"Алпамыс мектепке барады"

1 Қыркүйек 2015, 09:28

Бұл фильм Абдолла Қарсақбаевтың соңғы туындысы болатын.

Бізде мектеп тақырыбында, ағартуышылық бағытта түсірілген фильмдер өте аз. Жыл сайын «Білім күнінде» Абдолла Қарсақбаев түсірген «Алты жасар Алпамыс» фильмін көріп, балалар мектеп табалдырығын аттамас бұрын бір қанаттанып алады. Естеріңізге сала кетейік, бұл фильм Абдолла Қарсақбаевтың соңғы туындысы болатын.

«Алты жасар Алпамыс» немесе «Алпамыс мектепке барады»

1976 жлы түсірілген

Режиссер: Абдолла Қарсақбаев

Кеңес заманындағы тәлім-тәрбие, білім және оқу, қарапайым ауыл өмірі мен баланың оқуға деген құштарлығы бұл фильмде керемет бейнеленген. Фильмнің жарық көргеніне 40 жылға жуық уақыт толса да, әлі де маңызын жойған жоқ. Өйткені, жылына Алпамыс сияқты мыңдаған бала мектепке барады. 1977 жылы Рига қаласында өткен Бүкілодақтық кинофествиальде «Алты жасар Алпамыс» фильмі бас жүлдені жеңіп алды.

«Алты жасар Алпамыс» фильмінің сценарийіне белгілі кинорежиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қанымбек Қасымбековтің басынан өткен жағдайлар арқау болған. Бір естелігінде режиссер: «Бұл фильм менің біртұтас өмірім. Мен әкемнің алпысқа келген шағында дүниеге келген, ерке болып өскен баласымын. Беске толғанымда ауыл балалары «мектепте оқып жүрміз» деп бір жаққа барып келетін. Оларды қашан келеді екен деп мен зерігемін. Қас-қабағымдағы мұңды көрген әкем жалғыз болып жүргенімді көріп, маған да мектепке баруға рұқсат етеді,» – деген еді.

Қысқаша сюжеті

Кішкентай Алпамыс пен Қалихан бір ауылдың балалары, екеуі дос. Жасы жетіге келген Қалихан жаңа оқу жылы басталғанда мектепке барады, ал алты жастағы Алпамыс қалып қояды. Досының оқитынына қатты қызыққан оның бар арманы мектепке бару. Мектеп терезесінің алдына келіп, мұғалімнің іс-әрекетін бақылап, өтіп жатқан сабақты түсінуге тырысады. Ал досы Қалиханның сабаққа аса құлшынысы болмайды. Бірақ, ол досының алғырлығын алға тартып, оның мектепке баруына көмектеседі. Екі достың тілегі қабыл болып, алты жасар Алпамыс 1-сыныпқа қабылданады.

Кейіпкерлер

Басты кейіпкер Алпамыс рөлін бес жасар Ермек Төлепбаев сомдады. Ол ертеректе Тұраш Ыбыраевтың «Ақ автомобиль» атты қысқаметражды фильміне түскен. «Алты жасар Алпамыс» фильмінен кейін Ермек Төлепбаев бірқатар фильмдерден бой көрсетті. Есейе келе, ол өз басқа мамандықты таңдаған. Бұл күнде ол жеке кәсіпкерлікпен айналысады.

Екінші басты кейіпкер Қалихан бейнесін Ұлан Сарбасов сомдады. Сотқар баланың рөліне актер табу қиынға соққан. Абдолла Қарсақбаев футбол алаңында доп қуып, өрелі мінезі бар Ұлан Сарбасовты байқап қалып, оны киноға түсуге шақырады. Бір сөзбен айтқанда, Ұлан фильмде өзін-өзі сомдады. Өкінішке орай, Ұлан Сарбасов өмірден ерте кетті. Жұлдызы жарқыраған бозбала шағында ол белгісіз себептермен қайтыс болған екен.


Әзірлеген – Досжан Мейірім.

Бөлісу: