Алматылық студент инновациялық жобасы үшін 4 миллион теңге ұтып алды

3 Сәуір 2023, 13:56 5290

Алматылық студент Жігер Ғалымбекұлы «Tech Startup-2022» инновациялық идеялар мен жобалар байқауының нәтижесі бойынша өзі ашқан жаңалығын жүзеге асыру үшін 4 000 000 теңге ұтып алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстандағы ғылымды қалай көтереміз. Ел ғылымының келешегі - жастар дейміз. Жастарды ғылымға қалай қызықтыруға болады? Бүгінгі таңда қоғамды толғандыратын мәселенің бірі осы ел ғылымының жай-күйі. Себебі еліміздің үштен бір бөлігін құрайтын білімді жастар келешек қоғамның жарқын болашағын қалыптастыратын стратегиялық мақсаттарды жүзеге асырушысы екені мәлім. Сонымен қатар, отандық ғылымның дамуына айтарлықтай үлес қосып жүрген жастардың қатары күн санап артып келе жатқаны қуанарлық жағдай.

Сондай дарынды жастардың бірі Satbayev University-нің «Биомедициналық инженерия» мамандығының 3 курс студенті Жігер Ғалымбекұлы. Ол «Көзілдірік оптикасына беріктік қабатын жағуға арналған робототехникалық кешен» атты жаңа жобаны ойлап тапты.

Жігер өзінің өнертабысын нарыққа шығару үшін стартап ашып, «Tech Startup-2022» инновациялық идеялар мен жобалар байқауына қатысып, ашқан жаңалығын жүзеге асыру үшін 4 000 000 теңге ұтып алды.

Жігер өз жобасының маңыздылығы жөнінде: «Менің жобам еліміздегі ең ірі көзілдірік шығаратын зауыттың жұмысын жеңілдетуге арналады. Біздің елімізде көзілдірікке арналған линзалар шығаратын зауыт Алматыда ғана бар. Көптеген тұтынушылар көзілдірікке тапсырыс берген кезде, линза тек қашықтан көруді жақсартуға арналған деп ойлайды. Негізі сапалы көзілдірік алыстан не жақын қашықтықтан қиналмай көруге көмектесіп қана қоймай, көздің көру қабілетін қалпына келтіруі керек» - дейді, жас өнертапқыш.

Алматыға көзілдірік линзалары Еуропа елдерінен жеткізіледі. Қазір бізде ең алдымен көру қабілетін тексереді, соған лайықтап линзаны дайындап, корпусын жасайды. Алайда көзілдірік линзасы уақыт өте келе өзінің қасиеттерін жоғалта бастайды. Көзілдірік күнделікті қолданыста болғандықтан оған көптеген сыртқы факторлар әсер етеді. Мысалы, жауын кезінде булану немесе ультракүлгін сәулелерді шамадан тыс қабылдау сынды әсерлер. Сонымен қатар көзілдіріктің әйнегі сырылып кетуі мүмкін, салдарынан линза мөлдірлігін жоғалтады. Соның әсерінен оны таққан адамның көзі әлсіреп, тез шаршайды. Осылайша көздің көру қабілеті одан сайын нашарлай түседі.

«Бұл кемшіліктердің алдын алып, көзілдірік адамға жағымды әсер ету үшін линзаның бетіне бірнеше қорғаныш қабаты жағылуы қажет. Олар беріктік, жарықтандырғыш, ультракүлгін сәулелерден қорғаныш, тағы да басқа қабаттар. Бұл қорғаныш қабаттар лак түрінде болады. Біздің негізгі құрылғы осы қабаттарды жағуға арналған. Ондай аспаптар үлкен зауыттарда ғана бар. Біздің құрылғыдағы ең қарапайым әдіс линзаны ваннаға батыру арқылы қажетті қабаттарды жағу. Яғни бұның экономикалық және әлеуметтік жағынан тиімді тұсы көп», - дейді жоба авторы Жігер Ғалымбекұлы.

Жігер сынды өнертапқыш студенттердің осылай «жүзден жүйрік» шығып, жүлде алуына дәнекер болып жүрген Автоматика және ақпараттық технологиялар институты «Робототехника және автоматиканың техникалық құралдары» кафедрасының меңгерушісі, профессор Қасымбек Әділбекұлы Өжікенов мынадай пікірімен бөлісті:

 «Жігер университет табалдырығында жүріп-ақ әртүрлі CAD бағдарламалық пакеттерін, бағдарламалау тілдерін меңгеру арқасында отандық өндірістің негізгі мәселесін шеше алатын робототехникалық кешен (РТК) құрастыруды қолға алды. Аталған РТК технологиялық жағынан ең күрделі болып табылатын өндіріс процесінің соңғы кезеңі көзілдірік линзаларын жабуды жүзеге асырады. Жабындар линзаларды сызаттарға төзімді және берік етеді, қатты желде немесе қолайсыз ауа-райында кристалдай таза көруді қамтамасыз етеді, кірді қайтарады, тітіркендіргіш шағылыстарды азайтады және көлік жүргізу кезінде немесе компьютерде жұмыс істегенде көптеген функционалдық артықшылықтарды қамтамасыз етеді» - деп, шәкіртінің жобасын жоғары бағалады.

«Жастар - еліміздің болашағы» деп бекер айтылмаса керек. Білімді де білікті өнертапқыш жастардың ашқан тың жобалары ел экономикасына, жаһандық жағдайда инновациялық даму көрсеткіштеріне өз пайдасын тигізетіні сөзсіз.

Айта кетейік, таяуда ғана Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР Ұлттық ғылым академиясының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Ол құжаттың мазмұнына келер болсақ, «Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының мәртебесін жоғарылату мақсатында «ҚР Ұлттық ғылым академиясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамын Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «ҚР Ұлттық ғылым академиясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып қайта құрылсын. Академияның президентін ҚР Президенті лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады», - делінген. Яғни енді бұл ұйым Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы болып өзгерді.

Бұл мемлекет тарапынан ел ғылымына деген көзқарастың түбегейлі өзгергенінен хабар береді деуге болады.

Дәурен Мақсұтханұлы
Бөлісу: