Алматыдағы десантшылар бөлімінде Ашық есік күні өтті

21 Қазан 2023, 12:31 604

Республика күні қарсаңында 500-ден астам бала мен жасөспірім Десанттық-шабуылдау әскерлерінің Райымбек батыр атындағы әскери бөліміне барды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Десантшыларда алматылық жасөспірімдер, жақын орналасқан әскери бөлімдердегі әскери қызметшілердің балалары қонақта болды. Сонымен бірге шараға Талғар, Қаскелең, Өтеген батыр және басқа да кенттердің балалары да қатысты.

Құрамаға жасалған экскурсия техника мен қару-жарақты, әуе-десанттық техника мұражайын және бөлімнің жауынгерлік жолын таныстырудан басталды. Балалар әуе-десанттық кешенді, казарма мен сарбаз асханасын аралап көрді. Стадионда олар үшін қоян-қолтық ұрыс қимылдары көрсетілді.

Десанттық-шабуылдау әскерлерінің басшылығы әскери бөлімдерге бару туралы өтініштерімізді әрдайым қанағаттандырып келеді. Балаларға техника мен қару-жарақ көрсетіліп, десантшыларды даярлау процесін байқауға, тіпті парашют жүйелерін сынап көруге мүмкіндік беріледі, – деді Алматы қаласы «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының жетекшісі Марат Қанатов.

Экскурсия соңында жасөспірімдер қолбасшылыққа алғыстарын білдірді. Айта кету керек, әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері осы әскери бөлімде жиі қонақ болып тұрады. Олардың көпшілігі мектепті бітіргеннен кейін десанттық-шабуылдау әскерлерінде қызмет етуді қалайды.

Асқар Таудай
Бөлісу: