Қырғызстанның Первомай аудандық соты бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевты криминалдық авторитет Азиз Батукаевты заңсыз босату ісі бойынша сырттай кінәлі деп таныды. Алайда іс мерзімі өтіп кеткендіктен, оған жаза тағайындалмады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Батукаев ісі бойынша үкім шықты. Атамбаев кінәлі деп танылды, бірақ іс мерзімі өтіп кеткендіктен, жаза тағайындалмады, – деді адвокат.
Алмазбек Атамбаев Қырғызстан президенті қызметін 2011 жылдан 2017 жылға дейін атқарды. Ол билікті Сооронбай Жээнбековке тапсырғаннан кейін, араларындағы қарым-қатынас шиеленісіп, Атамбаев оппозиция қатарына өтті. 2019 жылы экс-президенттен депутаттық иммунитет алынып, бірқатар қылмыстық істер қозғалды, соның ішінде Батукаевты заңсыз босату ісі де бар.
2019 жылдың 7 тамызында Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы жасағы Атамбаевты тергеуге жеткізу үшін оның Қой-Таштағы резиденциясына шабуыл жасаған. Алайда экс-президенттің жақтастары қарсылық көрсетіп, бір арнайы жасақ қызметкері қаза тапты, алтауы кепілге алынды. Келесі күні күштік құрылымдар екінші операцияны сәтті өткізіп, Атамбаевты ұстады. Қақтығыстар кезінде 136 адам жарақат алған, ал жақтастары тәртіп сақшыларына тас лақтырып, өрт шығарған.
2020 жылдың маусым айында Атамбаев Батукаевты заңсыз босатқаны үшін 11 жыл 2 айға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік наградаларынан айырылған болатын. Алайда 2023 жылдың 13 ақпанында Қырғызстан Жоғарғы соты жаңа ашылған мән-жайларға байланысты үкімді жойып, келесі күні Атамбаевқа шетелге шығуға рұқсат берілді.