Алматыдағы жатақханалар оқу жылына дайын ба?

12 Тамыз 2023, 23:29 1352

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматыға жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Сапар барысында оңтүстік астанадағы университеттерге қарасты жатақханалар мен студенттерге берілетін хостелдердің жаңа оқу жылына дайындық барысын тексеріп көрді.

Министрге университет басшылары студенттер үйлерінің жай-күйімен таныстырды. Солардың бірі – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне қарасты 256 орындық №3 жатақхананысы. Бұл студенттер үйінің жалпы аумағы 1 071 шаршы метрді құрайды. Ғимараттағы жиһаздар мен еден төсініштері өткен жылы ауыстырылған. 

Жатақханада білім алушы жастар үшін оқу және демалыс орындары, ас бөлмесі, киім жуатын және жуынатын бөлмелер бар. 

Сонымен қатар ғимарат толық бейнекамералармен жабдықталған. Бүгінгі күні аталған оқу ордасында барлығы 2000 орындық 5 жатақхана оқу жылына дайын.

Сонымен қатар министр студенттерді жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ететін ахуалдық орталықтың жұмысымен танысты. Орталық қызметкерлері тәулік бойы демалыссыз студенттерді жатақханаға орналастыру және қолдау жұмыстарын атқарады.

«Қазіргі таңда жатақхана тапшылығын шешу мақсатында үш бағыт бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Біріншісі – құрылыс бағыты. Студенттер үйін салу үшін субсидиялық нормативтер өзгертілді. Қазір жеке меншік құрылыс компанияларымен белсенді түрде жұмыс істеп жатырмыз. Екінші бағыт – хостелдермен, қонақүйлермен арнайы келісімшартқа отыру. Бүгінде Алматы қаласында 60-қа жуық хостелмен келісімшартқа қол қойылды. Үшінші бағыт бойынша әр университетте ахуалдық орталық құрылып, белсенді жұмыс істеп жатыр», – деді министр.

Сонымен қатар С.Нұрбек университет басшыларына тамыздың 15-не дейін жатақханалардағы жөндеу жұмыстарын сапалы аяқтап, хостелдардағы санитарлық талаптарды тексеруді және әр студенттің қауіпсіздігіне жіті назар аударуды тапсырды.

Берік Арманов
Бөлісу: