Алматыда ҰҚШҰ-ға мүше елдердің Қорғаныс министрлері кеңесінің отырысы өтті

31 Мамыр, 13:22 553

Кеңеске ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер қорғаныс ведомстволарының басшылары, Ұйымның Бас хатшысы және Біріккен штаб бастығы қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Отырысты Қазақстан Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов ашты. 

Отырыстың шағын құрамында ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік аймақтарындағы әскери қауіпсіздікке қатысты сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлер туралы Ұйымның Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов баяндама жасады. 

Тараптар әскери қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты дамытудың басым бағыттары туралы пікір алмасып, өз көзқарастарын білдірді. 

Кеңестің пленарлық отырысында тараптар бірқатар құжаттар қабылдады. Олар ҰҚШҰ-ның ұжымдық күштерін бірлесіп даярлауды жоспарлау, заманауи қару-жарақ үлгілерімен, әскери және арнайы техникамен жабдықтау төңірегінде болды. 

Кездесу соңында Қазақстанның Қорғаныс министрі отырысқа қатысушыларға жемісті және нәтижелі жұмысы үшін ризашылығын білдірді.

Бүгінгі отырыс барысында біз Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік аймақтарындағы сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге жан-жақты талдау жүргіздік. Ұйымға мүше мемлекеттер қорғаныс ведомстволарының өзара іс-әрекетін одан әрі тереңдетуге және оның әскери құрамдас бөлігін дамытуға бағытталған құжаттар қаралып, қол қойылды, – деп түйіндеді генерал-полковник Руслан Жақсылықов.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: