14-23 наурыз аралығында Алматыда Наурыз мейрамын мерекелеу аясында 500-ден астам түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Басты оқиғалардың бірі – «Көш. Наурыз –думан» 21 наурызда өтеді. Ат және костюм шеруіне 500-ге жуық адам қатысады. Мерекелік басты концерттер 21 наурызда Астана алаңында және Республика сарайының алдындағы алаңда, сондай-ақ қала аудандарының барлық негізгі алаңдарында ұйымдастырылады.
Сонымен, 10 күн ішінде «Наурызнама» кезеңінде алматылықтар мен мегаполис қонақтары қолөнершілер мен қолданбалы өнердің тақырыптық көрмелеріне, спектакльдер мен концерттерге, шығармашылық шеберлік сыныптары мен поэзия кештеріне, мерекелік қайырымдылық акцияларына, жастар фестивальдеріне, зияткерлік ойындарға, ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстарға және түрлі конкурстарға қатыса алады. Айта кетерлігі, 25 және 50 жыл бұрын отбасын құрған ерлі-зайыптылар арасында «Күміс кереге» және «Алтын шаңырақ» байқауы ұйымдастырылады. Сондай-ақ, медициналық мекемелерде қала тұрғындары үшін скринингтен және профилактикалық тексерулерден өту бойынша акциялар жоспарланған.
Заманауи ұлттық киім тігіншілері «Тұмар» сән апталығына қатысып, көрермендерді қуантпақ. Сондай-ақ сән индустриясының өкілдері Fashion show ұлттық киім конкурсына қатысатын болады. Этнодизайнерлер одағы 17-24 наурыз аралығында Арбатта 100-ге жуық кәсіби шеберлердің қатысуымен қолөнер жәрмеңкесін өткізеді. Экоактивистер, коммуналдық қызмет өкілдері мен белсенді азаматтар ағаш отырғызу, су айдындарын тазарту және аула аумақтарын жинау бойынша акция өткізеді.
Алматының барлық театрларында балаларға да, ересектерге де арналған қойылымдар көрсетіледі. Мысалы, Қуыршақ театры қазақ халық ертегілері негізінде «Қаңбақ шал», «Ұр, тоқпақ!» және «Ер Төстік» қойылымдарын ұсынады, Қазақ мемлекеттік циркі балалар үйлеріне барып бірнеше қайырымдылық қойылымдар өткізеді, ал «Алматы әуендері» әртістері әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында қайырымдылық концерттер ұйымдастырады. Сондай-ақ «Алатау» дәстүрлі өнер театры «Мәмлүк. Сұлтан Бейбарыс» спектаклін қойып, бірқатар қайырымдылық концертін өткізеді, Алматы музейлерінде Ашық есік күні, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайында «Ән жүйрігі Біржан сал» атты театрландырылған музыкалық кеш ұйымдастырады, Мемлекеттік мұрағатта қазақ халқының салт-дәстүрлері: ұзату, бет-ашар, тұсау кесер, атастыру, қала кітапханаларында викторина, кітап жәрмеңкелері және басқа да тақырыптық іс-шаралар өтеді. Сонымен қатар, Алматыда 14-30 наурыз аралығында Nauryz fest жастар фестивалі және 21-23 наурыз аралығында Астана алаңында 10:00-де тоғызқұмалақ, асық ату, бес асық, арқан тарту, қазақ күресі сияқты ұлттық спорт түрлері бойынша спорт фестивалі өтеді.
Наурыз мейрамындағы мерекелік концерттер бірнеше локацияларда өтеді: 21 наурыз күні сағат 11:00-де «НАУРЫЗ – БЕРЕКЕ БАСТАУЫ» мерекелік концерті Астана алаңында өтсе, 21 наурызда сағат 11:00-де Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының аумағында және 21 наурыз күні сағат 12:00-де Абай атындағы алаңда (Республика Сарайының алды), сондай-ақ 21-22 наурызда Астана алаңында сағат 19:00-ден 22:00-ге дейін танымал әртістердің қатысуымен концерттер өтеді. Сонымен қатар, 21-23 наурыз аралығында Арбатта (Панфилов-Жібек жолы көшесі) Наурыз мейрамына арналған ойын-сауық-танымдық бағдарламалар ұйымдастырылады.
Наурыз мейрамын мерекелеу аясында Алматыда жоспарланған мәдени-бұқаралық іс-шаралар мен түрлі конкурстардың тізімі қала әкімдігінің ресми сайтында жарияланған.