Aлматыдағы марафон кезінде екі қатысушы қайтыс болды

Бүгiн, 14:18 171

84 жастағы Аққоян Рсалиев пен 21 жастағы Нұрбол Ахмади. Екеуі де 21,1 шақырымдық қашықтықты бағындырмақ болған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жартылай марафон таңғы уақытта Бірінші Президент саябағынан басталып, Орталық стадионға дейін жалғасқан. Аққоян Рысалиев жүгіру жарыстарына 2021 жылдан бастап белсенді қатысып, бұған дейін Almaty Half Marathon және Almaty Marathon аясында 10 және 21,1 шақырымдық қашықтықтарды сәтті бағындырған. Алайда бұл жолы жарыстың алғашқы шақырымында-ақ, әл-Фараби даңғылы бойында жағдайы күрт нашарлап, есінен танып қалған. Жедел жәрдем бригадасы бір минут ішінде жеткенімен, пульсі болмаған.

Сағат 8:15-те полиция қызметкерлері қатысушының есінен танып құлағанын хабарлады. Жедел жәрдем бірден жетті, бірақ пульсі анықталмады. Реанимациялық шаралар медициналық хаттамаға сай жүргізілді. Алдын ала диагноз — өкпе артериясының тромбоэмболиясы. Бұған дейін артериялық гипертензиямен ауырған, — деді 2/51 жедел жәрдем бригадасының дәрігері Әлібек Қожаназаров.

Ал екінші қайтыс болған азамат — Нұрбол Ахмади — бұған дейін Winter Run 2025 жарысында 10 шақырымдық қашықтықта жүгіріп шыққан. Ол сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында өтетін жартылай марафондарға және Алматы марафонына тіркеліп үлгерген. Бұл жолы ол жарыстың 16-шақырымында есінен танып құлаған. Дәрігерлер дереу көмек көрсеткенімен, ол жедел жәрдем жеткенше көз жұмған.

Біз оқиға орнына сағат 9:18-де жеттік. Артериясында пульс болмады, тыныс алу тоқтаған, қан қысымы нөл. Реанимациялық шаралар хаттамаға сәйкес жүргізілді, бірақ нәтиже болмады. Алдын ала диагноз – өкпе артериясының тромбоэмболиясы және жедел жүрек жеткіліксіздігі, — деді 8/58 бригадасының дәрігері Айгерім Есдәулетова.

Медицина қызметкерлерінің айтуынша, нақты өлім себебі сот-медициналық сараптамадан кейін белгілі болады. Сараптама нәтижесі жақын туыстарына хабарланады.

«Смелость быть первым» корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева қатысушылар қауіпсіздігі ұйымдастырушылардың басты назарында екенін атап өтті.

Жарысқа тіркелу барысында әр қатысушы өз денсаулығына толық жауапкершілік алатынын және спорттық шараға физикалық тұрғыдан дайын екенін растайтын келісімге қол қояды. Бұл — халықаралық деңгейде кеңінен қолданылатын тәжірибе. Almaty Marathon аясында біз жыл бойы қатысушылар үшін ашық жаттығулар мен қауіпсіз жүгіруге арналған тегін дәрістер ұйымдастырып тұрамыз. Жарыс күні әрбір азықтандыру нүктесінде алғашқы көмек көрсетуге қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген медицина қызметкерлері кезекшілік атқарады. Барлық жүгіру маршруттары полиция мен жедел медициналық жәрдем қызметтерімен бірлесе отырып алдын ала мұқият пысықталады, — деді Салтанат Қазыбаева.

Перизат Саденова
Бөлісу: