Алматылықтардың 13%-ы дауыс беріп үлгерді

5 Маусым 2022, 11:58 1008

Алматыда дауыс беру құқығына ие азаматтардың 13%-ы дауыс берді,- деп хабарлайды El.kz сайты BAQ.KZ- ке сілтеме жасап.

Бұл туралы Алматы қаласы аумақтық референдум комиссиясының төрайымы Жанна Асанова брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, қалада дауыс беру құқығына ие 1 млн 126 854 адам бар, сағат 10.00-дегі жағдай бойынша халықтың 13,9%-ы референдумға өз дауыс беруге келген, бұл 156 707 адам.

Алматыда рефередум барысын 15 шетелдік бақылаушы бақылап отыр. Оның жетеуі ТМД миссиясынан, алтауы дипломатиялық корпустан, екеуі ЕҚЫҰ өкілі. Сондай-ақ 18 жасқа толған 26 968 жас бүгін бірінші рет дауыс береді, - деді ол.

Сонымен қатар ол «Азаттық радиосының» дауыс беру кабинкасына екі адамның бірдей кіргенін әшкерелегеніне қатысты түсінік берді.

№529 сайлау учаскесінде кабинкаға ерлі-зайыпты екі адамның кіргені анықталды. Олар дауыс беруде көзі жөнді көрмегендіктен әйелін көмекке шақырған. Сайлау өткізу жөніндегі заңда егер адам өздігінен дауыс беруге мүмкіншілігі болмаса, учаскедегі адамдардың көмегіне жүгіне алатыны жазылған. Дегенмен, ол адам тізіміне журналист, комиссия мүшесі, бақылаушы кірмейді. Ол келесі кабинкадағы адамды немесе сол жердегі өзге адамдарды көмекке шақыра алады. Бұл тұрғыда ерлі-зайыптылар тарапынан ешқандай заңбұзушылық болған жоқ, - деді Асанова.

Комиссия төрайымы дауыс беру учаскелерінде ешқандай келеңсіздіктер болмағанын айтты. Тек, аккредитация жасамаған ресейлік журналист келгенін, рұқсат құжаты болмағандықтан олар учаскеге жіберілмегінен жеткізді.

Бөлісу: