Алматыда үшем дүниеге келді

22 Қаңтар 2023, 04:33 1280

Сәбилердің әкесі өрт сөндіруші болып жұмыс істейді

Алматылық өрт сөндіруші Еламан Дәуеновтің отбасында үшем дүниеге келді, деп хабарлайды El.kz қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сәбилерге Әмірхан, Әлихан және Аяла есімдері берілген.

Әріптесіне  қолдау көрсету үшін сәбилерді шығарып алу рәсіміне 1-мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі екінші қарауылының жеке құрамы  және өрт сөндіру қызметі басқармасының басшылығы келді.

Жас әке атанған 26 жастағы Еламан Дәуенов Еламан мемлекеттік өртке қарсы қызметте 7 жыл жұмыс атқаруда. Еламан 2022 жылдың 5 қаңтарында  Абай көшесі, 34 мекенжайында отқа оранған көпқабатты үйдегі құтқару жұмыстарына және өртті сөндіруге қатысқан болатын. Сол кезде 1- мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Арман Сәдуақастың басшылығымен өрт сөндірушілер бүлікшілердің  шабуылына тап болды. Алдына қойылған мақсатыннан қайтпай, кейін шегінбей, олар азаматтық киім киіп, өртеніп жатқан үйге кіріп, тұрғындарды жоғарғы қабаттардан эвакуациялап,  өртті сөндірді. Нәтижесінде құтқарушылар1939 жылы туған әйелді құтқарып, ауруханаға  аман-есен  жеткізіп дәрігерлерге табыстады. Сонымен қатар,  бүлікшілерден екі қыз-келіншекті  аман алып қалып, оларды  1-мамандандырылған өрт сөндіру бөліміндегі қауіпсіз жерге орналастырды.

Мен үшемнің  әкесі болатынымды  білгенде, қатты толқыдым. Әйелім екеуміз мұндай жағдай болуы мүмкін деп ойламадық. Әрине, қазіргі уақытта алаңдаушылық сезім бар. Кейбіреулер бір жаңа туған нәрестемен не істерін білмей жатады , ал бізде  бірден үш сәби дүниеге келді, - дейді жас әке.

Еламан Дәуенов қаңтар оқиғаларындағы қызмет барысында көрсеткен қайсарлығы, елдегі төтенше жағдай кезінде  азаматтардың мүлкін қорғап, тұрғындарға көрсеткен қамқорлығы үшін Алматы қаласы әкімінің және қалалық кәсіпкерлер палатасының алғыс хаттарымен марапатталды. 

EL.KZ
Бөлісу: