Алматыда заңгер әйелді күйеуімен бірге соққыға жығу ісін прокуратура қарайды

15 Ақпан 2023, 11:01 847

Алматыда заңгер Анна Дмитриевич пен оның күйеуі Олег Черновты соққыға жыққан, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Анна Дмитриевичтің сөзінше, ерлі-зайыпты кешкісін таксиге отырмақ болған. Сол сәтте оларға бір жас жігіт келіп, қыз баланы біреудің аяусыз ұрып жатқанын айтып, көмек сұраған.

«Біз ойланбастан көмекке барып, қызды ұрып жатқан жігітті тоқтатпақ болдық. Қыз бала мені құшақтап, «көмектесіңіз» деп жан ұшыра айқайлап жатты. Сол сәтте әлгі жігіт қызды қойып, бізге қол жұмсай бастады. Күйеуім қатты соққыдан жерге құлады. Ол тұрмақ болған кезде бұзақы оның басынан доп тепкендей тебе бастады. Сондай-ақ күрес тәсілдеріне салып, бірнеше рет лақтырды да»,-деді Анна.

Алматы қалалық Полиция департаменті аталған дерек ҚР ҚК-нің 293-бабы «Бұзақылық» бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелгенін хабарлады.

Қылмыстық іс бойынша алғашқы тергеу әрекеттері жүргізіліп, сараптамалар тағайындалды.

«Күдікті әскери адам болғандықтан, қазір іс материалдарының мән-жайын анықтау үшін қалалық Прокуратураға жіберілді»,-делінген хабарламада.

EL.KZ
Бөлісу: