Алматы қаласында Медеуде тұтанған отпен күрес кезінде өрт сөндіруші Арслан Құрманбеков мерт болды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Алматы қалалық Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Руслан Иманқұловтың дерегі бойынша өрт сөндіру барысында қайғылы оқиға болған.
8 мамыр күні қызметтік борышын атқару кезінде, Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағындағы тау бөктерінде өрт сөндіруге жұмылдырылған топ құрамында болған Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметінің қызметкері, 7-інші өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіру-құтқарушысы, азаматтық қорғау сержанты Құрманбеков Арслан Жолдасбекұлы жанып жатқан ағаш діңгегінің құлауы салдарынан көз жұмды», - деп жазылған министрлік таратқан мәліметте.
Өрт сөндіруші Арслан Құрманбеков 1994 жылы 23 тамызда Алматы облысында туған. Азаматтық қорғау органдарында 2015 жылдың 14 желтоқсанынан еңбек етіп келді.
Төтенше жағдайлар министрлігі Арслан Жолдасбекұлының туғаны мен жақынына қайғыра көңіл айтады. Оны кәсіби маман ретінде әрдайым еске алатын болады. Арслан жауапты қызметкер, жоғары кәсіби және сауатты маман болды. Ұжымы оны ынта-жігері, адалдығы және мамандығына деген махаббаты үшін бағалады. ТЖМ қаза болған өрт сөндірушінің отбасына жан-жақты көмек пен қолдау көрсететін болады», - делінген министрлік мәліметінде.