Алматы полицейлері ұрлық жасаумен айналысқан ерлі-зайыптыны ұстады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Polisia.kz-тің мәліметінше, сотқа дейінгі тергеудің осы кезеңінде 50 және 52 жастағы ерлі-зайыпты азаматтар екі рет бөтеннің мүлкін ұрлағаны анықталды.
Бірінші жағдайда олар Ақсай-2 шағын ауданындағы үйлердің бірінің кіреберісінен велосипед ұрлап кеткен. Жақында тағы да біреудің мүлкін ұрлау дерегі тіркелді. Бұл жолы ерлі-зайыпты бөтен біреудің Macbook-ін ұрлап кетті. Оның үстіне екі ұрлық та бейнекамераға түсіп қалған. Ұсталғандар – Алматы облысының тұрғындары, олар өз кінәларын толық мойындады. Ұсталғандардың жеке басы басқа да ықтимал эпизодтарға қатысы бар-жоғына тексеріліп жатыр, - деді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Ұлан Әбілқайыр.
ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді.
ҚР Конституциясының 77-бабы 3-бөлімі, 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.