгелек құрбандық орнын да айтуға болады. Қоршаулардың шығысына тұрғызылған бір немесе бірнеше тасты шеңберлер жоғарыда аталған дөңгелек құрбандық орнына ұқсата тұрғызылса керек. Алаңның ортасынан қыш ыдыстардың сынықтары мен күйген мал сүйектерінің қалдықтары кездеседі. Ерте түрк мемориалдарын зерттеудегі маңызды мәселелердің бірі ортағасырлық  көшпелілердің ескерткіштері көз алдымызда жоғалып бара жатқандық болып табылады. Түрлі кезеңдердің барынша көрнекті ескерткіштерін құжаттап зерттеп үлгерген. Бірақ олардың көбі мұражайдағы сирек кездесетін суреттер және мұрағаттар мен фотолар арқылы ғана белгілі. Мыңдаған жылдар бойы қараусыз болған олар қазіргі уақытта трактормен жерді жырту арқасында жойылуға жақын тұр. Тіпті болмаса егістіктің жағасына шығарылып тасталады. Осындай жағдайларда Джазагер, Бельтыр, Кош-Агач, Ортолык, Курай тағы да басқа көптеген аудандардың маңынан тас мүсіндер табылып, Сібір мұражайына жеткізілген. Алтайда бір кездері мүсіндердің көпір салу үшін және басқа да шаруашылық құрылыстарына пайдаланылғаны белгілі. Белгілі археолог С.В. Киселев зерттеген Тете және Таджилу шатқалындағы жыртылған жерлердегі тас мүсіндер әлі күнге дейін қараусыз және қорғаусыз жатыр. Қазіргі уақытта ерте түрктік тас мүсіндер Таулы Алтай, Бийск, Барнаул, Новосибирск және Томск қалаларында қойылған. Аютыдан табылған өте тамаша орындалған мүсін 1964 жылы Санкт-Петербургқа әкелінген. Ертеректе ол Мемлекеттік Эрмитаждың Шығыс бөлімінің кіреберісінде тұрған. Кейін тас мүсін Санкт-Петербург маңындағы мұражайдың қоймасына әкелінген. Бүгінде тас мүсіндердің аз ғана бөлігі табиғи ландшафты антропогендік ықпалдың нәтижесінде өзгеріске аз ұшыраған Ресейлік Алтайдың шатқалдарында орналасқан. Ресейлік Алтай территориясының экологиялық проблемаларына қарағанда, Алтайдың моңғолдық бөлігінде табиғи және мәдени-тарихи мұраны сақтау іс-шаралары әлдеқайда жақсы дамыған. Бірақ мұнда, тіпті ұлттық биосфералық Тавын-Богдо-Ола қорығының зонасы шеңберінің өзінде тұяқты және жүндес аңдардың аулануына жол берілген. Мұнымен қоса барлық қыратты жерлердегі ормандар шабылуда, ал Хурган-Нуур және Хотон-Нуур көлдерінің арнайы таңдалған жерлерінде жазғы маусымда үш жүзден аса қазақ жанұялары мекен етеді. Шаруашылық жұмыстарының нәтижесінде кейбір археологиялық ескерткіштер зардап шеккен. Бұның барлығына далалық археологиялық зерттеу жұмыстарының барысында көз жеткізіп, Моңғолияның шалғайда орналасқан аудандарының бірде-бірінде табиғи-мәдени және тарихи мұраны сақтауға байланысты жүргізілетін іс-шаралардың жетіспейтіндігі аңғарылған. Бүгінде Моңғолияда қалыптасқан жағдай Алтайдағы табиғи ресурстарды ресейліктердің тәжірибе жинақтау үшін «игеріп», нәтижесінде табиғаттың үлкен өзгеріске ұшырағандығын, сонымен бірге тамаша археологиялық және тарихи нысандардың жойылғандығын еске түсірген. Алтайдың монументальді ескерткіштерін әлі де болса шынайы, табиғи жағдайда бақылауға болады. Онгудай ауданының Иня селосы мен Ачик шатқалындағы алғашқы орнынан ауыстырылған тас мүсіндердің негізі бетоннан жасалған тұғыр-тастарға бекітілген. Осындай жаңа бастамаға ауысқан көрші Тува Республикасының тұрғындары да мүсіндерді сыртқа алып кетуден сақтап қалуға тырысқан. Бірақ та, көне монументтердің жақсы байқалатын жерлері мен тіпті жолы қиын жерлерде орналасқан мүсіндерді көруге, әртараптан келетін туристерге арналып автомобиль жолдары салынған. Осылайша Алтайдың қытайлық бөлігіндегі Канас көліндегі туризм қоршаған орта мен тарихи жерлердің сақталуына кері әсерін тигізген. Кейбір деректер бойынша бұл қорықты көлдің ауданына жылына 100000 турист келетін болған. Көлдің айналасындағы тамаша экожүйені сақтау үшін барлық туристік құрылыстар қорықты зонаның шекарасынан тыс орналастырылған.

Мәселенің барлығы адамдардың білім деңгейінің төмендігі мен өз өлкесінің ертедегі тарихын білмеуінде. Дегенмен, қазіргі уақытта алтай халқы өз тарихының түп тамыры мен өзіндік мәдениетін және көптеген ертедегі баға жетпес ескерткіштерін жете түсінуімен бақыланған. Бірақ, кейде сырттан келген қонақтардың, әсіресе шетелдік туристердің алдында өз Отанының даңқын шығаруда көрінетін шын тілектерінің кемтар тұстары да байқалмай қоймайды. Мысалы, осыдан бірнеше жыл бұрын Чу жолының маңында Кор-Кечу ауданынан кенеттен «ертетүрк тас мүсінінің» жаңа бір түрі табылған. Купчиген ауылынан табылған белгісіз «шебердің» қолынан жасалған бұл жасанды мүсінді егер үш мың жылдан бері бұзылмаған күйде болғанда әзілдеп түсінуге болатын деседі. Мұнан өзге жасанды мүсіннің фотосы Франция және Бельгия баспагерлерінің қаржыландыруымен 8 мың дана болып шыққан Алтай өңірінің жол көрсеткіш кітапшасының бірінші бетіне түскен. Аталмыш туристік анықтамалық кітапшаны шығару барысында бірде-бір археолог немесе тарихшы мамандардың қатыспағандығын айта кеткен жөн. Алтай бойынша анықтамалық кітапшадағы мақалалар Ресейлік және Алтайлық ғалымдардың мақалаларынан көшіріліп алынған. Ежелгі мәдени ескерткіштерге деген қарым-қатынас тарих ғылымын қорлау және Алтай Республикасы халқының арасында ағартушылық бойынша жүргізген жұмыстарды жоққа шығарады. Алтайлық монументалды ескерткіштердің сақталу мәселелерінің шешімі өз кезегінде ғылыми материалдар секілді жарияланымдардан, сонымен қатар жергілікті мерзімдік басылымдардағы ғылыми-танымдық мақалалардан көрінген. Олар Алтайдың тарихи-мәдени мұрасын сақтауды іске асыруға және кеңінен танытуға күмәнсіз қызмет етеді.

Бөлісу: