Вице-премьер Қанат Бозымбаев Алматыда сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ғимараттардың сейсмикалық тұрақтылығын арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев есеп берді. Ол сейсмикалық деңгейі 7-9 балл болатын алаңдарда тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салу кезінде сейсмикалық оқшаулаудың міндетті жүйесін енгізу туралы баяндады. Нормативтік-техникалық құжаттарға тиісті түзетулер дайындалды.
Қанат Бозымбаев халықаралық тәжірибені, оның ішінде жапон тәжірибесін ескере отырып, сейсмикалық қауіпті өңірлердегі нысандарды жобалау кезінде нормаларды қатаңдату жұмыстарын жүргізуді, сондай-ақ аккредиттелген зертханаларды қолдана отырып, құрылыс нормаларының сәйкестігін қадағалауды күшейтуді тапсырды.
Төтенше жағдай туындаған сәтте азаматтарды уақтылы хабардар ету мақсатында Mass Alert жүйесі биылғы 1 маусымға дейін пилоттық режимде енгізілетін болады.
«Mass Alert» арқылы халықты құлақтандыру желіге қосымша жүктеме тудырмайтын және базалық стансалардың антеннасын жабу аймағындағы барлық абонентті бірден және жаппай хабардар етуге мүмкіндік беретін Cell Broadcast технологиясын пайдалана отырып жүргізіледі, — деді Алматы әкімі Ерболат Досаев.
Сондай-ақ, Қанат Бозымбаев жер сілкінісі болған жағдайда халықты ақпараттандыруға, құтқару және эвакуациялық іс-шараларды ұйымдастыруға, жылжымалы далалық госпитальдарды өрістетуге қатысты мемлекеттік органдардың іс-қимыл алгоритмін тыңдады.
Вице-премьер ТЖМ-ге маусымның бірінші онкүндігінде «Жер» республикалық оқу-жаттығуы барысында алгоритмді сынақтан өткізуді тапсырды.
Техниканың дайындығы мен оны басқа өңірлерден жедел тасымалдануына ерекше назар аударылды.
Оқу-жаттығу шеңберінде тартылатын техникалардың жағдайына және оның қойылған міндеттерге сәйкестігін тексеру қажет. Сондай-ақ, төтенше жағдай зардаптарын жоюға жекеменшік ұйымдардың техникасын тарту мәселесін қарастыру қажет, — деп атап өтті вице-премьер.
Кеңес қорытындысы бойынша тиісті ведомстволарға еліміздегі сейсмикалық ахуалға тұрақты мониторинг жүргізу және жер сілкінісі туындаған жағдайда тұрғындардың іс-әрекеттерін пысықтау бойынша оқу-жаттығуларды тұрақты түрде өткізу тапсырылды.